ҚАРАТӨБЕДЕГІ КЕЗДЕСУ
Бүгін, 24 маусым күні БҚО аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Әділ Жоламанов, комиссия хатшысы Жасұлан Нұрғожиндер Қаратөбе ауданында іссапарда болды. Аудандық кітапхана залында БҚО АСК мүшелері қоғамдық ұйымдар, ауыл ақсақалдары, белсенді ауыл тұрғындары, жастар және БАҚ өкілдері, сайлау комиссиялары төрағаларымен кездесті.
Дөңгелек үстел барысында Әділ Тауфикұлы сайлау жүйесіндегі өзгерістер мен толықтырулар, сайлау науқандарын ұйымдастыру мен өткізу, байқаушы ретінде аккредиттелген ұйымдармен іскерлік қарым-қатынас, электоралды тәрбие мәселелері турасында еркін пікір алмасуға шақырды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан Қыдырашев, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Меңдешов, ауыл ақсақалы Бейбіт Сағынғалиевтер өз ұсыныс- пікірлерін жеткізіп, еліміздегі сайлау жүйесіндегі жаңашылдық пен оң өзгерістерді қолдайтындарын айтты. Жергілікті қоғамның көшбасшылары ауданның екі ауылдық округіндегі саяси науқанның жоғары деңгейде өтуіне тілектестіктерін білдірді.
Дөңгелек үстелден кейін облыстық комиссия мүшелері Қаратөбе ауылдық округі аумағындағы сайлау учаскелерінде болып, учаскелердің маңызды науқанға дайындығымен танысты. Әділ Жоламанов 7 шілдеге тағайындалған Қаратөбе ауданының Аққозы, Қаратөбе ауылдық округтері әкімінің сайлауын қолданыстағы заңдылыққа сай өткізуді тапсырып, комиссия қызметтеріндегі ашықтық пен жариялылыққа ерекше назар аудару керектігін айтты.
Бүгінде сайлау өтетін округтердегі 7 сайлау учаскесі толықтай материалдық-техникалық жағынан жабдықталған. Сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі күнтізбелік жоспарға сай жүйелі жұмыс жүруде.
