ЖАУАПТЫ НАУҚАНҒА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ

Дата публикации: 05 апреля 2024
ЖАУАПТЫ НАУҚАНҒА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ

Бүгін БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов 7 сәуірге тағайындалған Бәйтерек ауданы Егіндібұлақ ауылдық округі әкімінің сайлауын әзірлеу және өткізуге дайындық барысын тексерді.

Мұнда көктемгі су тасқыны ешбір қиындықсыз өткен. Округтегі Егіндібұлақ және Алмалы елді мекендерінде 323 адам сайлаушылар тізіміне енгізілген. Осы округтегі №163 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Сержан Құспанов негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарының орындалу барысын айтып берді. Ауыл тұрғындары сайлаудың өткізу уақыты және дауыс беру орнын біледі. Комиссия мүшелері үй үйді аралап, сайлаушылар тізімімен жұмыс жүргізді. Биыл ауылдағы 5 жас алғаш рет дауыс береді. «Әкім лауазымынан үміткерлер үгіт жұмыстарын белсенді өткізді, ал сайлауалды пікірсайыс ауылдастарыма кандидаттардың бағдарламаларымен танысып, өз таңдауын жасауға жақсы мүмкіндік берді» дейді Сержан Құспанов. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Радик Ихласов комиссия мүшелеріне оқыту семинары ұйымдастырылып, комиссияның дауыс беру күнгі жұмысының алгоритмі жан-жақты зерделенгенін, тиісті тестілеу өткізілгенін хабарлады. Әділ Тауфикұлы учаскелік комиссия құрамы жаңарғанын айта келіп, оның мүшелерінің барлық іс-әрекеті тек заңға сәйкес өрістеуі керектігін ескертті. Әсіресе, сайлау үрдісіне қатысушы барлық тараптармен қарым-қатынас іскерлік әрі заңнама аясында болуы қажеттігін ерекше тапсырды.