Сыртқы экономикалық байланыстар
Батыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясының бес облысымен - Астрахан, Волгоград, Орынбор, Самара және Саратов облыстарымен шектеседі. Сыртқы мемлекеттік шекараның жалпы ұзындығы 1 532 км құрайды.
Батыс Қазақстан облысының әлемнің барлық елдерімен және Кеден одағымен (ЕАЭО) сыртқы сауда айналымы 2024 жылғы қаңтар-қазан 6 722,4 млн.АҚШ долларын құрады және 2023 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 4,6%-ға өсті (2023 жылғы қаңтар-қазан сауда айналымы 6 422,0 млн. АҚШ долларын құрады).
Экспорттық жеткізілімдер 5 846,4 млн.АҚШ долларын құрады және 2023 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 7,6%-ға өсті (2023 жылғы қаңтар-қазан экспорттық жеткізілімдер 5 435,4 млн).
Импорттық түсімдер 876,0 млн. АҚШ долларын құрады және 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11,2%-ға азайды (2023 жылдың қаңтар-қазан айларында импорттық жеткізілімдер 986,6 млн.АҚШ долларын құрады).
Облыстың Ресей Федерациясына негізгі экспорттаушылары: «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» Қазақстандық филиалы (сұйық көмірсутек шикізаты), «Кублей» ЖШС (ет және консерві өнімдері), «Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ (ұн, макарон өнімдері), «Стекло Сервис» ЖШС (екі қабатты терезелер), «Орал трансформатор зауыты» ЖШС (трансформаторлар), «Орал механикалық зауыты» ЖШС (иінді біліктер), «Попков» ШҚ (кондитерлік өнімдер), «Квант» ЖШС жиһаз фабрикасы (жиһаз), «Белес агро» компаниялар тобы (ұн, макарон өнімдері), «Каверина С.В.» ЖК (ірімшік шешил) және т. б.
2024 жылы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен Ұлыбритания, Испания, Америка Құрама Штаттары және Финляндия елшіліктерінің өкілдері келді.
2024 жылдың қыркүйек айында Қытай Халық Республикасынан келген бизнес делегация «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ-мен бірлесіп «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында көрме мен дөңгелек үстел ұйымдастырды.
2024 жылдың қазан айында Батыс Қазақстан облысының делегациясы Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі А. Н.Арипов пен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі О. А. Бектеновтың қатысуымен өткен «Өзбекстан-Қазақстан» өңіраралық форумына қатысты. Форум аясында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қ. Ш. Айтмұхамбетов Өзбекстан республикасы Хорезм облысының Хокимиаты мен Қазақстан Республикасы Батыс Қазақстан облысының әкімдігі арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
2024 жылдың 27 қарашасында Уфа қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың және Ресей Федерациясы Президенті В. В. Путиннің қатысуымен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының ХХ форумын өткізілді.