ӘРІПТЕСТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Дата публикации: 04 ноября 2024
ӘРІПТЕСТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

 

      Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы өткізілген референдум ел өміріндегі маңызды оқиға болды. Дауыс беруге Жайық өңірі тұрғындарының белсенді қатысуы – олардың елдің дамуына қатысты мәселелерге жауапты және жан-жақты қарайтынын көрсетті. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі, өңірдің кураторы Шавхат Өтемісов атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдумды дайындау мен өткізуге ерекше үлес қосқан  әріптестерге марапаттарды тапсыру барысында осылай деді. Шавхат Әнесұлы облыстағы аумақтық және учаскелік референдум комиссия мүшелері саяси шараны жоғары ұйымдастыру деңгейде жүргізіп, азаматтардың құқықтарын жүзеге асыруға барлық жағдай жасағанын айрықша атап өтті.

   Шара барысында Мұхтар Дәулетжанов, Батима Иманғалиева, Аққаным Оразғалиева, Гүлнұр Ақмурзина, Нұрлан Мақашев, Илан Тналиевалар Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, бір топ әріптестер Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Құрмет Грамотасы және төрағаның Алғыс хатымен марапатталды. Референдумды дайындау мен өткізуге қомақты үлес қосқан өзге де мекеме мен ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де ұмыт қалмай, оларға Орталық сайлау комиссиясы төрағасының Алғыс хаттары табысталды.

  Ал, БҚО аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Арман Жиенғалиевке Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының «Сайлау органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі тапсырылды. Арман Қуанғалиұлы сайлау жүйесінде 20 жылдан астам жемісті жұмыс істеп, электоральды оқыту мәселесін ұдайы жетілдіріп келеді.

  Салтанатты шара барысында БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов да Алғыс хаттарын табыстай тұрып, ортақ міндетті ойдағыдай атқарған әріптестерге шынайы ризашылығын жеткізді.