Жұмыс уақыты режимі еңбекті ұйымдастырудың маңызды сұрақтарының бірі болып табылады.
Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс және екі демалыс күні бар бес күндік жұмыс аптасы белгіленген.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 32-бабы 4-тармағына сәйкес, шұғыл, күнi бұрын болжанбаған жұмыстарды орындау үшiн мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақытынан тыс істелетін жұмысқа, демалыс және мереке күндерiндегі жұмысқа тартылуы мүмкiн. Заңнамада көзделген жағдайларда мемлекеттік қызметшіге демалыс күндері (сағаттары) беріледі немесе жұмысына мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу жүйесіне сәйкес өтемақы төленеді.
Мемлекеттік қызметші үшін оның әлеуметтік-тұрмыстық және өзге де жеке қажеттіліктерін қызмет мүдделерімен үйлестіру мақсатында икемді жұмыс уақыты режимі белгіленуі мүмкін.
Бүгінгі күні мемлекеттік қызметте икемді жұмыс кестесінің тәртібі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2023 жылғы 29 мамырдағы № 120 бұйрығы бұйрығында белгіленді.
Бұл мемлекеттік қызметшілердің жағдайларына (жанұя, денсаулығы және т.б.) байланысты өзара жұмыс берушімен пысықталып, икемді шешімге келуге үлкен септігін тигізеді.
Икемді жұмыс уақыты режимін қолдану кезеңі алты айдан аспауы тиіс және тараптардың келісімі бойынша қолдану кезеңі ұзартылуы мүмкін.
Сонымен қатар, жұмыс уақыты режимінің бұзылғаны үшін мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарына көзделген жауаптылықта болады.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 89-бабына сәйкес (жұмыс уақытының нормасын заңсыз асыру) мемлекеттік органдарда жұмыс уақытының нормасын заңсыз асырған жағдайда лауазымды тұлғаның (жұмыс беруші) әкімшілік жауаптылығы көзделген.