САЙЛАУ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ ТАЛДАНДЫ
Бүгін БҚО аумақтық сайлау комиссиясының отырысында 2024 жылдың 3 наурызында өткен ауыл әкімдері сайлауының қорытындылары қаралды. Өңірдегі биылғы алғашқы сайлаулар Шыңғырлау ауданы Ардақ ауылдық округі әкімінің өкілеттігі аяқталуына және Жәнібек ауданы Күйгенкөл ауылдық округі, Тасқала ауданы Амангелді ауылдық округі, Шыңғырлау ауданы Шыңғырлау ауылдық округі әкімдерінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты өткізілгені белгілі.
Отырысты ашқан облыстық комиссия төрағасы Әділ Жоламанов бұдан былай әрбір электоралдық шара қорытындыларын арнайы тыңдау қалыпты дағдыға айналдыруды ұсынды. Төрт ауылдық округте өткен сайлауға барлығы 13 кандидат ұсынылды, оның 3-і «AMANAT» партиясынан, 10-ы өзін-өзі ұсынғандар. Кандидаттардың орта жасы 38,5 жас, ең жас кандидат 28 жаста, жасы үлкені 55-те. Әкім лауазымынан үміттілердің барлығы аудан тұрғындары. Сондықтан олар жергілікті жердің жағдайын, тұрғындардың сұраныстарын бір кісідей біледі деуге болады.
Жәнібек аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жарқын Хаирлиев Күйгенкөл ауылдық округі бойынша сайлаушылар тізіміне 519 тұрғын енгізілсе, солардың ішінен 413 сайлаушы дауыс бергенін, дауыс беру күні арыз-шағым тіркелмегенін айтты. Сондай-ақ, комиссия сайлауалды пікірсайыстан бөлек кандидаттардың сайлаушылармен кездесулерін ұйымдастырған.
Ал, Тасқала аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Динара Баишева учаскелік комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыру мақсатында 5 оқыту - семинары өткізілгенін хабарлады. Оқыту барысында практикалық кейстерге ерекше мән берілген. Әсіресе, құрамы толық жаңарған комиссия мүшелерінің бюллетеньдерді санау алгоритмін жетілдіру, хаттама толтыру тәртібін қалыптастыру машықтары тиімділігін көрсетті. Тасқалалықтардың әріптестерін оқыту тәжірибесі оң бағаланып, басқа да аумақтық комиссияларға үлгі ретінде ұсынылатын болады.
Шыңғырлау аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Қалиев дауыс беруге арналған үй-жайды жабдықтау, сайлау күні учаскелік сайлау комиссияларының жұмыс алгоритмі ұдайы бақылауда болғанын жеткізді.
Әділ Жоламанов «жұмыс жүйелі жүргізілгенде нәтижелі болады» дей келіп, комиссия мүшелерін заңнамаға сәйкес тестілеу нәтижелерін терең зерделеуді, оқыту үрдістерін жаңаша құруды тапсырды. Сондай-ақ, комиссиялар қызметін үйлестіруде ашықтық пен жариялылық басты талап болып қалады. Отырыста көтерілген мәселелер және талдау материалдары бойынша нақты хаттамалық тапсырмалар берілді.