ТАЛДЫАПАН АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ САЙЛАУҒА ДАЙЫН
БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері Талдыапан ауылдық округі әкімінің сайлауын өткізетін учаскелік сайлау комиссияларының құрамына арналған оқыту семинардың деңгейін бағамдады. Ағымдағы жылдың 1-ші желтоқсанына тағайындалған бұл сайлауда өзін-өзі ұсыну тәртібімен үш кандидат тіркелген. Ал, округтегі сайлауды дайындау мен өткізуге №246, №249, №250, №252 учаскелік комиссияларының 22 мүшесі уақытылы кірісіп кеткен болатын. Күнтізбелік іс-шаралар жүйелі жүруде. Округтегі 689 сайлаушыға жеке шақыру билеттері жеткізіліп, оларды дауыс беру күні, уақыты және орыны жөнінде хабарландыру жұмыс кестесіне сәйкес өрістеп отыр. Комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыру, олардың сайлау процесіне қатысушы тараптармен байланысын жетілдіру маңызды жұмыс бағыты болып қала бермек. «Қоғамның қазіргі талаптарына сай болу – ең маңызды міндет» деген БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов жүктелген міндеттерді сапалы атқаруды тапсырды.
Ауылдық округтегі қоғамдық ұйым мен қауымдастық өкілдерімен кездесуде сайлау жүйесіндегі реформалар, әкім сайлауын тағайындауға негіз болатын факторлар, әкімге қойылатын талаптар кеңінен әңгіме өзегіне айналды. Ауыл белсенділері әкім сайлауына тұрғындардың ықыласы артып отырғанын айтады.