Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы №410 «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы №12 бұйрығымен бекітілген «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидалары» (бұдан әрі – Қағидалар) негізінде 2018 жылдың 1 желтоқсанынан 2019 жылдың 1 желтоқсаны аралығындағы мерзімдегі Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының қызметіне сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша ішкі талдау жұмыстары 2019 жылғы 14 қазан мен 15 қараша аралығында жүргізілді.
Аталған мерзім ішінде облыс әкімінің аппараты бөлімдерінен Қағидалардың 8-11 тармақтары бойынша ақпарат сұратылған болатын. Нәтижесінде, мемлекеттік-құқықтық бөлімге ішкі аудит қызметі, құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі, стратегиялық даму және цифрландыру бөлімі, терроризмге қарсы комиссия жұмысы бөлімі, ұйымдастыру- инспекторлық жұмыстары бөлімі, бухгалтерлік есеп және мемлекеттік сатып алу бөлімі, персоналды басқару қызметі және облыс әкімінің кеңесшісі Ә.Ералиевадан жауап түсті. Соның ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдауды қамтыған құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі, бухгалтерлік есеп және мемлекеттік сатып алу бөлімі, персоналды басқару қызметінің және облыс әкімінің кеңесшісі Ә.Ералиеваның ақпараты ғана болды. Жұртшылықпен байланыс жөніндегі қызметпен, талдау және бақылау бөлімі және ақпараттық қауіпсіздік бөлімімен жауап берілген жоқ. Осыған орай, жалпы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау жұмыстары облыс әкімі аппаратымен тиісті дәрежеде жүргізілмегені анықталды.
Аппарат бөлімдерімен жүргізілген талдау нәтижелері бойынша бөлімдердің қызметін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердегі келесі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды.
1. Мүгедектерді оңалту заңнамасы бойынша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы № 26 бұйрығымен бекітілген Оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшінің және естуі бойынша мүгедектер үшін жылына алпыс сағат ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін ұсыну қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 10-тармағында: «10. Кәсіпкерлік қызмет субъектілері болып табылмайтын жеке тұлғалардан өтеулі қызметтер көрсету шарттары бойынша сатып алынатын қызметтерді қоспағанда, жұмыспен қамту бөлімдері мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы және мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке көмекшінің қызметтерін сатып алуды жүргізеді.» деп көрсетілген.
Алайда, Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 4 желтоқсандағы «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 39-бабы 3-тармағы 54-тармақшасы мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың жағдайларының бірі ретінде «техникалық көмекші (орын толтырушы) құралдар (протездік-ортопедиялық құралдардан басқа) мен арнаулы жүріп-тұру құралдарын, мүгедектерге берілетін жеке көмекші мен ымдау тілі маманы көрсететін әлеуметтік қызметтерді, мүгедектерге арналған такси көрсететін қызметтерді, мүгедектерге берілетін санаторийлік-курорттық жолдамаларды сатып алу бөлігінде Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктерінен және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктері құратын ұйымдардан тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды» көздеген.
Бұл нормаға сүйенсек, аталған Заң жұмыспен қамту бөлімдеріне мүгедектерге жеке көмекшінің қызметтерін сатып алуды альтернативті жолмен жүзеге асыру мүмкіндігін көздемей, тек мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілін ғана белгілеген. Яғни, Қағидаларда белгіленген тәртіпке қарамастан, жеке көмекшінің қызметтерін кәсіпкерлік қызмет субъектілері болып табылмайтын жеке тұлғалардан өтеулі қызметтер көрсету шарттары бойынша сатып алуды іс жүзінде жүзеге асыру мүмкіндігі болмай тұр. Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі «Құқықтық актілер туралы» Заңының 10-бабының 2-тармағына сәйкес заңдардың заңдық күші министрлердің нормативтiк құқықтық бұйрықтарынан жоғары болуы сондай шарттарды жасасуға ниет білдірген тұлғаларға жұмыспен қамту бөлімдерін бас тартуға мәжбүрлейді.
