Батыс Қазақстан облысының Іскер әйелдер кеңесі қала әкімдігімен бірлесе отырып, Оралда «Тойбастар-2024» этно фестивалін өткізді. Жәрмеңке-көрме-сату, қолөнердің көптеген түрлері бойынша шеберлік сабақтары, спорттық ойындар, концерт, дизайнерлер топтамаларын көрсету және т.б. ұйымдастырылды. Мұндай ауқымды шара Оралда алғаш рет өткізіліп отыр деп сеніммен айта аламыз. Бұл қиын көктемнен кейін жарқын және әдемі мереке болды. Сауда жәрмеңкесінің үстелдерінде жұмсақ ойыншықтар, жастықтар, жақтаулар, сағаттар, зергерлік бұйымдар, сәндік сөмкелер, аяқ киім, қазір трендке айналған әйелдер мен ерлер камзолдары, ыдыс-аяқтар, бәрін тізіп шығу мүмкін емес!
Ең бастысы, мұның бәрі қолмен және табиғи шикізаттан жасалған. Жәрмеңкеге барлығы 200-ге жуық қолөнерші, тігінші және басқа да кәсіпкерлер қатысты. Азық-түлік сататындарға бөлек қатарлар бөлінді.
“Міне, алаңда тілек білдірушілер керамика, төсеніш пен кілем тоқу сабақтарына қатыса алды», - деп атап өтті облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, Облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасы демографиялық саясат комиссиясының мүшесі Ляна Тұрсынова.
Ал, шығармашыл жастар сахнадан «келін түсіру» ырымын көрсетіп, «бастаңғы» дәстүрін айқын бейнелеп, қазақ салт-дәстүрінің «сүйінші», «байғазы» және тағы басқа элементтері нені білдіретінін айтып берді. Сахна іргесіндегі спорт алаңы да бой көрсеткісі келген қалың көпшілікті қызықтырды. Сондай-ақ, тоғызқұмалақ, ләңгі тебу, асық ату, арқан тарту және гір көтеруден әр жеңімпазға сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді. Кеш түнге дейін жалғасты. Іс-шара ұлттық киімдердің дизайнерлік топтамаларының көрсетілімімен және мерекелік концертпен аяқталды.