МАҢЫЗДЫ ШАРАҒА ДАЙЫНДЫҚ
8 желтоқсанда, яғни осы жексенбіде Бәйтерек аудандық мәслихатының №2 сайлау округі бойынша шығып қалған депутаттың орнына сайлау өтеді. Бұл сайлау округі құрамында Егіндібұлақ, Зеленый, Атамекен, Калинин ауылдары бар. Осы ауылдарда құрылған 4 учаскелік сайлау комиссиясы мүшелері маңызды науқанды әзірлеу мен өткізуге дайындықтарын үдете түсті. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы алдымен учаскелік комиссия құрамдарын оқыту семинарына үлкен мән беріп отыр. Сайлауды ұйымдастыру жұмыстары бойынша әдістемелік түсіндіруді мақсат еткен семинарға облыстық АСК төрағасының орынбасары Арман Жиенғалиев пен АСК мүшесі Фархат Хайретдинов қатысты. Семинар барысында олар учаскелік комиссиялармен жүргізілетін жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Бекет Нигметов пен комиссия хатшысы Гүлдана Губашева, комиссия мүшесі Тілеген Дощанов дауыс беруге арналған үй-жайларды жабдықтау, мүгедектігі бар азаматтар үшін жағдай жасау, байқаушылар мен сенім білдірілген өкілдер құқықтары, БАҚ өкілдерімен жұмыс және хаттамалар толтыру тәртібі туралы түсіндірді. Сайлау күні орын алуы мүмкін түрлі жағдайлар барысын саралап, ситуациялық мәселелер бойынша тәжірибе алмасты. Семинар соңында комиссия мүшелері біліктілік тестін тапсырды.
