Сейсенбі күні облыстық полиция департаментінде облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов төрағалық етті.
Комиссия отырысында балалардың құқығын қорғаудағы өзекті мәселелер талқыланды. «Күн тәртібіндегі келелі мәселелер өскелең ұрпақтың өмір сапасын арттыру стратегиясымен тікелей байланысты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Балаларға ерекше назар аудару керек екенін айтты. Сонымен бірге балалық шақты қорғау мақсатында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру саласында шаралар қабылдау бойынша нақты нұсқаулар берді. Біз, барлық өкілетті құрылымдар, осы бағытта жоспарлы, нәтижелі жұмыстануымыз керек», – деп атап өтті Б. Хаберұлы.
Отырыс барысында балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, «медициналық-әлеуметтік есепке алуды» жүргізу мәселелері талқыланды. Әлеуметтік тұрғыда осал отбасылар мен оларда тәрбиеленіп жатқан балаларды қолдау шаралары пысықталды.
Алдымен сөз алған жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ернар Сұлтанғалиев балаларға көрсетілетін жыныстық зорлық-зомбылық деректерінің алдын алу, олардың құқығын қорғау мәселесіне тоқталды.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарованың баяндауынша, өңірдегі білім беру мекемелерінде 11 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі 2021-2022 жылдарға арналған жол картасына сәйкес 261 білім мекемесі бар. Олардың ішінде 161-інің бейнебақылау камералары жедел басқару орталығына қосылған. Қалған білім ошақтарындағы бейнебақылау камераларын жаңартып, жедел басқару орталығына қосу үшін қаражат мәселесі туындауда. Бақытжан Хаберұлы Жаңақала, Жәнібек, Бөкей ордасы, Сырым, Казталов аудандары орталықтарындағы мектептердің камераларын бақылау орталықтарына қосудағы мәселелерді талдап, ұсыныс беруді тапсырды.
– Аудан және қала әкімдіктерінің сайттарында балалардың құқықтарын қорғау жөнінде арнайы тарау болуы тиіс. Тұрғындар сол арқылы жергілікті атқарушы құрылымдардың балалардың құқығын қорғау бағытында атқарып жатқан жұмысымен танысады. Сондықтан сайттағы ақпарат нақты әрі толық болуы керек. Алайда дәл қазір сіздердің тараптарыңыздан атқарылған жұмыс бойынша тиянақты жауапты естімедім. Бұл атқарушылық тәртіптің төмендігін көрсетеді. Ал аталған жұмысқа комиссия төрағалары тікелей жауапты. Сондықтан алдағы үш күн ішінде сайтқа толыққанды ақпарат жариялауды тапсырамын, – деді Бақытжан Хаберұлы.
Былтыр аталмыш облыстық комиссияның жұмысы аясында салауатты өмір салтын насихаттау бағытында тәлімгерлік жобасы басталған. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров осы тәлімгерлік бағдарламасы жөнінде сөз алды. Оның айтуынша, биыл облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері айына екі рет Орал қаласындағы 14 спорт мекемесіне барады. Жеке тәлімгерлік жобасы бойынша аталмыш мекемедегі 20 тәрбиеленушінің әрқайсысына жеке тәлімгер бекітілген. Облыс әкімінің орынбасары мұндағы балалардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалуын қадағалап, оларды тұлға ретінде қалыптастыру, қоғамға бейімдеу бағытында жүйелі жұмыс керек деді.
Сондай-ақ Бақытжан Хаберұлы құзырлы мекеме басшыларына бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет ресурстарында балалар мен ата-аналарға арналған адамгершілік, рухани байлық, отбасы құндылығы, білім беру, денсаулық сақтау бойынша әлеуметтік роликтер жасауды міндеттеді. Медициналық-әлеуметтік есепке алуды жүргізу бағытындағы жұмысты ширату үшін облыстық полиция департаментіне, білім беру және денсаулық сақтау басқармаларына тапсырмалар берді. Комиссия мүшелерінің баяндамаларымен қоса, аудандардағы құзырлы мекемелердің есебін тыңдаған Бақытжан Хаберұлы тек цифрларды тізбелей берудің қажеті жоқ екенін айтып, атқарылған істің нәтижелі болуын ескертті. Балалардың құқығын қорғаудағы жұмысты жүйеге келтіру керек деді. Отырысқа аудандық полиция және білім бөлімдерінің басшылары, қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары қашықтан қатысты.
Ясипа РАБАЕВА,
«Орал өңірі» газеті, №22, 24 ақпан 2022 жыл