Анықталған нормалар қайшылығы бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне аталған нормативтік құқықтық актілердің нормаларын қолдану бойынша нақты түсіндіру беру туралы хат жолданды.
2.Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 437-бабы тыныштықты бұзғаны, яғни жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергi келтiретiн, түнгi уақытта (сағат 23-тен таңғы 6-ға дейiн) тыныштықты бұзғаны, оның iшiнде тұрғын үй-жайларда және олардың сыртында шұғыл қажеттiлiкпен байланысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргiзгені үшін әкімшілік жауапкершілікке жеке тұлғалар, кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдарды тарту мүмкіндігін көздейді.
Алайда, бұл жерде нақты кім жауапкершілікке тартылатыны, яғни айыппұл кімге салынатыны - тыныштық бұзу әрекеті орын алған тұрғын үй-жайдың немесе басқа орын-жайдың иесі ме, әлде тыныштықты бұзған тұлға ма (кейбір жағдайларда тыныштықты бұзған тұлға және тыныштық бұзу әрекеті орын алған орын-жай иесі - екеуі бөлек тұлға болу мүмкін) – анықталмаған. Бұл өз кезегінде, кімді жауапкершілікке тартатынын айыппұл тағайындайтын тұлғаның өзі шешу қауіпіне әкеп соғу, сондықтан сыбайлас жемқорлық мүмкіндігін туғызу мүмкін.
Аталған кемшілікті жою мақсатында, Кодекстің аталған бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылуға жататын нақты тұлғаны анықтау үшін Кодекске тиісті өзгерістер енгізу туралы ұсыныс беру қажет деп есептейміз.
3. Бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң 2014 жылғы 24 қарашадағы № 511 бұйрығының 41-тармағында «қорлар мен негізгі құралдарды сатып алуға арналған шығыстарды жоспарлаған кезде есепке қорлар немесе негізгі құралдардың әрбір түрлері бойынша кем дегенде үш прайс-парақтар қоса беріледі» делінген. Алайда, қолданыстағы заңнамамен аталған прайс-парақтарды алу көздері қарастырылмаған, сондықтан бюджеттік өтінімді жасау практикасында шығыстарды жоспарлау барысында прайс-парақтарды ұсыну мақсатында, орындаушы нарықтағы қызмет, жұмыс немесе тауар жеткізушілерден қажетті прайс-парақтарды сұратуға мәжбүр болып, екі жақ арасында сыбайлас жемқорлық туындайтын қарым-қатынас пайда болу мүмкін.
Аталған заңнамадағы кемшілікті жою мақсатында, яғни сатып алу шығыстарын жоспарлаушы мен қызмет, жұмыс немесе тауар жеткізушілер арасында сыбайлас жемқорлық қарым-қатынас тәуекелдерін алдын алу мақсатында, бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну процесін оңтайландыру туралы ұсыныс беру қажет деп есептейміз.
4. «Б» корпусының мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткiзу қағидаларының 25-тармағына сәйкес конкурс комиссиясы жұмысының ашықтылығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін оның отырысына байқаушылар шақырылады. Және аталған қағидалардың 31-тармағына сәйкес тар шеңберде мамандырылған лауазымдарға конкурсты өткізген жағдайда осы Қағидалардың 13-тармағында, 15-тармағының бірінші бөлігінде, 16-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғаның келісімі бойынша конкурс комиссиясының отырысына сарапшылар шақырылады.
Конкурс өткізу практикасында байқаушылар мен сарапшыларды конкурс өткізетін мемлекеттік органдардың өздері шақырады және бұл конкурстың әділ өтуіне кедергі болу мүмкіндігін туғызады. Сондықтан, аталған сыбайлас жемқорлық тәуекелін алдын алу және конкурс комиссиясы жұмысының ашықтылығы мен объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында, конкурс комиссия отырысына қатысу үшін байқаушылар мен сарапшыларды мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган тағайындау қажет деп есептейміз. Сол себепте «Б» корпусының мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткiзу қағидаларына тиісті өзгерістер енгізу туралы ұсыныс беру қажет деп есептейміз.
5. ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» Заңының 13-бабына сәйкес мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының басшылары және олардың орынбасарлары айына кемiнде бiр рет тиiстi мемлекеттiк органның басшысы бекiтетiн қабылдау кестесiне сәйкес азаматтарды және заңды тұлғалардың өкiлдерiн, оның iшiнде осы органдардың қызметкерлерiн жеке қабылдауды жүргiзуге мiндеттi.
Іс жүзінде, қабылдау бөлмесіне жүгінетін азаматтардың көбі орган басшысының - бұл жерде облыс әкімінің - жеке қабылдауына жазылғысы келеді. Алайда, қолданыстағы заңнамамен жеке қабылдауды жүргізу тәртібі көзделмеген. Сол себептен облыс әкімінің қабылдауын өтінген азаматтар мен заңды тұлға өкілдерін сәйкес облыс әкімі орынбасарларының арасындағы міндеттер бөлінісіне қабылдауына жазу жүзеге асырылады. Яғни, мұндай тәжірибе әкімнің жеке қабылдауын өтінген азамат немесе заңды тұлға өкілі міндетті түрде әкіммен қабылданбайтынын және оның орнына қай орынбасарлардың жеке қабылдауына жазатынын сол жұмысты жүргізетін әкім аппаратының қызметкерінің өзі шеше алатынын айқындайды. Сол себептен әкімнің жеке қабылдауын қалаған тұлға мен әкім аппаратының қызметкері арасында сыбайлас жемқорлық қарым-қатынас туындау мүмкіндігі бар.
Аталған кемшілікті ескере отырып, азаматтар мен заңды тұлға өкілдерін орган басшылығына жеке қабылдауға жазу кезінде сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында, жеке қабылдау тәртібін нақтылау жөнінде ұсыныс беру қажет деп есептейміз.
6. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласы бойынша Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 24 сәуірдегі №235 «Құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы және орындалған жұмыстардың жобаға сәйкестігі туралы қорытындылардың, сәйкестік туралы декларацияның нысандарын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес объектіге жүргізілген құрылыс-монтаждау жұмыстарының халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қол жеткізуді қамтамасыз ететінін халықты әлеуметтік қорғау органының өкілі сәйкестік туралы декларацияда қол қою арқылы растайды.
Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі «Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» Заңының 25-бабына сәйкес қабылдау жөнiндегi мемлекеттiк қабылдау комиссиясының құрамында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласындағы жергілікті атқарушы органының, мүгедектердiң қоғамдық бірлестіктерінің өкiлдерi болмаса, тұрғын үй-азаматтық және коммуналдық мақсаттағы объектiлердi пайдалануға тапсыруға жол берiлмейді. Алайда, аталған баппен бұл тұлғалардың сәйкестік туралы декларацияда қол қоюы көзделмеген.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 1-бабының 48-1)-тармақшасына сәйкес сәйкестік туралы декларация мердігер (бас мердігер) құрылысы аяқталған объектіде орындалған жұмыстардың бекітілген жобаға және мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтердің талаптарына сәйкестігін куәландыратын құжат болып табылады. Өз кезегінде, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласындағы жергілікті атқарушы органының маманы жобалау және құрылыс мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтардың талаптары саласының маманы болып табылмайды. Сондықтан құрылыс-монтаждау жұмыстарының халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қол жеткізуді құрылыс нормалармен жұмыс жасайтын органдар, яғни сәулет және қала құрылыс органы немесе сол салада мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің жергілікті департаменті қамтамасыз етуі тиіс деп санаймыз.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде, аталған кемшілік құрылыс саласының маманы болып табылмайтын халықты әлеуметтік қорғау органының маманын сәйкестік туралы декларацияға қол қоюды міндеттейді және оның құрылыс нормаларын білмегендігі кейбір алақол тұлғалармен пайдалануы мүмкін.
Аталған мәселе бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізу туралы тиісті органдарға хат жолданды және бұл бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Қорытынды:
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау нәтижелері бойынша талдамалық анықтаманың 2-5 тармақшалары бойынша заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу мақсатында 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін тиісті органдарға хат жолдау ұсынылсын.