САЙЛАУ МӘДЕНИЕТІН АРТТЫРУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жарияланған күні: 17 қаңтар 2025
САЙЛАУ МӘДЕНИЕТІН АРТТЫРУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ


Бүгін БҚО аумақтық сайлау комиссиясы аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйым жетекшілерінің қатысуымен «Сайлау мәдениетін арттырудың өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов көрсетілген тақырып аясында еркін ой-пікір білдіруді ұсынды. «Сара жол» Республикалық Саяси Қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алпамыс Бектұрғанов қоғамдық ұйымдар белсенді болса сайлауға деген ықылас та артады деп есептейді. «Жария» тәуелсіз байқаушыларының Батыс Қазақстандық қозғалысы» жергілікті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бекнұр Сражанов ауыл әкіміне кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптарын жеңілдетуді, оларға мемлекеттік тілді еркін білу талаптарын міндеттеуді ұсынды. «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы» Республикалық қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының жетекшісі Асхат Өкшебаевты кейбір сайлаушылардың конституциялық құқығын пайдаланудағы енжарлығы мазалайды.
Дөңгелек үстел басында орта және орта арнаулы оқу орындарының Парламент пен Президент сайлауларын, тақырыптық сынып сағаттарын жүйелі өткізу арқылы жас буынды тәрбиелеу жәйі де айтылды. Азаматтық қоғам өкілдері қоғамдық ұйымдардың аккредиттеу мерзімдеріне де қатысты ұсыныстарын берді. Сайлау жүйесін жетілдіруге, электоралдық мәдениетті арттыруға қатысты тиімді ұсыныстар жоғары тұрған комиссияға ұсынылмақ.
БҚО аумақтық комиссия мүшелері де талқыға ұсынылған мәселеге қатысты түсініктер берді. Комиссия маңызды тақырыпты талқылауды түрлі деңгейде жоспарлы жалғастыратын болады.