Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шұғыл шаралар мен кешенді тәсілдерді қабылдау жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде 2024 жылғы 10 қыркүйекте Сырым ауданында «Менің заң алдындағы, қоғам алдындағы, өзімнің алдымдағы жауапкершілігім» тақырыбында кездесу өтті. Оған аудандағы мектептердің жоғарғы сынып оқушыларымен бірге Сырым ауданы әкімінің орынбасары, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның төрағасы А.Шергалиев, полиция полковнигі Б.Түгелов, Сырым ауданы прокуратурасының аға прокуроры А.Ескендірова, «А.Шайхиев» атындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» директорының орынбасары Б.Мұрат, аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Г.Қуанбаева, педагогтар және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты. Аталған іс-шара өскелең ұрпақтың құқыққа қарсы мінез-құлқының алдын алуға, «нөлдік төзімділік» мәдениетін насихаттауға бағытталған. Балалар мен ересектер әңгімелесу барысында оқудан бос уақытта жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударды. Нәтижесінде, әкімдік жоғары сынып оқушыларының өтінішімен спорттық күрес және кроссфит бойынша тегін жаттығулар ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Кез-келген адам осы секцияларға сынып жетекшілері арқылы жазыла алады. Сондай-ақ экология, өлкетану сияқты бағыттар бойынша балалар мен жасөспірімдер туризмі мен волонтерлік қозғалысты кеңейту жөнінде бірлескен қадамдар жасау туралы шешім қабылданды.