Меню

Страницы

Статья

Ынтымақ пен сенім табысқа жетелейді

2019 жылдың қорытындысы бойынша халық тұрмысына оң ықпал ететін жеті негізгі әлеуметтік- экономикалық көрсеткіш бойынша облысымызда ілкімді істер атқарылды. Бұл жайында Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев тұрғындар алдында есеп беру жиынында айтты. Облыс әкімінің мәліметіне сүйенсек, облыста құрылыс жұмысының көлемі 25%-ға, негізгі капиталға салынған инвестициялар 24%-ға, пайдалануға
берілген тұрғын үйлер 12%-ға, өңдеу өнеркәсібі 9%-ға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 6%-ға өсіп отыр.

– Қазіргі таңда облыс тұрғындарының 48%-ы ауылдық жерде тұрады. Былтыр ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 170 млрд теңгені құрап, өсу қарқыны бойынша Батыс Қазақстан облысы республикада бірінші орында. Мал шаруашылығы жыл сайын тұрақты даму үстінде. Жылқы саны – 13 мың басқа, ірі қара – 20 мың басқа, құс 29 мыңға
көбейді. Бірақ қой мен ешкі азайған. Жалпы мал шаруашылығында 106 миллиард теңгеге өнім өндірілді, өсім 2,6%-ды құрап отыр.
Облысымыз етті бағыттағы ірі қара мал басы бойынша республикада екінші орында.
Селекциялық-асылдандыру жұмысы мен мемлекеттік қолдаудың арқасында және мал шаруашылығы саласындағы асыл тұқымды көбейту нәтижесінде соңғы жылдарда ірі қара малының орташа тірілей салмағы 325-тен 345 килограмға дейін артты. Облысымыздың тауар өндірушілері сиыр және қой еті экспорты бойынша жоспарды 1,5 есе артық орындап, республикалық есепте алдыңғы қатарға шықты. Ет және ет өнімдері Ресей, Иран, Әзірбайжан және тағы басқа елдерге шығарылуда, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Былтыр ауа райының қолайлы болуына байланысты өсімдік шаруашылығының өнімі 13,5% өсімді көрсетіп, 63 млрд теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы дақылдарында орташа өнімділік өсті.
Өңірде cоңғы жылдары пайдаланылмай жатқан 1 миллион 140 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды.
Жер беру кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында аукциондар электронды түрде жүргізіледі. Былтыр облыста 45 электронды аукцион өткізіліп, 71 га жер жалға берілді. Биылдан бастап аукциондар енді Қаржы министрлігінің сайтында жүргізілетін болады.

Өңірде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 15,8 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде субсидиялауға 10,7 млрд теңге жұмсалды. Ауыл шаруашылығын дамытуға 11,5 млрд теңгеге инвестициялық салым жасаған екі мыңға жуық агроқұрылымның шығыстарын өтеуге 4 млрд теңгеге жуық субсидия берілді. Агротауар өндірушілері 20 млрд теңгеге жуық несие алды. Қожалықтар 4-6% мөлшерлемемен 5-20 жылға несие алып, әр түрлі техникаға қол жеткізді.
Өткен жылы ауыл шаруашылығына салынған инвестициялар 16 млрд. теңгені құрады. Бұл
көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Казталов және Тасқала аудандарында 10 мың басқа арналған мал бордақылау алаңдары іске қосылды.
Биыл Теректі ауданында 3 мың басқа арналған бордақылау алаңы пайдалануға беріледі.
Орал қаласында қуаттылығы ауысымына 600 дана мал терісін қайта өңдейтін цех ашу және 10 мың тонна өнім алуға арналған екі жылыжайды іске қосу жоспарланып отыр. Облыстың мал шаруашылығын дамыту және жайылымдарды суландыру үшін ұзындығы 180 шақырымды құрайтын Киров–Шежін каналы салынды. Енді Жайық өзеніндегі су деңгейі төмендеген кезде каналды сумен толтыру үшін Көшім ауылының маңында су тартқыш насостық қоңдырғы орнатылатын болады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тежеу және олардың өсу себептерін азайту үшін өткен жылы 300-ге жуық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді.

Жергілікті тауар өндірушілерге тікелей сату үшін сауда орындары ұсынылды. Осы сауда орындарында облыс тұрғындарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтық бағадан 10-15%-ға төмен бағамен сатылуда. Орал қаласында биыл екі ірі жылыжай іске қосылғанда тауар өндірушілерге делдалсыз тікелей сатуға павильондар беріледі.
– 2018 жылы Қазақстан Республикасының Тұнғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Казталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарына жол салуды тапсырған болатын. Осы бағыттағы күрделі жөнделетін жолдың жалпы ұзындығы – 245 шақырым. 2019 жылы 18 шақырымы жөнделді, биыл 100 шақырымнан  астам жолды жөндеуді жоспарлап отырмыз. Облыста Самара–Шымкент республикалық аутожолының 150 шақырымы жөндеумен қамтылды.
Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – жергілікті жолдар. Жергілікті маңыздағы жол сапасы бойынша облыс соңғы орында. Облыстық және аудандық маңызы бар бес мың шақырым жолдардың 31%-ы ғана жақсы немесе қанағаттанарлық деңгейде, – деді облыс әкімі.
Былтыр 11 млрд теңгеге 145 шақырым облыстық және аудандық маңызы бар жолдар жөнделді. Теректі, Ақжайық, Шыңғырлау, Бөрлі, Казталов және Бәйтерек ауданы орталықтарында 24 шақырым ауылішілік жолдар жөнделді. Орал қаласының 13 көшесі бойынша 22 шақырым аутожол жөндеуден өтті. Жалпы өңір бойынша былтыр 27 млрд теңгеге 360 шақырым жол жөнделді. 2020 жылы 400 шақырым аутожолдар жөнделеді.



Халық тарапынан жиі көтерілген сұрақтың бірі облыстық маңызы бар «Барбастау–Ақжайық–Индер» жолының 50 шақырым бөлігін жөндеу басталады. Орал-Атырау республикалық тасжолын кеңейтуге байланысты жобалық-сметалық құжаттама жасақталмақ.
Ресейдің Самара облысымен шектесетін тұсында орналасқан «Сырым» өткізу бекетіндегі жолдың сыйымдылығын 2-ден 8 жолаққа дейін кеңейту жол қозғалысын оңтайлауға, өңірдің транзиттік әлеуетін көтеруге мүмкіндік берді. Жоба құны 2,2 млрд теңгені құрады. 2021-2022 жылдары «Тасқала» өткізу бекетін жаңғырту жоспарлануда.
Әуежай 400 жолаушыны қабылдамақ Орал қаласындағы халықаралық әуежайдың терминалын қайтадан жөндеу жүргізілуде. Терминал аумағы 7 мың шаршы метрге дейін кеңейеді. Әуежай сағатына 200-ден 400 адамға дейін қабылдамақ. Қаланың Мұнай-базасы ауданында жаңғыртылып жатқан көпірдің құрылысын жаз мезгілінде аяқтау жоспарланған.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев аутожолдарда көлік апаты көбеюіне байланысты тұрғындар ұсынысын қабылдайтын арнайы комиссия қызмет етіп жатқанын хабарлады. 2020 жылы жол бойында бейнекамералар, түймелі бағдаршам, қозғалмалы радар, көшені жарық қылатын шамдар орнату үшін бюджеттен қаржы бөлінген. «Жол қозғалысы ережелерін сақтауға, көлік жүргізу мәдениетіне көңіл бөлмейтіндер көп. Тұрғындар әлі де бағусыз жүрген мал адамдардың ажалына себеп болуы мүмкін екенін түсінбей отыр. 2019 жылдың
басынан бүгінгі күнге дейін жол бойында бағусыз жүрген малдың кесірінен 123 жол-көлік оқиғасы орын алды. Екі адам мерт болып, 21 адам жарақат алды», – деді әкім.
Қазіргі кезде ауыл-аймаққа газ құбырын тарту жұмысы қарқынды жүргізілуде. 2019 жылы Теректі және Казталов аудандарында 6 мың адам тұратын 16 ауылды газдандыруға бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінді. Казталов ауданының 3,5 мың тұрғыны бар 9 ауылын газдандыру жұмыстары аяқталды. Осы жылы Теректі ауданының 7 ауылын газдандыруды аяқтау және Ақжайық ауданының 4 ауылына көгілдір отын құбырын тарту жоспарлануда.
Өткен жылы 32 мың тұрғыны бар 23 ауыл сапалы ауыз сумен қамтылды. Нәтижесінде халықтың орталықтандырылған сумен қамту үлесі 81%-дан 86,8%-ға дейін ұлғайды. 2020 жылы 26 мыңнан астам тұрғыны бар 24 ауыл тазаауыз сумен қамтылады. Осы мақсатта 6 млрд теңге бөлінді.
Облыс әкімі Ғали Есқалиев Орал қаласының тұрғындарын әуресарсаңға салған кәріз жүйесі туралы да айтты.



