КӨШПЕЛІ СЕМИНАР ӨТКІЗІЛДІ

Жарияланған күні: 04 қараша 2024
КӨШПЕЛІ СЕМИНАР ӨТКІЗІЛДІ

 

Оралда ҚР Орталық сайлау комиссиясы «2024 жылғы 8 желтоқсанға тағайындалған мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауды әзірлеу мен өткізудің мәселелері» тақырыбында көшпелі семинар ұйымдастырды. Басқосуға Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров, комиссия мүшелері Сабиля Мустафина мен Шавхат Өтемісовтер арнайы қатысып, оқытуға қатысқандардың деңгейін тексеріп, әртүрлі кейстерге қатысты сарапшылық ой-пікірін ортаға салды. Сондай-ақ, семинар барысын Орталық сайлау комиссиясының электораттық оқытуды ұйымдастыру, сайлау процесін ұйымдастыру, бюджетті жоспарлау және атқару бөлімдерінің басшылары Айгерім Тажиева, Сәуле Қозыбаева, Гүлназ Кембаевалар бағамдап отырды.

«Бұл семинарға Астанадан үлкен құрамның келуі сайлау комиссия мүшелерінің кәсіби дағдыларын арттыруға орталықтың қаншалықты мән беріп отырғанының көрінісі» деген Константин Петров өңірлік әріптестерін ұсынылған тақырыптар төңірегінде белсенді пікір алмасуға шақырды. Сол сәттен бастап оқытуға қатысушылар, яғни облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, сайлау өткізілетін аудандар мен Орал қаласының аумақтық сайлау комиссияларының, округтік сайлау комиссияларының «үштіктері» арасында ұсынылған кейстерді қызу талқылау өрбіді.

Семинарда БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов атап өткендей, өңірде 8 сайлау округінде, яғни 4 аудандық және Орал қалалық мәслихатында депутаттарды сайлау өтеді. Бұл науқанға 1 облыстық, 5 аудандық және қалалық аумақтық комиссия, 8 округтік және 30 учаскелік комиссия тартылған. Сайлау тағайындалған сәттен бастап тиісті аумақтық сайлау комиссияларының күнтізбелік жоспарлары бекітіліп, сайлау науқаны сол жоспарларға сай жүргізілуде. Алайда, комиссия мүшелерін үздіксіз оқыту күн тәртібінен ешқашан түсіп қалмайды.

Жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткен шарада облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері сайлау процесін ұйымдастыру, ақпараттандыру, сайлауалды үгіт және байқаушылармен жұмыс, сайлауды қаржыландыру, қолданыстағы заңнаманы сақтау жөніндегі дайындаған кейстерін жан-жақты талдауға ұсынды. Одан кейін Орталық сайлау комиссиясының дауыс беру күні бойынша кейсі зерделенді.

«Ендігі мақсат – семинарға қатысқандар білген-түйгенін басқа комиссия мүшелеріне каскадтық тәсілмен жеткізіп, оқытуды жалғастырулары қажет» деді оқытуды қорытындылаған Орталық сайлау комиссиясының өкілдері.