Жазғы демалыс жақындап қалды -қызықты шаралар, жаңа эмоцияға толы демалыс уақыты келді. Балаларымыздың бос уақыты көбірек болады. Бірақ, өкінішке орай, төтенше жағдайлар туралы хабарламаларда оқиғалардың көбі кәмелетке толмағандардың қатысуымен болып жатқаны туралы ақпарат бар.
Өткен жылдардың тәжірибесіне сүйенсек: күнделікті өмірде, жолда, суда өзін-өзі ұстау ережелерін білмеу немесе сақтанбау, балалардың терезеден, биіктен құлау жағдайлары да кездеседі.
Қауіпсіздік шараларын сақтамау, немқұрайлылық, ересектер тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі – балалардың өміріне, денсаулығына үлкен қауіп төндіруде.
Балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барынша қауіпсіздік шараларын қабылдауға шақырамын!
Ең алдымен, құрметті ата-аналар, қазіргі уақытта сіздің балаңыз үшін ең маңыздысы қауіптер мен қатерлерді түсінуі керек. Шынында да, әр жаста қауіптер де әр түрлі, ал есейген сайын қауіптер саны артады.
Үйде және қоғамдық орындарда қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, балаларыңыздың қауіпсіздігіне баса мән беріңіз.
Балаларды қауіпсіз мінез-құлық мәдениетіне тәрбиелеу аса қажет. Өртпен, газбен, сумен, тұрмыстық химиямен, дәрі-дәрмекпен, сондай-ақ бейтаныс адамдармен, құрдастармен қарым-қатынас кезінде сақтық танытуды өз мысалыңызбен көрсетіңіз. Интернетте балаларды күтіп тұрған виртуалды қауіптер туралы да ұмытпаңыз. Кәмелетке толмағандардың кешкі (түнгі) уақытта ата-анасының немесе басқа да заңды өкілдерінің еріп жүруімен үйден тыс жерде болу талаптарының сақталуына ерекше назар аудару қажет.
Балаңызбен ашық сөйлесуге бірнеше минут бөліңіз. Есіңізде болсын, бұл минуттар сіздің балаңыздың денсаулығымен, кейде өмірімен өлшенеді.
Күтпеген сәт үлкен қиындықтың бастамасы болмас үшін балаларға белгілі бір жағдайда қалай әрекет ету керектігі туралы нақты білім мен дағдыларды беру керек. Сондай-ақ, басқа балаға қауіп төніп тұрғанын көрсеңіз, бей-жай қалмауыңызды сұраймын.
Б.Х.Нарымбетов