ТЕРЕҢКӨЛ: ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ТАБАНДЫЛЫҚ ЖАЛҒАСУЫ ҚАЖЕТ

Жарияланған күні: 22 қараша 2024
ТЕРЕҢКӨЛ: ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ТАБАНДЫЛЫҚ ЖАЛҒАСУЫ ҚАЖЕТ

 

Казталов ауданының Тереңкөл ауылдық округінде 2022 жылдан бері атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар жоқ. Округ орталығы мен елді мекендерде мемлекеттік бағдарламалар тиімді жұмыс істеуде, іргелі істерді жүзеге асыруда өкілеттілік мерзімі аяқталатын ауыл әкімі Сабыржан Ищановтың да еңбегі ерен. Округ әкімінің жаңа сайлауына үш кандидат түсіп, тереңкөлдіктердің сеніміне ие болу мақсатында үгіт жұмыстарын ширата түскен. «Сондықтан бізге сайланатын әкімнің жауапкершілігі мен қарым-қабілеті жоғары болуы керек» дейді жергілікті қауымдастық пен ұйымның белсенділері. БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшелерімен кездесуде олар әкімдер сайлауына қатысты көкейтесті көзқарастарын ортаға салып, жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты ойларымен бөлісті.

   «24 қараша, яғни осы жексенбіде сайлауға қатысатын азаматтарға барлық қолайлы жағдай туғыза отырып, тұрғындар таңдауының әділ де таза өтуіне жеке жауаптысыздар» деді учаскелік сайлау комиссия мүшелерімен семинарды ашқан Әділ Жоламанов. БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері учаскелік комиссия құрамымен тренинг семинарда сайлау заңнамасының талаптарына қатысты сауалдар қойып, дауыс беру күнгі іс-қимыл алгоритмін жетілдірудің мән-жайын сұрады. №228 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Гүлжихан Бупешева Нұрсай ауылы бойынша 401 азаматтың сайлаушылар тізіміне енгізілгенін, жұмыс комиссия мүшелерінің міндет бөлінісіне сәйкес жүріп жатқанын хабарлады. №229 сайлау учаскесіндегі тізімдегі 90 азаматта сайлауға шақыру тапсырылған. Әділ Жоламанов аудандық аумақтық сайлау комиссиясына учаскелік комиссия мүшелерімен ортақ жұмысты сапалы жүргізіп, саяси шараны ұйымшылдықпен өткізуді тапсырды.