– КНС-19А коллекторы іске қосылғалы 27 мәрте бұзылды. 2019 жылдың өзінде кәріз жүйесінде 19 апат орын алды.
Былтыр қала резервінің қаражаты есебінен ақауы бар 3 шақырым құбыр ауыстырылды. Осы мәселенің шешімін табуға биыл 862 миллион, келесі жылы 700 миллион теңге бөлінеді. Сонда 16 шақырым су айдау жүйесінің құбыры түгел жаңғыртылады, – деді Ғали Есқалиев.
Қазіргі уақытта тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі өте өзекті екені мәлім. Облыста 26 мың азамат баспана кезегінде тұр. Олардың 1700-і – көп балалы отбасы. Былтыр үй құрылысына 16 миллиард теңге бөлінген. 2019 жылы кезекте тұрғандарға 595 пәтер берілді. Оның ішінде 291 көп балалы отбасы жаңа қонысқа ие болды. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 113 отбасы баспана тапты. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы ауқымында биыл үй құрылысын жүзеге асыруға 21 млрд теңге бөлінді. Тұрғындарға 1710 пәтер беру жоспарланған.
Орал қаласында апатты және ескі үйлерге қатысты мәселе МЖӘ бойынша инвесторлар тарту арқылы шешілуде. МЖӘ ауқымында бес үй салынды, тағы төрт үйдің құрылысы жүргізілуде.
«ҚПО б. в.» компаниясы есебінен екі үй тұрғызылмақ. Қаланың «Ақжайық» шағынауданында инженерлік инфрақұрылымды салу аяқталды.
Облыс басшысы Ғали Есқалиевтің баяндауынша, өткен жылы әлеуметтік қолдау аясында 4,4 млрд теңгеге 45 мың борышкердің несиесі мен банк салған айыппұлы өтелді. 12 мыңнан астам отбасы 6,7 млрд теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алды. Облыс бойынша 39 млрд теңгеге ақысыз медициналық көмек көрсетілген.
Оралдағы университеттерге гранттар бөлініп, мемлекеттік тапсырыс аясында техникалық білім беру ұйымдарына 14,5 мың жасты оқыту үшін 7 млрд теңге бөлінген. Өңірде 47,7 мың бала үйірмелерге тегін қатысады.
2020 жылы әлеуметтік салаға 132 миллиард теңге немесе облыстық бюджеттің 54 пайызы бөлінді. Облыста 24 мыңнан астам мүгедек бар. Аталған санатта 6 мыңға жуық бала тіркелген.
Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында 18 жасқа дейінгі балаларға арналған 40 кереуетпен қамтылған реабилитациялық орталық ашылады. Жобаны Тұңғыш Президент қоры қаржыландыруда. Жергілікті меценаттар есебінен «Бейімделу орталығының» құрылысын аяқтау жоспарлануда. Орталықта мүгедектер дербес өмір сүру дағдысын игереді.
Орал қаласында балалар сауықтыру курстарынан өтуі үшін 150 орындық мүгедектерге арналған оңалту орталығының құрылысын жүргізу жоспарланған.
БҚО-да ерекше демеу қажет адамдарды жұмысқа орналастыруды жеңілдету үшін ENBEK QOLDAU жаңа мәліметтер базасы іске қосылды.
– Білім – қоғам дамуының басты факторы және елдің өркендеуі мен бәсекеге қабілеттілігінің негізі. Бүгінгі таңда облыста 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету 100%-ды құрайды. Былтыр мектепке дейінгі ұйым кезегінде тұрған балалар саны 20 мыңнан 16 мыңға дейін азайды. Бес жыл ішінде жеке меншік балабақшалар 14-тен 68-ге дейін көбейді. Жаңа тұрғын үйлердің жобаларында бірінші қабатқа балабақша орналастыру қарастырылмақ. Былтырғы оқу жылында «Iqanat» олимпиадасы аясында 16 оқушы Тұңғыш Президент қоры есебінен грантқа ие болды, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.



