АУДАНДЫҚ КОМИССИЯ ЖҰМЫСЫ ТЫҢДАЛДЫ

Дата публикации: 16 мая 2024
АУДАНДЫҚ КОМИССИЯ ЖҰМЫСЫ ТЫҢДАЛДЫ

 

БҚО АСК ағымдағы ауылдық округ әкімдерін сайлау науқандарының нәтижесін тұрақты талдап келеді. Комиссияның кезекті отырысында Бәйтерек ауданы аумақтық сайлау комиссиясының бірінші тоқсандағы жұмыс есебі және Егіндібұлақ ауылдық округі әкімінің сайлауының қорытындылары тыңдалды. Отырыста аудандық АСК төрағасы Радик Ихласов атқарылған жұмыс барысын кеңінен айтып берді. Учаскелік сайлау комиссияларының сапалық құрамы жан-жақты талданды. Ауданда азаматтардың электоральдық белсенділігін арттыру, сайлау мәдениетін насихаттау жүйелі жолға қойылған. Тек Дүниежүзілік сайлау күні аясында сайлау жүйесіндегі өзгерістерді түсіндіру және жас сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарды қалыптастыру мақсатында қырыққа жуық іс-шара өткізілді. Егіндібұлақ ауылдық округі әкімін сайлау қорытындысы бойынша сайлаушының 77,1% өз таңдауын жасады. Сайлауалды дебатқа тұрғындардың белсенді қатысуы дауыс беру күнгі көрсеткішке әсер етпей қоймады деді Радик Ихласов өз сөзінде.

          Отырыста облыстық комиссия мүшелері аудандық әріптестердің сайлау практикасын жақсартуға бағытталған ұсыныстарын қолдады. Облыстық комиссия төрағасы Әділ Жоламанов сайлаушылар үшін қашанда қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап, барлық айтылған пікірлер мен ұсыныстар жинақталып, мұқият зерделенетінін хабарлады. Биылғы жылдың соңына дейін ауданда өкілеттілігі аяқталатын 4 ауылдық округ әкімдерінің (Құрманғазы, Рубежин, Дариян, Макаров) сайлауын өткізу жоспарланған.