Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия «Ауыл» партиясымен бірлесіп, 2025 жылғы төртінші тоқсанда
«Ауыл Әйелі: Бірлік. Даму. Болашақ» атты форумын ұйымдастырды.
Форумның мақсаты – ауылдық жерлердегі әйелдердің рөлін талқылау, олардың көшбасшылық әлеуетін нығайту, үздік тәжірибелерді халықаралық деңгейде енгізу, жаһандық трендтер аясында «Ауыл» партиясының қызметін кең аудиторияға таныстыру, ауыл әйел-көшбасшыларының халықаралық ынтымақтастыққа шығатын желісін қалыптастыру, әйел-кәсіпкерлерді қолдау және ілгерілету, экспорт пен кооперация мүмкіндіктерін кеңейту, ұрпақтар сабақтастығы мен дәстүрлі құндылықтарды нығайту.
Форум жұмысына орталық және өңірлік мемлекеттік органдардың өкілдері, «Ауыл» партиясының басшылығы мен белсенділері, әйел-кәсіпкерлер, азаматтық қоғам көшбасшылары, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, сондай-ақ, әр буын өкілдері – ауыл еңбеккерлері, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, еңбек ардагерлері Айгүл Джоламанова, Айгүл Бигалиева, Ляззат Сейткереева, Баян Мұхамбетова, Назира Кенжебекова қатысты.
Форумға облыс атынан Тайпақ ауылының тұрғыны Л.Сейіткереева қатысып, өз іс-тәжірибесімен және болашаққа деген жоспарларымен бөлісті. Ол киізден жасалған бұйымдарды, оның ішінде тәпішке мен ерлер бас киімдерін шығаратын цех ашты. Жеке кәсіппен айналысып қана қоймай, ауылдағы әйелдерді жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. «Бір ауыл, бір өнім» жобасында жеңіске жету оны тың идеяларға шабыттандырды, форумға қатысушылармен жетістіктерімен бөлісті. «Ата-бабаларымыздың қолөнерін жаңғыртып, дамытуды дұрыс деп санаймын. Бұл біздің тамырымыз, тарихымыз, ұмытпауымыз керек, ұрпақтарымызға қалдыру керек», - деді спикер.
Форумның жан-жақты мазмұны – панельдік сессия, секциялық отырыстар, өнімдер көрмесі, концерттік қойылымдар, тұрақты тәжірибе алмасу және ашық диалог – барлығы қатысушылардың бойында жағымды эмоциялар оятты.