Батыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында Әйелдер кәсіпкерлігі салааралық кеңесінің биылғы алғашқы отырысы өтті.
Салааралық кеңесті БҚО Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, БҚО әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Ляна Тұрсынова басқарады. Шара салық салу саласындағы жаңашылдықтарды және «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңға енгізілген өзгерістерді түсіндіруге арналды.
Алғы сөз «Атамекен» өңірлік палатасының директоры Мақсат Құланбаевқа берілді. Ол облыстағы әйелдер кәсіпкерлігін дамытудағы Іскер әйелдер кеңесінің (ІӘК) рөлін атап өтіп, кәсіпкер әйелдер қауымдастығын заңнамадағы өзгерістер туралы уақтылы ақпараттандырудың маңыздылығына тоқталды.
Облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің Түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы Оксана Нигметуллина жаңа Салық кодексінің мазмұны туралы айтып берді. Спикер табыс салығы 4% мөлшерінде белгіленген өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін түсініктеме берді. Бұл санаттағылардың табыс шегі 300 АЕК-тен аспауы тиіс.
— «Алғашқы чек берілген сәттен бастап сіз өзін-өзі жұмыспен қамтыған мәртебесіне ие боласыз», — деп атап өтті О.Нигметуллина.
Сондай-ақ ол негізгі қызмет түрі бойынша жеңілдетілген декларация негізіндегі салық режимі қолданылатынын, ол бөлшек салық пен жеңілдетілген режимді біріктіргенін еске салды. Бұдан бөлек, ЭҚЖЖ (экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші) бойынша ауысу және басқа да есеп айырысу мәселелері қозғалды.
Маңызды ақпараттың бірі — бухгалтерия жүргізбейтін, бірақ маман кеңесіне мұқтаж кәсіпкерлер үшін. Қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы базасында апта сайын (дүйсенбі, сәрсенбі, жұма) «Халықтық бухгалтер» акциясы өтіп жатыр, онда Қазақстан бухгалтерлер қауымдастығының өкілдері тегін кеңес береді.
«Сауда қызметін реттеу туралы» Заңдағы өзгерістер туралы облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматова баяндады. Ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) тізбесі биыл 19-дан 31 атауға дейін кеңейгенін хабарлады.
Э. Қиматова ӘМАТ тізіміне енген әр өнімге тоқталып, мұндай тауарларға қосылатын үстеме баға 15%-дан аспауы тиіс екенін ескертті.
— «Бұл талапты бұзу әкімшілік айыппұлға әкеп соғады. Қайталанған жағдайда айыппұл көлемі 10-нан 200 АЕК-ке дейін өседі», — деді Эльмира Нұрқызы.
Тағы бір жаңалық: мемлекеттік қолдау шараларын алатын бизнес субъектілері өз сөрелеріне кемінде 50% қазақстандық тауарларды орналастыруға міндетті. Ал мемлекеттен көмек алмай, өз бетінше дамып жатқан сауда желілері үшін отандық тауар үлесі кемінде 30% болуы керек. Бұл талап азық-түлікке де, азық-түлік емес тауарларға да қатысты.
Бұл норма кәсіпкер әйелдер арасында үлкен талқылау тудырды. Олар сауда желілерінің отандық өнімге сөре беруден бас тартатынын немесе көзге түспейтін, қолжетімсіз жерлерден орын беретінін айтып шағымданды. Қатысушылардың бірі тауарды өткізудегі қиындықтарға байланысты кәсіпорнын жабуға мәжбүр болғанын жеткізді.
Департамент басшысы сөре беруден бас тарту туралы арызға сауда нүктесі иесінің жазбаша хабарламасы, мессенджердегі хаттар немесе дауыстық хабарламалар дәлел ретінде тіркелуі тиіс екенін түсіндірді.
Сондай-ақ, Эльмира Нұрқызы республиканың үш өңірінде сәтті өткен «цифрлық өндірістік ваучерлер» пилоттық жобасы туралы айтты.
— «Жоба тиімділігін көрсеткендіктен, осы жылдың қараша айынан бастап ол бүкіл республика бойынша енгізіледі. Қатысушылар ӘМАТ қорын толықтыру үшін жеңілдетілген несие алып, оларды төмендетілген бағамен сата алады», — деді ол.
Жоба аясындағы тауарлар тек атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушыларға сатылуы тиіс. Аз қамтылған отбасының әр мүшесіне жергілікті атқарушы органдар тарапынан 1 АЕК мөлшерінде қаражат бөлінеді. Бұл жобаға «үй жанындағы дүкендер» де қатыса алады.
Шара соңында «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өкілі бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат берді.