Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов және комиссияның жауапты қызметкерлері жұмыс сапарымен Қаратөбе ауданында болды. Сапар аясында шығып қалған мәслихат депутатының орнына депутат сайлауын әзірлеу мен өткізуге байланысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардың есептері тыңдалды. Жиналысты кіріспе сөзбен ашқан Шавхат Өтемісов алдымен сайлау жүйесіндегі жаңашыл бастамалармен таныстырып, ашықтық пен айқындықтың жоғары стандарттарына сәйкес тараптармен әрекет етуді дамытудың маңыздылығына назар аударды. Ауданда халық қалаулысын сайлау №5 бірмандаттық округ бойынша өткізілмек.
Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев жергілікті атқарушы органның жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқордың негізінде сайлаушылардың тізімін жасақтап, 4 қазанда учаскелік сайлау комиссиясына тапсырғанын хабарлады. Дауыс беру учаскесі талапқа сай жабдықталған, нысан «Қолжетімді орта» интерактивті картасына енгізілген. Учаскелік комиссия орналасқан ғимаратта электр энергиясы мен байланыс желісінің үзіліссіз жұмыс істеуі, басқа да инфрақұрылымдардың тұрақты қызмет жасауына тиісті шаралар алынған. Аудан прокуроры Талғат Идрисов пен аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Сәбит Жасталаповтардың ақпараттары назарға алынды.
Жиында аудандық аумақтық сайлау комисиясының төрағасы Бақытжан Жүсіпқали сайлаудың күнтізбелік жоспарына сәйкес атқарылған іс-шаралар туралы есеп берді. Маңызды науқанға 1 аумақтық, 1 округтік, 1 учаскелік сайлау комиссиялары тартылған. Кандидаттардың үгіт жұмыстарын жүргізуіне барлық жағдай жасалды. Комиссия сайлаушылар тізіміндегі 885 азаматқа шақыруларды үлестіруді бастады. Округ бойынша 23 сайлаушының ерекше қажеттіліктері бар, ал 13 сайлаушы алғаш дауыс береді. «Учаскелік комиссияның міндеті - қолданыстағы заңнамаға сәйкес сайлаушыларды дауыс беру күні, уақыты мен орыны туралы толық ақпараттандыру. Сондықтан комиссия мүшелері сайлауға шақыруды сайлаушыларға жеке тапсыруды ұйымдастырсын, бұл жұмысты аумақтық сайлау комиссиясы қатаң бақылауға алсын» деді Шавхат Өтемісов.
Іссапар барысында ҚР Орталық сайлау комиссиясы аппаратының электораттық процесті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Түсіп Рыспеков пен заң бөлімінің басшысы Бауыржан Тұрғанбаевтар сайлау комиссияларының дайындығы мен электоралдық оқыту жұмыстарын бағалап, арнайы өткізілген семинарда әдістемелік көмек көрсетті. ҚР Орталық сайлау комиссиясының өкілдері сайлау өтетін №277 учаскелік сайлау комиссиясының жұмысымен де танысты. «Басты мақсат - сайлау процесінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету. Сайлау үрдістеріне қатысатын барлық тараптарға қолайлы жағдай жасау арқылы науқанды жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырамын» деген ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов пен комиссия мүшелеріне жұмыс бағыттары бойынша тиісті тапсырмалар берді.
#бқосайлау #мәслихатдепутаттарыныңсайлауы #сайлау2025 #bkoelection