КЕҢЕСКЕНДЕ КЕМШІЛІК БОЛМАЙДЫ
БҚО аумақтық сайлау комиссиясы өз қызметін кәсіби және тұрақты негізде атқаратын аудандық және қалалық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, төрағалардың орынбасарлары және хатшыларына арналған семинар кеңес өткізді.
Өңірде жыл басынан бері 8 аудан мен Орал қаласында 13 ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткізілгенін жеткізді. «Салмағы да, сипаты да ерекше шараларды ұдайы талдап,ақыл қосу комиссиялардың жұмысын жетілдіруге үлкен мүмкіндік» деді алқалы мәжілісті ашқан БҚО АСК төрағасы Әділ Жоламанов. Сайлауды ұйымдастырушылардың кәсіби деңгейін арттыру – күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі. Бұл семинар осы бағыттағы іс-шараның бір парасы ғана.
Семинардың бірінші бөлігі өңірдегі танымал ғалымдарының дәрістеріне құрылды. Әсіресе, елдегі саяси жаңғыру және жаһандық және отандық сайлау жүйесіндегі өзгерістер жан-жақты таразы басына тартылды. Саясаттанушы Тұрар Шайхиев қоғамдық-саяси өзгерістерде сайлау жүйесінің орыны ерекше екенін айтып, Әділетті Қазақстан құрудағы саяси-құқықтық мәдениеттің маңызына тоқталды. Тарих ғылымының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев өз сөзін тектілік феноменін талдауға арнады. Оның сөзінше саяси-әлеуметтік көзқарас үнемі жетіліп отырады. Ал, оның қайнар көзі – ұлттық таным мен тарихта жатыр. Сондықтан кез-келген реформа азаматтың жеке жауапкершілігі мен белсенділігіне тікелей тәуелді.
Одан кейін «2024 жылдың бірінші жарты жылдығында өткен сайлаулардың қорытындылары» тақырыбында БҚО аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Арман Жиенғалиев баяндама жасады. Ол аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының арасында өткен сайлау қорытындылары тұрақты талданады деді. Осы талдаулар бойынша әртүрлі деңгейдегі сайлау комиссиялары мүшелерінің тап болған проблемалық мәселелерді жою үшін «кері байланыс» ұйымдастыру керек.
Сайлау процесінің құқықтық негіздері және ауылдық округ әкімдерін сайлау кезіндегі сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру бағытында сөйлеген Тасқала аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Динара Баишева практикалық іс-тәжірибесімен бөлісті. Соның ішінде аудандық әкімдік сайтындағы сайлау бөлімін жетілдіру бағытындағы жоба таныстырылды. Енді жергілікті тұрғындар сайлау учаскелерінің шекарасы, олардың орналасқан жері, құрамы, байланыс телефондары туралы барлық ақпаратты үйден шықпай-ақ, аудан әкімдігі сайтынан алатын болады. Семинар барысында осындай жүйені өзге аудандық АСК-лар 1-ші қыркүйекке дейін жасақтап, сайтқа жүктеу жұмыстарын аяқтау қажеттігі айтылды.
Жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдарын қарау тәртібі туралы Сырым аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мейірбек Хасанов мазмұнды ақпарат берді. Комиссия жұмыстарын ұйымдастыру және электронды құжат айналымын жетілдіру тұстарын БҚО аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Жасұлан Нұрғожин жеткізді. Сайлау үрдістерінде тұрғындардың қызығушылығын арттыру тек кандидаттардың, олардың сенім білдірген адамдарының, үгіт жұмыстарының деңгейіне ғана байланысты емес. Аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары қолданыстағы заңнама аясында бұл мәселеге де жете ден қоюы қажет. Семинар-кеңес барысында түскен барлық ұсыныстар қаралып, аудандық және қалалық аумақтық сайлау комиссияларына тиісті нұсқаулар берілетін болды.