Бәрімізге белгілі ҚР-ның әкімшілік рәсімдік-процесстік кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 2020 жылғы 29 маусымда №350 кодексімен қабылданды. Заңды күшіне 2021 жылдың 1-шілдесінде енеді.
Аталған кодекс әкімшілік орган мен оған қатысты осы әкімшілік органның заңмен белгіленген жариялы функциялары іске асырылатын тұлға арасындағы жария-құқықтық қатынастарды реттеуге бағытталған.
Бұл ретте, Кодекстің ережелері қолданылмайтын қарым-қатынастар тізбесі көзделеді.
Олар, азаматтық, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық заңнамасына, мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау түрлерін жүзеге асыру тәртібі бөлігінде, яғни бюджет саласында қаралатын мәселелер, комиссия отырыстарына қатысты, сайлау және нормативті құқықтық актіні қабылдау, оны талқылау барысы.
Сонымен қатар, Кодекстің өтпелі ережелерінде барлық мемлекеттік органдарға Кодекс күшіне енгенге дейін (2021 жылдың 1 шілдесі) барлық салалық заңнамаларды әкімшілік рәсімдерді Кодекске сәйкес жүзеге асыру бөлігінде сәйкестендіру жұмыстарын жүргізуі қажеттігі атап көрсетілген.
Бұл шара әкімшілік рәсімдерді бірыңғай стандарттарға сәйкес шоғырландыру үшін қажет.
Әкімшілік рәсімдер туралы заңнамада әкімшілік орган ретінде тек мемлекеттік орган ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік басқару (жариялы функциялар) саласындағы өкілеттіктер берілген өзге де субъектілер деп түсіндіріледі.
Кодекске сәйкес әкімшілік рәсім – әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік істі қарау, ол бойынша шешім қабылдау және орындау жөніндегі, жолданым негізінде немесе өз бастамасы бойынша жасалатын қызметі, сондай-ақ оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылатын қызмет.
Әкімшілік рәсімнің нәтижесі әкімшілік акт немесе әкімшілік органның әкімшілік акті болып табылмайтын әрекеті (әрекетсіздігі) болып табылады.
Әкімшілік акт дегеніміз – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасы заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім.
Бұл ретте, Кодекс аясында әкімшілік акті тек жазбаша түрде емес, сондай-ақ өзге де нысандарда (ауызша, қимылмен немесе белгі беру арқылы және т.б.) қабылдануы мүмкін, себебі актіні әкімшілік деп тану (оның нысанына қарамастан) оған қатысты әкімшілік акт қабылданған тұлға үшін құқықтық салдарлар туындағанын білдіреді.
Әкімшілік органдардың жолданымдарды қарау тәртібін оңайлату мақсатында әкімшілік акт қолайлы және ауыртпалық салатын (келеңсіз) деп бөлінеді.
Ауыртпалық салатын әкімшілік акт - әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе оған міндет жүктейтін, сондай-ақ оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын акт.
Қолайлы әкімшілік акт – әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асыратын немесе оған жүктелген міндетті тоқтататын, сондай-ақ оның жағдайын өзгеше түрде жақсартатын акт.
Ұсынылып отырғандай, әкімшілік актілердің аражігін ажырату қолайлы әкімшілік актілерді қабылдау кезінде әкімшілік рәсімдерді оңтайландыруға ықпал етеді, себебі бұл жағдайда Кодекс көзделетін талаптарды, атап айтқанда қабылданатын актіні міндетті негіздеу, арыз иесін тыңдау (әкімшілік актінің иесін), әкімшілік акт қабылдау үшін дәлелдер мен материалдар жинау қажеттігі жоқ.
Сонымен қатар, аражігін ажырату сенім құқығын қорғау қағидатын жүзеге асыру үшін қажет.
Кодекс барлық әкімшілік органдар сақтауға міндетті жаңа қағидаттарды бекітеді.
Бұл қағидат әкімшілік органның қабылданған әкімшілік акті заңды және негізді болып табылатынына «кепілі» болып табылады. Әкімшілік органмен жіберілген қателік ауыртпалық салатын салдарға алып келмейді.
Атап айтқанда, егер белгілі бір тұлғаға (немесе тұлғалар тобына) қатысты қолайлы әкімшілік акт заңсыз қабылданса, бұл ретте акт иесінің кінәсі жоқ болса және аталған акт өзге тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін бұзбайтын болса, мұндай әкімшілік акт жоюға жатпайды (жекелеген жағдайларды қоспағанда) (тұлғаға актіні жою нәтижесінде келтірілген зиян өтелетін болады).