Білім саласының мамандары заманауи технологияларды игеруде. Орал қаласының бес мектебінде виртуалды STEM зертханалық жүйесі іске қосылды.
Сұранысқа ие маман даярлау мақсатында түлектер үшін еліміздің жоғары оқу орындарында оқуға 97 грант бөлінді. Жоғары аграрлық-техникалық колледж базасында BIM технологияларын қолдана отырып, құрылыс жобаларын дайындайтын жобалаушы-мамандар даярлануда. Биыл колледжде осы технологияны игерген 17 маман оқуын тәмамдайды.
Кәсіби тұрғыда озық мұғалімдерді даярлау үшін педагогикалық колледж ұжымы Назарбаев зияткерлік мектебінің жаңа әдістемесін игеруге кірісті. Колледж оқытушыларының 87%-ы курстан өтіп, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша тренер болды.Болашақта олар НЗМ тәжірибесін аймақ мектептеріне таратпақ.
Облыс әкімі мектеп ғимараттарының тозуы басты мәселелердің қатарында екенін айтты. Қайта түгендеу нәтижесінде апаттық жағдайдағы мектептер саны 8-ден 12-ге, ал үш ауысымды мектептер саны 6-дан 8-ге дейін артқаны анықталды.
2019 жылы Ақжайық ауданы Чапаев ауылында 100 баланы қамтитын интернаты бар 300 орындық мектеп пен Орал қаласында 900 орындық №51 орта мектеп құрылысы басталды.
Биыл Сарықұдық ауылында 60 орындық мектеп, Казталов ауданы А. Оразбаева атындағы орта мектеп 600 орындық және Орал қаласындағы 300 орындық №33 орта мектеп құрылысы басталады. Сонымен қатар үш жеке мектептің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, оларда білім алу ақысыз болады.
БҚО-да 2021-2022 жылдары жергілікті бюджет есебінен тағы үш мектеп салу жоспарлануда.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында үш мектепке күрделі жөндеу жүргізілді.
Елбасының жоғары оқу орындары мен колледж студенттерін жатақханалармен қамтамасыз ету туралы тапсырмасын орындау аясында былтыр облыста 230 орындық екі жатақхананың құрылысы басталды. Биыл политехникалық және өндірістік колледж студенттері үшін 450 орындық тағы екі жатақхананың құрылысы жүргізілмек.
Өңір басшысының айтуынша, дәрігерлердің тапшылығы – денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерінің бірі. Медициналық мекемелерге 340 маман қажет. Денсаулық сақтау саласында 224 зейнеткер қызмет етуде. Үш жыл ішінде еліміздегі медициналық университеттерде білім алуы үшін 80-нен астам студент грантпен қамтамасыз етілді.
Облыста жаңа туған нәрестелерді диагностикадан ерте өткізетін 38 маман оқытылды. Жүкті әйелдер мен сәбилерді қамқорлық танытудың ерекше үлгісі енгізілді. Өңір басшысы облыстағы дәрігерлердің жұмысын атап өтіп, 2019 жылы 21 мыңнан астам хирургиялық ота жасалғанын хабарлады. Оның ішінде 12 мыңнан астамы шұғыл отаға жатады.
Облыс бойынша тегін дәрідәрмекпен қамтамасыз ететін 26 дәріхана ашылды, оның 15-і ауылдық жерде орналасқан. Өткен жылы дәрігерлер жүктемесіназайту және медициналық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында жалпы тәжірибедегі дәрігерлердің 31 бөлімі және екі медициналықсанитарлық орталық ашылды.
Облыстағы 20 емдеу мекемесіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Былтыр 32 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. 1 миллиард теңгеден астам қаржыға бейнеэндоскоп, рентген аппараттары, флюорографтар, жаңа туған нәрестелер үшін инкубатор, өкпенің жасанды желдеткіші және басқа құрал-жабдық сатып алынды. Ақжайық аудандық ауруханасының базасында бес ауданға арналған екінші деңгейлі инсультке қарсы орталық ашылды.
Казталов ауданындағы Ақпәтер ауылында және Теректі ауданындағы Донецк ауылында кәсіпкерлер фельдшерлік-акушерлік және медициналық орталық салды. Кардиологиялық орталықтың алыстығына байланысты қалалық көпбейінді аурухананың жанынан 160 орындық жаңа ғимарат салу жоспарлануда.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Орал қаласында 900 орындық концерт залы бар мәдениет сарайының құрылысы басталды.
Орал қаласында үш, Жәнібек пен Теректі аудандарында екі комюньити-орталық ашылды.
Облыс әкімі аймақтағы барлық мектеп пен колледж базасында комюньити-орталықтар желісін құру міндеті қойылғанын атап өтті.


Оралда әлемдік жарыста жүлде алатын спортшылар дайындау мақсатында өңірде 250 орындық спорт-мектебі және 150 орындық интернат кешені пайдалануға берілді. Мектеп-интернатта олимпиадалық спорт түрлеріне баса назар аударылады.
– Ең бастысы, ауылдан шыққан дарынды спортшыларымыз еш алаңсыз заман талабына сай интернатта жаттығып жүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бізге берген тапсырмасына сәйкес, Жәнібек және Жаңақала аудандарында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталып кетті.
Биыл алты аудан бойынша жеті дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады.
Былтыр облыста 50 спорт алаңы салынды. Өңірде 13 республикалық чемпионат ұйымдастырылып, бұқаралық спортты дамыту мақсатында төрт мыңға жуық шара өтті, – деді Ғали Есқалиев.
«Еңбек» бағдарламасы бойынша облыста 800-ге жуық жұмыссыз адам тоғыз айдан бастап үш жыл мерзімге дейін шаштараз, тігінші, автомеханик, аспаз және оператор мамандықтары бойынша кәсіптік білім алуда. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға екі мыңға жуық адам жіберілді. Олардың 1344-і жұмысқа орналастырылды.
«Еңбек» бағдарламасы бойынша 1215 адамға жалпы сомасы 5,2 млрд теңгеге шағын несие берілді. «Бастау-Бизнес» жобасы аясында төрт мыңнан астам адам кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыды. Олардың қатарында 482 адам шағын кредит алды. Жаңа бизнес-идеялары үшін 1,5 мың адамға грант қаржысы берілді.
Облыста жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамту және алғашқы еңбек дағдысын қалыптастыру мақсатында 1000 адам әлеуметтік жұмыс орнына, 1714 адам «жастар тәжірибесіне» және бес мыңға жуық адам қоғамдық қызметке жіберілді. 2019 жылы тұтастай алғанда 30 мыңнан астам адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды.
Былтыр 1000 адам «Жас кәсіпкер» жастар кәсіпкерлігін дамыту бойынша ұйымдастырылған тренингтерге қатысты.
Жастарға 251,5 миллион теңгеге 500 грант берілді. «Zhas project» жобасы аясында 221 жобаның әрқайсысына 1 миллион теңгеден грант қаржысы берілді. Соның нәтижесінде 700-ге жуық адам жұмысқа орналасты. «Жасыл ел»бағдарламасына сәйкес абаттандыру және көгалдандыру жұмысына 1 175 жұмыссыз жас пен студент тартылды.



– Былтыр өңірдегі жастар саясатын қолдауға 3 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді.
Облыста «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында 1500 ерікті 200-ден астам Ұлы Отан соғысының ардагері мен жалғызбасты қарияға көмек көрсетті. Қазіргі уақытта өңірде 60 ерікті ұйым және 10 мыңнан астам волонтер қызмет етеді. Волонтер болғысы келетін және еріктілер көмегіне мұқтаж жандар үшін арнайы volunteer07.
kz сайты ашылды. Біздің жас ұрпақ қоғам дамуына үлес қосуға даяр. Қоғамда белсенді әрі мейірімді адамдар көп. Менің ойымша, еріктілер қозғалысы ең жақсы нәтиже көрсететін облыстардың бірі боламыз, – деді Ғали Есқалиев.
Мамандар біліктілігі назардан тыс қалмайды Цифрлық даму рейтингісі бойынша Орал қаласы республиканың алғашқы «цифрлық» үштігі қатарында. Былтыр 60 ауыл интернет игілігін көрсе, биыл кең жолақты ғаламтор желісі 31 ауылға жетпек.
Облыс тұрғындарына тиімді болу үшін мемлекеттік қызметтер электронды форматқа көшірілді.
2019 жылы 2 миллионнан астам мемлекеттік қызметтің 73%-ы электронды нұсқада ұсынылды.
2020 жылы электронды мемқызмет үлесін 90 пайызға жеткізу жоспарлануда.
Цифрландыру аясында былтыр Орал қаласында тәулік бойы қызмет етеін «iKomek109» бірыңғай байланыс орталығы» іске қосылды. Бүгінгі таңда осы орталықта 24 мыңнан астам қоңырау мен өтініш өңделді. Барлық жедел қызметтің бірыңғай байланыс нүктесін қамтамасыз ету жәнеазаматтар сенімін арттыру мақсатында «112» бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызмет» жобасы іске қосылды. Облыста бос жер учаскелерін, олардың мақсатты пайдаланылуын, рұқсатсыз иеленуді және тағы басқа жайтты бақылау үшін аймақтың геоақпараттық порталын құруды аяқтау жоспарлануда.


– Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында облыста «Ашық әкімдік» үлгісінде қоғамдық қабылдау акциялары тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Жеке мәселелер бойынша тұрғындарды қабылдау апта сайын өткізіледі. Нәтижесінде 15 мыңнан астам тұрғынның қойған сұрақтарына мемлекеттік құрылымдар басшылары жауап беріп, мәселені шешу жолын айтты. Мемлекеттік құрылымдардың ашықтық ұстанымын сақтауына, азаматтардың сұранысы негізінде нақты шешім қабылдауына ықпал етуге мүдделіміз. Қоғамдағы бірлік пен түсіністіктің арқасында әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты сақтай аламыз. Халықтың әл-ауқатын жақсартып, табысын молайту үшін адамдарға лайықты жұмыс қажет. Сондықтан шетелдік жұмысшыларды жергілікті кадрлармен алмастыруды жоспарлап отырмыз.
Қазіргі уақытта Ақсай техникалық колледжінің базасында мамандарды халықаралық стандарттарға сәйкес дайындайтын оқу орталығын құру жұмысы жүргізілуде, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Облыс басшысы Ғали Есқалиевтің баяндауынша, әлеуетті инвесторларға жағдай жасау үшін индустриалды аймақ құру жоспарлануда. Бұл үшін 1,7 миллиард теңге бөлініп, Теректі
ауданынан 281 гектар жер телімі белгіленген. Қазірдің өзінде 55 гектар жерге жылыжай салуға байланысты өтінім келіп түсті.


