ДӘЙЕКТІ ДЕ НЕГІЗДІ ЖАУАП БЕРІЛУІ КЕРЕК
БҚО аумақтық сайлау комиссиясы сот, құқық қорғау, уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды жетілдіріп, комиссия мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыру шараларын жалғастыруда.
Кезекті семинар «ҚР-дағы әкімшілік рәсімдік - процестік кодекс аясында жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қараудың жаңа тәртібі» тақырыбына арналып, оған zoom режимінде аудандық және қалалық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, төрағалардың орынбасарлары мен хатшылары қатысты. Дөңгелек үстел форматындағы кеңесті ашқан БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов өңірлік сайлау жүйесінің атына түсетін өтініштерді қараудың әкімшілік рәсімдері бірізді болғанымен дәйекті әрі жедел жауап беру күн тәртібінен түспейтінін айтып өтті. Аталған мәселе жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтары, мүдделерін қорғауда маңызды фактор болып қала бермек. БҚО Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Алтынай Давлетова, судья Ерлан Усманов, БҚО әкімі аппараты бірыңғай заң қызметінің бас инспекторы Гүлдана Ғабдуллиналар тиісті заң талаптарының практикада қолданылуын, өтініштерді қарау тәртібін тілге тиек етті.
БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Мағрипа Нигишева және Сырым аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мейірбек Хасановтар ресми құжат айналымы мен «Е-Өтініш» жүйесіндегі нақты жұмыстарға талдау жасап, ҚР әкімшілік - рәсімдік процестік кодексі және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңы талаптарының ерекшеліктерін сөз етті.
Отырыста әріптестерден түскен ұсыныс - пікірлерді мұқият зерттеу қажеттілігі де қозғалды. Өтініштерді қарап, тіркеу, есепке алу, жауап беруде заң талаптарының бұзылуына жол бермеу мақсатында аудандық және қалалық сайлау комиссиялары басшыларына нақты тапсырмалар берілді.