Меню

Страницы

Статья

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевты қабылдады

   29 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевты қабылдады. Кеше Ғали Нәжімеденұлы «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бас редакторларына Мемлекет басшысының қабылдауы жөнінде кеңірек әңгімелеп берді. 

 Ғали ЕСҚАЛИЕВ,

Батыс Қазақстан облысының әкімі:

   «Қиын жағдайға қарамастан ел болып Ақжайық өңірін дамытудамыз»

  • Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа ағымдағы жылдың өткен сегіз айы бойынша облысымыздың экономикалық-әлеуметтік дамуы жөнінде баяндадым. Облысымыз елдегі қиын кезеңіне қарамастан өңідірісті тоқтатпай даму қарқының бәсендеткен жоқ.
  • Жалпы өңірлердің дамуын сипаттайтын негізгі алты көрсеткішінің бесеуі бойынша, соның ішінде жалпы ішкі өнімнің көлемі, өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, тұрғын үй салу және құрылыс саласы бойынша көрсеткіштерімізде өткен жылмен салыстырғанда өсім бар. Ал енді инвестиция тарту жөнінен былтырғы межеден төменбіз.
  • Батыс Қазақстан облысы бойынша салынған инвестициялардағы үлесі 75 пайыз құрайтын «Жайықмұнай», «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» б.в. (ҚПО б.в.) секілді компаниялар өткен жылы инвестиция көлемін ұлғайтса, биыл пандемия кесірінен мұнай-газ саласында өнім өндірудің баяулағаны белгілі. Соның салдарынан ҚПО б.в кейбір инвестициялық жобаларды кейінге, келесі жылға қалдырды.
  • Мұнайгаз секторынан басқа салаларда инвестициялық көрсеткіштер былтырғы деңгейден төмендеген жоқ. Мемлекеттік инвестициялар есебінен, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы биыл жол салу, су және газ құбырларын тарту, «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары бойынша жалпы құны 130 млрд. теңгеге жуық бірнеше жобалар жүзеге асуда. Тек жұмыспен қамту жол картасына сәйкес 32 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Індет кезіндегі мұндай мемлекеттік қолдау батысқазақстандық кәсіпкерлерге қоса, жергілікті жұрттың да тұрмыс-тіршілігіне жағымды әсер еткені даусыз.

Мемлекет басшысына Елбасының, Президенттің тікелей тапсырмалары бойынша да есеп бердім. Мысалы, Президенттің пайдаланылмай жатқан жерлерге қатысты тапсырмасының орындалу барысын, «Геопорталды» іске қосуға қатысты дайындық жұмыстары, сыбайлас жемқорлыққа жол беретін тәуекелдікті азайту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндадым. Соңғы жылдары 907 мың гектар қолданыстан тыс жер анықталды. Бұл жерлерді кері мемлекетке өткізу және қалалық жерлерді электронды аукцион арқылы кәсіпкерлерге ұсыну үрдісі жалғасуда. Мемлекет басшысына осындай әрекеттердің нәтижесінде күні бүгін игерілмей жатқан жер телімдерінің жартысына жуығы жаңа қожайындарын тапқанын айттым.      

Өткен жылы ауыл шаруашылығының еңбек өнімділігін 80 пайызға, ал биыл 10-15 пайызға көтердік. Мұндай межеге біз негізінен мал тұқымын асылдандыруды жүйелі жүргізу арқылы қол жеткіздік.

Етті бағыттағы ірі қара малын өсіру бойынша Шығыс Қазақстан облысынан кейін екінші орындамыз. Біз мал етін Атырау, Маңғыстау, Түркістан облыстарына жөнелтеміз және негізінен Ресей Федерациясына экспорттаудамыз. Жалпы, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында Батыс Қазақстан агротехникалық университетімен ғылыми негізде тығыз байланыстамыз. Бұл бағыттағы жұмысымызды Президент құптады.

Биыл Елбасының тапсырмасына сәйкес Оралдағы қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары күні бүгінге дейін 10 миллиард теңгеге тапсырыс алды. Мемлекет басшысының назарына Жайық өзенінің жағдайы мен  «Конденсат» АҚ-ның мұнай өңдеуге қатысты мәселесін де ұсындым. Сонымен қатар Президентке ағымдағы жылы бес үш ауысымда оқытатын мектептің және апаттық жағдайдағы 2 мектептің мәселесі біржола шешілетіндігін, әлгіндей жағдайдағы қалған білім ошақтарының мәселесі 2021, 2022 жылдары шешілетіндігін, сонымен қатар жылыжайлар салу, мал бордақылау алаңдарын жасақтау және сүт өңдеу саласына инвестициялар тартылуда екендігін мәлімдедім.