«Бүгінгі таңда 458,4 миллиард теңгенің инвестициялық жобаларын жүзеге асыру пысықталуда.
«Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша 2020 жылы 628 миллиард теңге көлемінде өңірге инвестиция тартуымыз керек. Биыл осы межені игеруге басымдық береміз. Бізді салмағы зор тап сырмалар, күрмеуі қиын мәселелер күтіп тұр. Күш-жігерімізді біріктіре отырып, осы мәселелерді шеше аламыз», – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Тұрғындармен есептік кездесуінде экологиялық мәселелерде назардан тыс қалмады. Облыс әкімінің сөзінше, Орал қаласындағы «ICM Recycling» ЖШС былтырғы жылдың бірінші кезеңінде қалдықтарды сұрыптау желісін іске қосты. Биыл осы серіктестік қалдықтарды қайта өңдеуді бастайды. Компания басшылығы «биыл қалдықтың жануы орын алмайды» деп уәде беріпотыр. Ғали Есқалиев аудан басшыларына қоқысты белгіленген орынға жинауды және қатты қалдықтарға арналған полигондарды ұйымдастыруды тапсырды.
Өңір жетекшісі Жайық өзені суының тартылуын өткір мәселелердің бірі деп атады. Былтыр өзен суының деңгейі 240 см құрады. Соңғы 50 жылдағы су деңгейінің орташа көрсеткіші бес метрден жоғары болып келді.
Бұл мәселе халықаралық деңгейде көтерілгенін, өзеннің экологиялық ахуалы ел үкіметінің бақылауында тұрғанын айтты.
Облыс басшысы Ғали Есқалиев өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне қатысты негізгі көрсеткіштерді қырық минут ішінде баяндап шықты. Өзекті мәселелер бар екенін жасырмады.
Халық сұранысына байланысты билік тарапынан басым көңіл бөлінетін бағыт-бағдарды атап шықты. Әкім баяндамасын тыңдаған соң, тұрғындар баспана табу, аутожол жөндеу, ПИК-тер қызметінің сапасының көңіл көншітпеуі, қытай кәсіпорындарының көбеюіне қатысты және аймақтағы экологиялық мәселелерді көтеріп, өңір басшысы әр сауалға байсалды жауап берді.
Облыс әкімі Ғали Есқалиевтың есепті баяндамасынан түйген ойымыз, қоғамдық ынтымақ пен мемлекеттік билікке халықтың сенімін нығайту және ел-жұрттың табысын көбейту арқылы халықтың тұрмысын жақсарту басым бағыт болып қала бермек.
Есептік жиында залда отырғандар тарапынан 26 сұрақ қойылды. Төрт сауал жиыннан бұрын орнатылған жәшікке жазбаша түскен. Call-орталық арқылы тоғыз сұрақ қабылданды. Жиын соңында тұрмыстық және жеке басына қатысты мәселелер бойынша жүгінген 15 адамды облыс әкімі жеке қабылдады.

Дата публикации
17 февраля 2020
Дата обновления
17 февраля 2020
Тип
Ақпарат

Сейчас читают

19 октября 2026
18.10.2026 әкім сайлауларының қорытындысы туралы
19 октября 2026
БҚО учаскелік сайлау комиссияларының құрамдары, орналасқан жерлері және жұмыс уақыты
19 октября 2026
Батыс Қазақстан облысы бойынша сайлау учаскелерінің орналасқан жерлері мен шекаралары

Социальные медиа

Facebook.com
Twitter.com
Instagram.com
Youtube.com

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы