«Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы барлығы үшін қауіпсіз және теңдей қоғам құруға маңызды қадам болып табылады. Ол гендерлік зорлық-зомбылық онымен күресуді қажет ететін проблема екенін білдіреді және әр адам оның шешімін табуына өз үлесін қоса алады. Акцияға қолдау білдіру мақсатында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен және басқа да жауапты тұлғалармен бірлесе, тиісті кең ауқымды іс-қимылды жүзеге асыруға бастамашы болды.
Батыс Қазақстан облысында аталған акция тиісті республикалық және облыстық іс-шаралар жоспарларына сәйкес өткізілді және барлық елді мекендерді қамтыды. Іс-қимылды үйлестіруші аудандық (қалалық) деңгейдегі әкімдіктерді қоса, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия болды.
Ағымдағы жылдың 10 желтоқсаны - Халықаралық адам құқықтары күні облыс бойынша акцияның қорытынды іс-шаралары өтті, солардың бірі «Отбасылық бақыт үшін» конференциясы болып табылады. Аталған іс-шараны «Ақ отау» отбасы орталығы» қоғамдық бірлестігі облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиямен бірлесе ұйымдастырды. Оған құқық қорғау органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, студенттер, ЖОО оқытушылары, журналистер қатысты. Жұмыс барысында зорлық-зомбылық жасағаны үшін жауаптылық, әйелдер мен балалар құқықтарын қорғау жөніндегі заңнамадағы соңғы өзгерістер, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша денсаулық сақтау ұйымдарының тәжірибесі, ана мен баланы қолдау, әйелдердің жұмыспен қамтылуы және жеке өсуі, сондай-ақ көптеген басқа да мәселелер талқыланды.
Барлық қатысушыларға акцияны қолдау белгісі ретінде қызғылт сары түсті таспаша және ақпараттық үнпарақтар берілді. Талқылау қорытындысы бойынша ұсынбалар қабылданды.