ТҰҢҒЫШТАР МЕКЕНІНДЕГІ САЙЛАУҒА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?
Өңірде шілде айының 7-ші жаңасында 7 ауылдық округте әкімдер сайлауы өтеді. БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері «тұңғыштар мекенінде» іс-сапарда болып, Темір Масин ауылдық округі әкімінің сайлауына дайындық мәселелеріне зер салды. Мұнда әкім лауазымына 3 адам үміткер. Олар өздерінің үгіт жұмыстарын жүргізіп, тұрғындармен өткен сайлауалды пікірсайысқа қатысты. Бұл округте екі учаскелік сайлау учаскесі бар, сайлаушылар тізіміне 651 тұрғын енгізілген. Дауыс беруге арналған үй-жайлардың жағдайы талапқа сай деп хабарлады Бөкей Ордасы ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бекбол Жұмабекұлы.
Одан соң БҚО АСК мүшелері учаскелік комиссия құрамымен өткізілген оқыту семинар барысын қадағалады. Оқыту барысында сайлау күні дауыс беруді ұйымдастыру мен өткізудің түрлі кейстері талданды. №69 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Альфия Сәрсенова бұл оқытулар саяси шараны іркіліссіз ұйымдастырып, кемшіліксіз өткізуге кепіл болатынына сенімді.
БҚО АСК төрағасы Әділ Жоламанов ауылдық округ тұрғындарымен де кездесіп, елдегі сайлау жүйесінің дамуы туралы әңгімелеп берді. Ол азаматтардың сайлау процесіне белсенді қатысуы қажеттігін айта келіп, бәсекелестіктің ашық әрі әділ өтуі елдің мүддесі үшін қызмет ететінін жеткізді.