КӨРІСУ КҮНІ – ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ БАСТАУЫ

Дата публикации: 14 марта 2024
КӨРІСУ КҮНІ – ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ БАСТАУЫ

 

Көрісу күні - аға буынның батасын алып, үлкендерге ізет көрсетуден басталады. Осы дәстүрден жаңылмаған БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері бүгін ұзақ жылдар бойы сайлау жүйесінде қызмет еткен жандардың шаңырақтарында болды. Марат  Оразғалиевтің есімі Ақжайық өңіріне жақсы таныс. Келесі жылы сексеннің сеңгіріне шығатын Марат Нұржанұлы ондаған жылдар бойы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы болып жемісті еңбек етті. Әділ Жоламанов ел сыйлаған ақсақалға сайлау жүйесіндегі әріптестердің ыстық ықыласын жеткізіп, саладағы жаңалықтармен бөлісті. Марат Нұржанұлы жаңа жылмен қауышар сәттегі ақ тілегін айтып, жауапты жұмыстың жемісті болуына шынайы ниетін білдірді.

Педагогика саласының ардагері Нәйлә Ғалиева 13 жыл облыстық сайлау комиссиясының хатшысы болды. Ол өңірдің қоғамдық өміріне, жастар тәрбиесіне әлі де белсене араласады.  Нәйлә Қайырболдықызы сәлем бере келген әріптестеріне азаматтардың сайлау және сайлану құқығын еркін жүзеге асыруға бағытталған соны бастамаларды, әділетті мемлекетті қалыптастырудағы шараларды қолдайтынын білдірді.