САЙЛАУ МӘДЕНИЕТІН АРТТЫРУ – БІЗДІҢ МІНДЕТІМІЗ

Жарияланған күні: 26 қаңтар 2024
САЙЛАУ МӘДЕНИЕТІН АРТТЫРУ – БІЗДІҢ МІНДЕТІМІЗ

 

Бүгін Бөкей ордасы ауданына жұмыс сапарымен БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов, комиссия мүшелері Райымбек Нұрекешов пен Фархад Хайретдинов (ауданның кураторы) келді. Облыстық АСК мүшелері алдымен аудандық аумақтық сайлау комиссиясы орналасқан ғимаратта болып, сайлау комиссиясының материалдық базасымен танысты.

Бұдан кейін Әділ Жоламанов жаңадан жасақталған аудандық аумақтық сайлау комиссиясы мүшелерімен кеңес өткізді. Кеңеске аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов қатысты. Жиында сөз алған аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бекбол Жұмабекұлы аудандық аумақтық комиссия құрамын таныстырып, былтыр өткен маңызды саяси шараларға қатысты толық мәлімет берді. Жаңа құрамдағы комиссия мүшелерінің сайлау науқанындағы өтілдері 5-8 жылды құрайды.

БҚО АСК төрағасы жұмыс сапарының мақсаты сайлау комиссияларының материалдық жағдайын білу және комиссиялардың жаңа құрамымен танысу екенін атап өтті. Әділ Жоламанов сайлау комиссияларының жұмысы мейлінше жариялық пен ашықтық негізінде құрып, комиссия мүшелерінің ұйымдастырылған оқытуларға белсенді қатысып, біліктіліктерін жетілдіруін тапсырды. Электоралдық процесс мәдениеті – азаматтық саяси мәдениеттің құрамдас бөлігі. Сондықтан аудандық комиссия алдында тұрғылықты халықпен етене және тығыз байланыс орнату, қоғамдық бірлестіктер және саяси партиялар өкілдерімен сайлау мәдениетін арттыру міндеті тұр.

Бөкей орда ауданы бойынша куратор Фархад Хайретдинов өз сөзінде ауданда өтетін сайлау үрдістеріне қатысты ұсынысын білдірді.