ҚАБЫРШАҚТЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ САЙЛАУ ҚАРСАҢЫНДА

Жарияланған күні: 19 қараша 2024
ҚАБЫРШАҚТЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ САЙЛАУ ҚАРСАҢЫНДА

 

24 қараша күні Ақжайық ауданының үш ауылдық округінде әкім сайлауы өтеді. Маңызды шара қарсаңында аудандық аумақтық сайлау комиссиясы учаскелік комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинарларын ұйымдастыруда. Қабыршақты ауылдық округінде өткен кезекті семинарға БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов және комиссия мүшелері Асыланбек Губашев, Фархад Хайретдиновтер арнайы қатысып, оқыту деңгейін бағамдады. Бүгінде округте 901 адам тұрса, 499 адам сайлаушылар тізіміне енгізілген. Өзін-өзі ұсыну тәртібімен додаға түскен 3 кандидат үгіт жұмыстарын жүргізуде, олардың арасында сайлауалды пікірсайыс өткізілді.

«Ендігі міндет – учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері дауыс беру күнгі іс-қимыл алгоритмін жетілдіру» деді Әділ Жоламанов семинар барысында.

Аудандық аумақтық сайлау комиссия төрағасының орынбасары Светлана Стармаусова мен комиссия мүшесі Ізбасар Даутов әріптестермен бірге дауыс беру күнгі кейстерді талдап, қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берді.

БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы ауыл қауымдастығы және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен де кездесті. Сындарлы бағытта өрбіген пікір алмасуда сайлау жүйесіндегі жаңашылдықтар мен өзін-өзі басқаруды жетілдіру тақырыптары қаузалды. Мазмұнды шара ауылдың болашағына деген жауапкершілік округ әкімі сайлауына тұрғындардың белсенді қатысуынан басталады деген ортақ оймен түйінделді.