ТӨРАҒАЛАРМЕН КЕҢЕС: ЖҰМЫС САПАСЫ МАҢЫЗДЫ

Жарияланған күні: 27 ақпан 2024
ТӨРАҒАЛАРМЕН КЕҢЕС: ЖҰМЫС САПАСЫ МАҢЫЗДЫ

 

     БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов аудандар және Орал қалалық сайлау комиссиялары төрағаларымен кеңес өткізді. Онда 2023 жылғы сайлау науқандарының қорытындысы тыңдалып, биылғы жылға жоспарланған ауылдық округ әкімдерінің сайлауларын дайындау және өткізу мәселелері қаралды. АСК төрағасы өз сөзінде бірнеше өзекті тақырыпты қозғады. Соның негізгілерінің бірі - жаңадан жасақталған учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің біліктілігін жетілдіру. Әділ Тауфикұлы Тасқала аудандық аумақтық сайлау комиссиясының оқыту курсын ұйымдастырудағы ізденістерін атап өтіп,  сайлауға дайындық кезеңіндегі, дауыс беру күні, дауыстарды санау және дауыс беру нәтижелерін белгілеу кезіндегі сайлау комиссиясының жұмыс дағдыларына ерекше көңіл бөлуді тапсырды. «Комиссия мүшелері өз қызметін заң аясында мүлтіксіз атқарған жағдайда халықтың сайлау үрдістеріне сенімді артады» деген АСК төрағасы қоғам талабының бір орында тұрмайтынын айтты. Демек, Сондай-ақ саяси партиялармен, байқаушылармен, БАҚ өкілдерімен, үкіметтік емес ұйымдармен және сайлау процесінің басқа да қатысушыларымен өзара іс-қимыл дағдыларын қалыптастыруға комиссия төрағалары жеке жауапты екендігін ескертті.

  Кеңесте БҚО АСК мүшелері жұмыс бағыттары бойынша жоспарланған шаралар туралы айтып берді. Жиын соңында аудандар мен Орал қалалық АСК төрағаларының қызметтері туралы хабарламаларын тұрақты тыңдау, сайлаушылар мен сайлау учаскелерінің шекаралары туралы мәліметтердің өзектілігіне ұдайы мониторинг жүргізу, өтініштер мен арыздарды сапалы саралау, сайлау туралы заңнаманы түсіндіруді кеңінен ұйымдастыру т.б. хаттамалық тапсырмалар берілді.