ЕЛ СЕНІМІ ЕҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

Жарияланған күні: 16 қаңтар 2024
ЕЛ СЕНІМІ ЕҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

 

Бүгін БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов Теректі ауданында болып, алқалы мәжіліс өткізді. Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Арсен Бисенғалиев комиссияның жаңа құрамын таныстырып, оларға жүктелген міндеттерді баяндап берді. Биыл учаскелік сайлау комиссияларының құрамдары да айтарлықтай жаңғырды. Аудан бойынша 224 комиссия мүшесінің 144-і жаңадан сайланғандар.  Жиында аудан бойынша ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары және ауылдық округ әкімдерінің сайлауларының қорытындылары талданды. Өткен жылы ауданда 5 ауылдық округ әкімдері сайлауы өтті. Бұл сайлауларда тұрғындардың электоралды белсенділігі әртүрлі. Кейбір ауылда халықтың сайлауға баруының ең жоғарғы көрсеткіші 82,5 пайызды құраса, Подстепное ауылында  сайлаушылардың 25,3 пайызы дауыс беруге қатысты. Әділ Жоламанов учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері  өкілеттіліктеріне сәйкес қызмет етіп, сайлау арқылы халықтың елдегі жаңа үдерістерге ықыласын арттыру қажеттігін айтты. Әсіресе, электоралды кезеңнен тыс уақытта да азаматтық қоғаммен байланысты кеңінен дамытуға көңіл бөлінді. Ақпанның бірінші бейсенбісінде дүниежүзілік сайлау күні атап өтіледі. «Осы күні аумақтық сайлау комиссиясы түрлі шараларды ұйымдастырып, сайлау жүйесіндегі жаңашылдықтарды кеңінен насихаттауы керек» деді облыстық комиссия төрағасы. Сонымен бірге аумақтық комиссияның материалдық-техникалық жарақталуы, биылғы ауыл әкімдерінің сайлауын ұйымдастырудың түйінді мәселелері сөз болды. Өзекті мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар берілді.  Жиынға БҚО аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Арман Жиенғалиев пен облыстық комиссия мүшесі, ауданның кураторы Асыланбек Ғұбашев қатысты.