Жеке немесе заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын қандай-ма болмасын шектеуді қарастыратын шаралар Конституциямен және заңдармен белгіленген мақсаттарға бағытталуы және мөлшерлес, яғни өзінің мазмұны, орны, уақыты және қамтитын тұлғалар шеңбері есебімен мақсаттарға қол жеткізу үшін жарамды, қажетті және пропорциялы болуы тиіс.
Мөлшерлестік қағидаты әкімшілік органның нақты істі қойылатын мақсат пен қолданылатын құралдар арасындағы қолайлы арақатынасты ескере отырып, қарауына кепілдік береді.
Бұл қағидат әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде қолданылады.
Бұл қағидат әкімшілік органға қосымша формальды талаптарды, соның ішінде нормативтік құқықтық актілермен көзделмеген ішкі ұйымдастырушылық ережелерді қанағаттандыру мақсатында тұлғаларға міндеттерді жүктеуіне немесе қандай-ма болмасын құқық беруден бас тартуына тыйым салынатынын білдіреді.
Аталған қағидат әкімшілік органдарды өздерінің ішкі құқықтық актілерінде өтініш берушілерге қатысты талаптарды алып тастауға немесе олар қолданыста болуы шарт болса оларды НҚА қарастыруға бағыттайды.
Әкімшілік рәсімді жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы ұсынған материалдар, объектілер, құжаттар мен мәліметтер (бұдан әрі - құжаттар мен мәліметтер) әкімшілік орган, лауазымды адам теріс деп белгілемейінше анық деп есептеледі.
Әкімшілік рәсімге қатысушы ұсынған құжаттар мен мәліметтердің төлнұсқалығына негізді күмән болған жағдайда әкімшілік орган, лауазымды адам олардың төлнұсқалығын өзі дербес, өз есебінен тексеруге міндетті.
Әкімшілік рәсімді жүзеге асыру кезінде туындаған барлық күмәндар, қайшылықтар мен көмескіліктер, егер әкімшілік рәсімге өзге қатысушылардың мүдделерін қозғамаса, онда әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына түсіндіріледі.
Мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдері
Мемлекеттік органдардың қызметінде құқықтық кемшіліктерге жол бермеу үшін Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін реттейді.
Бұл ретте, Кодексте қазіргі қолданыстағы «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңда көзделген, мемлекеттік органдардың қызметі түрлері мен функцияларын, тәртібін белгілейтін ережелер, сондай-ақ мемлекеттік органдардың жұмысын ішкі ұйымдастыру мәселелеріне қатысты өзге де ережелер сақталған.
Атап айтқанда, «Ішкі әкімшілік рәсімдер» тарауында кейбір түзетулермен қоса, «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңының мемлекеттік органдардың қызметін жоспарлау, мемлекеттік орган туралы регламентті, ережені қабылдау, мемлекеттік органдардың функцияларын белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік органдарда қызметтік құжаттарды қарау және өткізу тәртібі мәселелері бойынша қолданыстағы ережелер берілген.
Сыртқы әкімшілік рәсімде әкімшілік органның әкімшілік актіні бастамашы болу, қарау және қабылдауының егжей-тегжейлі нормалары мазмұндалады.
Әкімшілік рәсімдердің негізгі сатылары.
Әкімшілік рәсім арыз берушінің өтініші (арызы немесе шағымы бойынша) негізінде немесе әкімшілік органның өз бастамасы бойынша басталуы мүмкін.
Өтінішке қойылатын талаптар белгіленеді.
Өтініште формальды қателер жіберілген кезде әкімшілік органның оларды жоюға жәрдем көрсету міндеті қарастырылған.
Әкімшілік органның қолайсыз әкімшілік акті қабылдар алдында тұлғаға тыңдалу құқығын беру міндеті бекітілген.
Әкімшілік рәсімдердің жалпы мерзімі, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, он бес жұмыс күнін құрайды.
Әкімшілік орган әкімшілік актіні әкімшілік рәсімге қатысушылардың және (немесе) олардың өкілдерінің назарына жеткізеді, себебі акті белгіленген тәртіппен әкімшілік рәсімге қатысушының назарына жеткізілген сәттен бастап қолданысқа енгізіледі.
