БАЙҚАУШЫЛАРДЫ АККРЕДИТТЕУ ЖАЛҒАСУДА

Жарияланған күні: 21 ақпан 2024
БАЙҚАУШЫЛАРДЫ АККРЕДИТТЕУ ЖАЛҒАСУДА

 

БҚО аумақтық сайлау комиссиясы жарғысында сайлауды байқау қызметі көрсетілген өңірлік қоғамдық бірлестіктер және коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеуді жалғастыруда. Бүгінгі күнге комиссияға 13 қоғамдық бірлестіктен аккредиттеу туралы өтініш келіп түсті. Өтініштер қажетті ақпарат сұрау салу арқылы тиісті органдарға жіберілді. Облыстық комиссия төрағасы Әділ Жоламанов осы кезге дейін қаралып, тіркеуге жататын қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың бір топ өкілдерімен кездесті. Өткен жылы БҚО аумақтық сайлау комиссиясы сайлауды байқауға ниет білдірген 22 қоғамдық бірлестікті тіркеуден өткізді.  Бұл бірлестіктер саяси партиялардың өкілдерімен бірге өткен жылғы барлық сайлауларға қатысты. «Сондықтан дауыс беру барысының әділ де талапқа сәйкес өтуінде байқаушылардың да белсенділігі маңызды» деген АСК төрағасы «Бөкей ордасы ардагерлері», «Нарын жастары», «Казталов ауданының жастар кеңесі», «Сұңқар-Ақсай», «Ақсай-Қамқор», «Намыс» қоғамдық бірлестіктерінің өкілдеріне аккредиттеу куәліктерін тапсырды. Куәлік облыс шегінде Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен реттелетін барлық сайлауға бір жыл ішінде қатысуға мүмкіндік береді. Сөз алған Қуандық Жұмағалиев,  Динара Нұрғалиева, Медет Каресов, Мәлік Мукашевтар сайлау үрдістерін байқаудан азаматтық қоғамның рөлі қаншалықты артқандығын көруге болады деді. Әділ Жоламанов аккредиттеуден өткен ұйымдардың өкілдерін қолданыстағы заң аясында бірлесе әрекет етіп, ел мен ұлт мүддесі жолында шынайы қызмет етуге шақырды.