ӘКІМ САЙЛАУЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ БАҒАМДАЛДЫ
Казталов ауданы Бірік ауылдық округінің әкімін сайлау 4-ші тамызда өтеді. Сондықтан аудандық аумақтық сайлау комиссиясы учаскелік сайлау комиссиясының мүшелерімен бірге сайлауды дайындау және өткізудің күнтізбелік іс-шаралары аясындағы жұмыстарын өрістете түсті. БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері Асыланбек Губашев пен Фархад Хайретдиновтер осы шаралардың барысын бағамдап, дауыс беруге арналған үй-жайдың жағдайын көрді.
Округ бойынша 7 адамнан тұратын бір учаскелік комиссия құрылған. Кандидаттар сайлауалды бағдарламаларын үгіт орындарына іліп, ауыл тұрғындарымен кездесулерін өткізуде. Комиссия төрағасы Ақтоты Кайреденова сайлаушылар тізіміне 647 сайлаушының енгізілгенін, бүгінде оларға шақыру билеттері үлестіріліп, сайлаушыларды дауыс беру күні, уақыты және орыны туралы хабарландыру жүріп жатқанын баяндап берді. Облыстық аумақтық комиссия өкілдері дауыс санауды жүргізу және дауыс беру нәтижелерін анықтау бағытында практикалық дағдыларды жетілдіруді ұсынды. Бұл бағытта оқыту жұмыстары қолға алынған, алдағы уақытта комиссия мүшелерінің қатысуымен қосымша семинар өтеді деп хабарлады аудандық АСК төрағасы Жанболат Темірғалиев.