ЖАСАМПАЗ ҚАУЫМҒА ҚҰРМЕТ ЗОР
«Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарының жұртшылыққа ықпалы артып, оның сөзі өтімді, өзі беделді бола бастағаны қазіргі заманның заңдылығы. Өйткені, қоғамда тұрақтылық орнап, береке-бірлік үстемдік құрып, мемлекеттік һәм ұлттық құндылықтардың бағалы болуы осы сала өкілдерінің ұстанымы мен бағытына тікелей байланысты» деді өңірдегі республикалық және жергілікті БАҚ өкілдерімен бейресми кездесуді ашқан БҚО АСК төрағасы Әділ Жоламанов. Кәсіби мереке қарсаңындағы келелі кездесу екі жаққа да пайдалы болды.
Өңірлік БАҚ өкілдері елдегі сайлау тақырыбын да ұмыт қалдырған емес. Тілшілер қауымы түрлі деңгейдегі сайлауларды кәсіби деңгейде қамтып, электоралдық мәдениеттің қалыптасуына лайықты үлес қосып, тиісті ақпаратты оқырмандарға, көрермен мен тыңдармандарға қалтқысыз жеткізіп келеді. «Қазақпарат» агенттігінің меншікті тілшісі Ғайсағали Сейтақ, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінің меншікті тілшілері Қазбек Қабжанов пен Наталия Портнягиналар жүйедегі түбегейлі реформалар туралы ой-пікірлерін білдірді. Республикалық және өңірлік телеарналардың өкілдері Ерденбек Жылқыайдарұлы, Гүлмира Тілеубаева, Рустам Машариповтер ауыл әкімдерінің сайлауына қатысты ұсыныстарын айтты. Облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің бас редакторлары Бауыржан Ғұбайдуллин мен Тоқтар Кенжеғалиевтер өз басылымдарында сайлау тақырыбының қалай жарық көріп отырғанын әңгімелеп берді. Облыстық газеттермен қатар 12 аудандық газеттерді біріктіретін «Жайықпресс» ЖШС-пен сайлау комиссиясы арасындағы әріптестік қарым-қатынас туралы Нұрлыбек Рахманов айта келіп, жүйені ақпараттандыру мүмкіндіктеріне қатысты көзқарасын білдірді. Кездесу соңында Әділ Жоламанов дәуірдің тынысын сезіп, болашағын бедерлей білетін жандардың жанқиярлық және жасампаздық еңбегіне әріптестерінің ризашылығын жеткізіп, кәсіби мерекемен құттықтау хаттарды тапсырды. БҚО АСК құрамы барлық БАҚ өкілдерін төл мерекемен құттықтап, зор шығармашылық шабыт пен толағай табыс тілейді!