Кодекс мемлекеттік органдарға ұсыныстарды, хабарламаларды, сұрау салуларды, үн қосуларды (арыз иесіне қатысты әкімшілік акт қабылдау қажет етілмейтін) қарау бойынша оңайлатылған әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырады.
Шағым жасаудың негізгі рәсімдері
Арыз иесі әкімшілік актіге, әкімшілік органның әрекетіне (әкімшілік актіні шығарумен байланысты емес) немесе оны қабылдаудан бас тартуға жоғары тұрған әкімшілік органға шағым жасауға құқылы. Жоғары тұрған органы жоқ әкімшілік органның әкімшілік актісіне шағым сотқа беріледі.
Кодекс әкімшілік органдар үшін қосымша талаптарды, атап айтқанда барлық мүдделі тұлғаларды тыңдау, істің барлық мән-жайын зерделеу, қанағаттанбаған жағдайда жауапта негіздемелерді түсіндіру талаптарын белгілей отырып, шағымдарды қарау рәсімін егжей-тегжейлі реттейді. Ол үшін әкімшілік органға дәлелдемелерді жинау, құзыретті органдардан қажетті материалдарды сұрату, куәгерлерді шақыру бойынша өкілеттіктер беріледі.
Бұл ретте, сотқа жүгінер алдында жоғары тұрған органға шағымдану рәсімінің міндеттілігін енгізу ведомстволық бақылауды жақсарту бойынша пәрменді шара болып табылады.
Тұлғаның әкімшілік актіге шағым беруі тиісті шешім қабылданғанға дейін әкімшілік актінің орындалуын тоқтатады.
Шағым беру, қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерге зиян келтіруге қабілетті қауіптің алдын алу немесе жою жағдайында, сондай-ақ Кодекс және басқа да заңдарда көзделген өзге жағдайларда әкімшілік актінің орындалуын тоқтатпайды.
Шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімдер жазбаша әкімшілік акт түрінде қабылданады.
Тұлға шағымға қанағаттанбаған жағдайда, әкімшілік актіге, әкімшілік органның әрекетіне (әрекетсіздігіне) әкімшілік сотқа шағымдана алады.
Тағы ескере кететін жайт, Кодекс қолданысқа енгізілуіне байланысты лауазымды тұлғалардың әкімшілік актісіне шағымдануды азаматтық тәртіппен емес, мамандандырылған әкімшілік сот қарастыратын болады.
Әкімшілік рәсімнің азаматтық рәсімнен маңызды айырмашылығы азаматтық рәсімде дәлелдерді жинау және ұсынуды тараптар жүзеге асырады және сот ұсынылған дәлелдемелерді қараумен ғана шектеледі.
Әкімшілік рәсімде – сот істі дұрыс шешу үшін барлық қажетті құжаттарды сұрату мүмкіндігіне ие бола отырып, дәлелдемелерді жинау бойынша бастама көтереді.
Сот талап арыздарда жіберілген формальды қателерді жоюға жәрдем көрсетеді, азаматтарға түсініксіз талап қою талаптарын түсіндіреді, нақтылайды.
Дәлелдеу рәсімдері әкімшілік актіні қабылдаған әкімшілік органға жүктеледі.
ҚР ӘРПК-нде қойылатын талаптарына қарай талап қою мынадай түрлерге бөлінеді:
1) әкімшілік актіге дау айту туралы;
2) мәжбүрлеу туралы;
3) әрекеттің жасалғаны туралы талап қою;
4) тану туралы.
Талап қоюдың нақты түрін таңдауға талап қоюдың алғышарттары мен белгіленген жағдайларда тексеру көлемдері негіз болады.
Талап қоюдың түрлеріне қарай Кодексте шешімдердің тиісті түрлері және әрбіреуін қабылдау ерекшеліктері қарастырылады.
Барлық талап қоюлар сотқа, туындаған сәттен бастап бір ай мерзім ішінде беріледі, ал тану туралы талап арыз туындаған сәттен бастап бес жыл ішінде беріледі.
Сот әкімшілік органға ақшалай өндіріп алу салуы мүмкін. Оның мөлшері 10 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін құрайды. Сондай-ақ, ол бірнеше рет салынуы мүмкін.
Ақшалай өндіріп алу түрінде ұсынылатын шара сот актілерінің орындалуын ынталандыруға, рәсімге қатысушылардың тәртіпті ұстауына елеулі ықпал ететін болады.