МАҢЫЗДЫ ШАРАҒА ДАЙЫНДЫҚ
БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов 2 маусымға тағайындалған Ақжайық ауданы, Қарауылтөбе ауылдық округі әкімінің сайлауға әзірлік мәселелерімен танысты. Бүгінгі күнге дейін округті 1402 тұрғын мекен етсе, сайлаушылардың саны 791 адамды құрайды. Округтегі учаскелік сайлау комиссиясы 13 мамырдан бастап жұмысына кірісті. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы учаскелік сайлау комиссияның мүшелеріне электоралдық оқыту курстарын ұйымдастырды. Бұл туралы аудандық АСК төрағасы Ербол Мангуров айтып берді. Оқыту барысында сайлау комиссиясы қызметінің нақты жағдайлары талқыланды, әртүрлі кейстерді модельдеу, дұрыс шешімнің мүмкін жолдарын іздеу дағдылары пысықталды.
Қазір сайлаушылар тізімімен жұмыс жүруде. Әкім лауазымына кандидаттар сайлаушылармен кездесулерін өткізуде, сайлауалды пікірсайыс оздырылды. Әділ Жоламанов дауыс беру күні, сайлаушылардың дауыстарын санау және дауыс беру қорытындыларын белгілеу кезінде жұмыс істеу машықтарын жетілдіруді, сайлау процесіне қатысатын өзге де қатысушылармен өзара іс-қимылға мән беруді тапсырды.