2023 жылдың 16 тамыз күні А.Островский атындағы орыс Батыс Қазақстан облыстық драма театрында «Мерейлі отбасы-2023» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау шарасы облыс әкімі Н.Төреғалиевтың қатысуымен өтті.
2013 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен адамгершілік құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін дәріптеуге, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіліп келеді.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына биыл 10 жыл.
Елімізде игі дәстүрге айналған жыл сайынғы үлгілі отбасылар байқауы бүгінгі таңда отбасы құндылықтарының рөлін арттырып, қоғамда отбасы мен некенің оң имиджін дәріптейтін ауқымды да маңызды оқиғаға айналып отыр. 2014 жылдан бері Республика бойынша байқауға 20 мыңнан астам отбасы қатысты.
Биыл Конкурстың 10 жылдығына орай жеңімпаздарды марапаттау рәсімін қыркүйек айында Мемлекет басшысының қатысуымен өткізу жоспарланып отыр.
«Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсының мақсаты - отбасы институтын, отбасылық құндылықтарды нығайту, бала тәрбиесіндегі ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, үлгілі қазақстандық отбасын насихаттау.
Облыс бойынша 10 жылдың ішінде ұлттық байқаудың кезеңдеріне 2000-нан аса отбасы қатысқан. Оған қатысуға ниет етушілер де жыл сайын артып келе жатыр. Биылғы жылы облыс бойынша 200-ден аса отбасы өтініш білдірсе, соның ішінде 21 отбасы облыстық кезеңге жолдама алды.
Облыстық кезеңге жолданған отбасылардың материалдарын арнайы комиссия қарап, жүлделі орындар мен арнайы сыйлықтар тағайындады.
Биылғы шарамызда облыстық кезеңнің 1 орын иегері – Ниетқабыловтар отбасына (Казталов ауданы) - арнайы диплом мен 1 000 000 теңге сертификаты, 2 орын иегері Утебаевтар отбасына (Орал қ.) - арнайы диплом мен 700 000 теңге сертификаты, 3 орын иегері Қажиахметовтер отбасына (Сырым ауданы) - арнайы диплом мен 500 000 теңге сертификаты табысталды. Облыстық кезеңге қатысушылардың барлығына арнайы сыйлық пен алғыс хат табысталатын болады. Үздік шыққан Ниетқабыловтар отбасы 8 қыркүйекте Астанада өтетін республикалық кезеңге жолданады.