Президент облыстың әр ауданында кемі бір дене шынықтыру-сауықтыру кешені (ДСК) болу керектігін айтқан болатын. Бұл бағыттағы тапсырмалар орындалуда. 12 аудан орталығының 8-де дене шынықтыру спорт кешені салынуда. Жаңақала ауданы орталығында 160 көрермендік орынымен дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.

Жыл аяғына дейін Бөкей ордасы, Казталов және Теректі аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын аяқталуы жоспарланып отыр. Болашақта осындай нысандарды Тайпақ, Дариян ауылдарында салмақ ойымыз бар. Өңірде спорт кешендері демеушілердің, жеке инвесторлардың есебінен де салынуда. Бүгіндері мұндай жақсылық үлкенді-кішілі ауылдарда да көрініс таба бастады. Мысалы, Орал қаласының маңындағы Асан ауылында кәсіпкер Асанов ДСК салуда. 

Президент өткен жылы маған Батыс Қазақстан облысында өзін-өзі жұмыспен қамту көрсеткіші тым жоғары екендігін айтқан еді. 2019 жылдың бірінші тамызындағы мәліметке сәйкес еңбекке қабілетті облыс тұрғындарының 35%-ы, яғни 117 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтушылар санатында болды. Олардың еңбек қатынастары заңдастырылды. Бір жылдың ішінде шағын несие, грант беру, кәсіпке оқыту арқылы және жастар практикасы, сондай-ақ әлеуметтік жұмыс пен қоғамдық жұмыстарға тарту арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды біз 26,3 пайызға дейін шегердік (88 мың адам).

Мемлекет басшысына Орал өңірін электр қуаты жөнінен 100% тәуелсіздікке жеткізу үшін Ресейден электр қуатын алып отырған облыстың ең шалғай Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандары үшін электр қуатын өндіретін газтурбиналық станса салмақ ойымыз бар екендігін айттым. Бұл жобаны инвестиция тарту арқылы облыс өз күшімен жүзеге асыра алады. Президент бұл ниетімізді құптады.

Жол жағдайы да сөз болды. Өздеріңізге мәлім, Елбасының тапсырмасымен Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарына асфальт жол салынуда. Бұл сәтімен жүзеге асып, асфальт жол алыс аудан-ауылдарымызға жеткен күні жолаушы тасымалы да, жүк тасымалы да күрт артып, әрі қарым-қатынас сапасы да күрт жақсаратыны күмәнсіз. Бұған қоса Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешеніне тақтайдай теп-тегіс жолмен баруға мүмкіндік туғандықтан Бөкей ордасы ауданының туристік тартымдылығы да арта түседі. Бұл жерде аталған мәселе Президенттің бақылауында екенін атап өту қажет, жол міндетті түрде салынатын болады.

Облыста ұзын саны үлкенді-кішілі 428 елді мекен бар. Солардың 200-ден астамы қазіргі заманға сай инфрақұрылымды қажетсінеді. Ал Елбасының да, Президенттің де халықтың тұрмыс-тіршілігін барынша жақсарту, мүмкіндігінше қала мен ауылдың арасындағы айырмашылықты азайту жөніндегі нақты тапсырмалары бар. Демек, біздің алдымызда қарайған жұмыс, қыруар шаруа тұр...  

 Атқарылған және жүріп жатырған жұмыстарды мақұлдай келе, Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде үш ауысымдық және апаттық жағдайдағы мектептер мүлдем болмауы керектігін, сонымен қатар облысқа инвестиция тарту күн тәртібінен түспеуі тиіс екендігін нықтап тапсырды.

   

Дата публикации
02 октября 2020
Дата обновления
02 октября 2020
Тип
Баяндама

Сейчас читают

19 октября 2026
18.10.2026 әкім сайлауларының қорытындысы туралы
19 октября 2026
БҚО учаскелік сайлау комиссияларының құрамдары, орналасқан жерлері және жұмыс уақыты
19 октября 2026
Батыс Қазақстан облысы бойынша сайлау учаскелерінің орналасқан жерлері мен шекаралары

Социальные медиа

Facebook.com
Twitter.com
Instagram.com
Youtube.com

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы