САЙЛАУ – ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН ТИІМДІЛІКТІҢ АЛҒЫШАРТЫ

Дата публикации: 19 ноября 2024
САЙЛАУ – ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН ТИІМДІЛІКТІҢ АЛҒЫШАРТЫ

 

БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері ауылдық округтердегі жергілікті қауымдастық өкілдерімен кездесулерін жалғастыруда. Дөңгелек үстел форматындағы кезекті кездесу Жаңақала ауданы, Қызылоба ауылында өтті. Облыстық комиссия төрағасы Әділ Жоламанов пен аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жанболат Бақтыгереев елдегі сайлау органдарының қызметі, жүйесі, комиссиялардың өкілеттіліктері мен міндеттері туралы кеңінен әңгімелеп берді.

Сонымен қатар сайлау және сайлану құқығын еркін жүзеге асыруды дамыту бағытындағы заңнамалық өзгерістер мен Орталық сайлау комиссиясының жаңа бастамалары жөнінде мағлұмат берілді. Ауылдың белсенді азаматтары алдағы округ әкімін сайлаудың барысынан бастап құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы, сайлаушылар тізімін қалыптастыру мен байқаушылар институтының жұмысына дейінгі тақырыптар қызықтырды. «Мұндай диалогтың қос тарапқа да пайдасы мол» деді кездесуді қорытындылаған Әділ Жоламанов.

Одан кейін БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері Қызылоба ауылдық округінің 3 учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің оқыту семинарына қатысты. 24 қарашаға тағайындалған әкім сайлауы қарсаңында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының каскадтық әдіспен өткізген семинарда дауыс беру күнгі іс-қимыл алгоритмі пысықталды. Округте сайлаушылар тізіміне 860 адам енгізілген. «Азаматтарға шақыру жеткізілді, дауыс беруге арналған үй-жайлар маңызды шараға дайын» дейді №129 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Ахметдияр Айтқалиев. Ауылдық округтің 1,5 мың тұрғыны бар. Олар алдағы сайлау мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі мен жауапкершілігін арттырудың маңызды алғышартына айналатынына сенім артып отыр.