2025 жылы Батыс Қазақстан облысында 13 Отбасын қолдау орталығы ашылды. Негізгі мақсат – өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасына дер кезінде және жан-жақты көмек көрсету.
11 қыркүйек күні Батыс Қазақстан облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері (Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары А.Ж.Ғұбайдуллина, Батыс Қазақстан облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Ш.С.Өтебалиева, Батыс Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ж.К.Абдолов, Облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры А.Т.Қалибеков, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы, комиссия хатшысы Т.В.Рогозина және басқалар) Ақжайық ауданында орналасқан осындай орталықтың жұмысымен танысты. Ол Чапаев ауылында, жөндеуден өткен бөлек ғимаратта орналасқан. Қонақтар орталық қызметкерлерінің ұйымдастыру және жұмыс барысына ерекше көңіл бөлді.
«Орталыққа отбасына, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға қатысты мәселелер бойынша көмек алғысы келген кез келген тұрғын ерікті түрде жүгіне алады. Сондай-ақ, тұрғындардың «111» бірыңғай байланыс орталығы арқылы хабарласуына мүмкіндік бар. Орталық жұмысын бастағаннан бері мамандар 70-тен астам тұрғынға қызмет көрсетті. Ерте профилактикаға ерекше назар аударылады. Осы мақсатта бізде мобильді топ құрылған», – деді аудан әкімінің орынбасары, Ақжайық ауданы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы З.И.Мажитова әңгіме барысында.
Орталықта мұқтаж азаматтарға тегін түрде құқықтық, психологиялық, әлеуметтік және басқа да көмек түрлері көрсетіледі.