Туризмді дамыту
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туризм саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес Батыс Қазақстан облысында өңірдің туристік әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру және туристік өнімдерді ілгерілету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
2025 жылдың қорытындысы бойынша облысқа 160 мың турист келді. Оның ішінде 149 мыңы – ішкі туризм, 11 мыңы – кіру туризмі бойынша тіркелді.
Туристік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында Орал қаласында экскурсоводтар мен гидтерге арналған біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылып, оған 24 экскурсовод қатысты. Сонымен қатар, әр ауданның туристік әлеуетін таныту мақсатында «Бір туристік объект» жобасы аясында өңірдің тарихи-мәдени және табиғи нысандары айқындалды.
Өңірде туризмді дамыту мақсатында 2026 жылдың ақпан айында Орал қаласында алғаш рет «Oral Winter Fest – 2026» қысқы фестивалі ұйымдастырылды. Іс-шараға облыс тұрғындары мен қала қонақтарын қоса алғанда 5 мыңға жуық адам қатысып, өңірдің туристік әлеуетін насихаттауға және ішкі туризмді дамытуға ықпал етті.
Сонымен қатар, «Aqjaiyq Fest» туристік фестивалі ұйымдастырылып, аудан әкімдіктері, музейлер және туризм саласындағы кәсіпкерлердің қатысуымен өңірдің туристік мүмкіндіктері таныстырылды. Сондай-ақ «Батыс Қазақстанды таны» фото және бейнероликтер байқауы өткізіліп, өңірдің көрікті жерлерін кеңінен дәріптеуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Облыстың негізгі туристік нысандарының бірі – Шалқар көлі. Көлдің туристік әлеуетін дамыту мақсатында 2026–2029 жылдарға арналған Жол картасы әзірленуде. Жазғы маусымда көл жағалауында 100-ден астам киіз үй орналастырылып, келушілер саны тәулігіне 1 мың адамға дейін жетеді. Теректі ауданы әкімдігімен бірлесіп жағалауда санитарлық-гигиеналық тораптар, киім ауыстыратын орындар, спорт алаңдары, қоқыс жәшіктері және құтқару бекеті орнатылып, «Shalkar Fest» мәдени іс-шаралары тұрақты өткізілуде.
Есепті кезеңде Қазақстан Республикасы Президентінің туризмді дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуына жүргізілген мониторинг нәтижесінде туристік инфрақұрылымды жетілдіру, жол сапасын жақсарту, сервистік қызмет көрсету деңгейін көтеру, туристік ақпараттық орталық құру және салалық кадрлармен қамтамасыз ету бағытында бірқатар міндеттер айқындалды.
Сонымен қатар, Бәйтерек ауданында шетелдік туристерге арналған ойын-сауық кешенін іске асыру бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі «AgroFest» және «Жайық сазы» фестивальдерін 2026 жылғы республикалық оқиғалық іс-шаралар күнтізбесіне енгізді. Осыған байланысты аталған фестивальдерді жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп, іс-шараларды сапалы ұйымдастыруға бағытталған тиісті шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.