АУДАНДЫҚ КОМИССИЯ ТӨРАҒАЛАРЫМЕН ЖИНАЛЫС ӨТТІ

Жарияланған күні: 27 қаңтар 2025
АУДАНДЫҚ КОМИССИЯ ТӨРАҒАЛАРЫМЕН ЖИНАЛЫС ӨТТІ

              

       БҚО аумақтық сайлау комиссиясында аудандық және Орал қалалық аумақтық сайлау комиссияларының төрағаларымен 2024 жылғы сайлаулардың қорытындылары мен алдағы электоралдық науқандарға әзірлік мәселелеріне арналған жиналыс өтті.

       Басқосуда аудандық және қалалық аумақтық сайлау комиссиялары төрағаларының есептері тыңдалды. Биыл 49 ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізу жоспарланған. Тек шілде айында әкімдердің өкілеттілік мерзімі аяқталған 24 ауылдық округте тиісті сайлау өтеді. Бұл аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының өзара іс-қимылын жоспарлы, электоралдық оқыту жұмыстарын сапалы жүргізуді талап етеді. «Осы мәселені ұдайы басты назарда ұстап, барлық ұйымдастыру жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізу керек» деді БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов. Әсіресе, өз қызметін кәсіби және тұрақты негізде атқаратын комиссия мүшелерінің біліктілігіне назар аударылды.

      Жиналыста сайлау учаскесінде сайлаушылардың санын қатаң есепте ұстау, ішкі миграциялық үрдістердің негізінде тиісті әкімдермен бірге жаңа учаскелерді құру, олардың материалдық-техникалық жағдайларын шешу мәселелері қаралды. Жергілікті атқарушы органдар ұсынған сайлаушылардың тұрғылықты жері бойынша тізімдерін сәйкестендірудің маңыздылығы айтылды. Сайлау үрдісіне қатысушы тараптармен қарым-қатынасты жетілдіру, комиссия жұмыстарының жариялылығын арттыру тақырыптары да көтерілді.

      Ақпан айының бірінші бейсенбісі - дүниежүзілік сайлау күні. Төрағалар атаулы күн аясындағы шараларға әзірлік барысын баяндады. Әділ Жоламанов пен өзге де облыстық комиссия мүшелері өңірде өтетін дөңгелек үстел отырыстар, кездесулер мен жас сайлаушылар форумдар сайлаушылардың әртүрлі топтарымен ашық диалог жүргізіп, айтылған сыни ескертпелер мен ұсыныстарды талдауға, сайлау мәдениетін жетілдіруге арналуы қажеттігін ескертті.

     Жиналыста Орал қалалық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Мұхтар Давлетжановтың комиссияның интерактивті картасын жасақтау туралы хабарламасы тыңдалды.