«Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі Заңын басшылыққа ала отырып Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2019 жылғы 19 қарашадағы № 300 «Батыс Қазақстан облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы» (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №5861 тіркелген, Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2019 жылы 25 қарашада жарияланған) қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Батыс Қазақстан облысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Осы қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры – Батыс Қазақстан облысы аумағында аумағында аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік әсер ету және азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн құрылған азық-түлiк тауарларының жедел қоры;
2) азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту– азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды өткізу немесе жаңа сақталу мерзімімен немесе келесі жылдың жаңа егінінен дәл сондай көлемдегі азық-түлік тауарларын кейін жеткізе отырып, азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды қайтару;
3) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру – сатып алу интервенциялары, азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына азық-түлік тауарларын орналастыру және сақтау;
4) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын пайдалану – тауар интервенцияларын жүргізу және азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту мақсатында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын өткізу;
5) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары – тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілетін, олардың есебінен адамның физиологиялық қажеттіліктері қанағаттандырылатын азық-түлік тауарлары;
6) Комиссияның жұмыс органы - жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган. «Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы» мемлекеттік мекемесі Комиссияның жұмыс органы (бұдан әрі - Жұмыс органы) болып табылады;
7) мамандандырылған ұйымдар – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын, тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 9 қазандағы № 1279 қаулысымен бекітілген, ұйымдар;
8) сатып алу интервенциялары – Батыс Қазақстан облысы аумағында, бағалар төмендеген кезде, Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдай енгізілген кезде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмалары шеңберінде мамандандырылған ұйымдардың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуы жөніндегі іс-шаралар;
9) тауар интервенциялары – бағалар өскен кезде ішкі нарықты тұрақтандыру мақсатында жүзеге асырылатын, азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларынан ішкі нарықта азық-түлік тауарларын өткізу жөніндегі іс-шаралар;
10) шекті сауда үстемесі – ішкі сауда субъектілерінің түпкілікті тұтынушыларға азық-түлік тауарларын өткізуі кезінде бағаны айқындау үшін қалыптастырылатын сауда үстемесі.»;
14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«14. Мамандандырылған ұйымның тұрақтандыру қорын пайдалану кезінде туындаған үстеме, коммуналдық және басқа да шығыстары жыл сайын азық-түлік тауарларының белгіленген және нарықтық бағалары арасындағы айырма есебінен жабылады.»;
мынадай мазмұндағы 17-1 тармақпен толықтырылсын:
«17-1. Облыс әкімдігі бөлетін, оның ішінде бұдан бұрын азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға бөлінген қаражат әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру тетіктерін іске асыруды қаржыландыру көзі болып табылады»;
24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«24. Өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру кезінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу тікелей өндірушілерден, оның ішінде форвардтық шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасу арқылы жүзеге асырылады. Егер өндіруші өнімді өткізуді тікелей жүзеге асырмаса, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу азық-түлік тауарларын өткізуге маманданған көтерме сауда жеткізушілерінен (дистрибьютерлерден) жүзеге асырылады.»;
25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«25. Өңірлік тұрақтандыру қорына сатып алынатын азық-түлiк тауарлары «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18 және 19-тармақтарына сай тамақ өнімдерін сақтау, тасымалдау және өткізу кезінде олардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға сәйкес келуі тиіс.»;
мынадай мазмұндағы 26-1 тармақпен толықтырылсын:
«26-1. Мамандандырылған ұйымның сатып алу интервенциялары туралы шешімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру тетіктерін тиімді және уақтылы қолдануды қамтамасыз ету мақсатында қабылданады.»;
38-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«38. Жұмыс органы мамандандырылған ұйыммен бірлесіп тауар интервенцияларын жүзеге асыратын сауда объектілерінің орналасқан жері, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз беру тәртібі туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары, жергілікті атқарушы органның және мамандандырылған ұйымның ресми сайттары арқылы халықтың назарына жеткізу бойынша ақпараттық жұмыс жүргізеді.»;
39-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«39. Облыстың атқарушы органы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру мақсатында мамандандырылған ұйымдар арқылы Комиссия айқындайтын азық-түлік тауарларының тізбесіне сәйкес кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз береді. Қарыз беру қарыз шартын жасасу жолымен қайтарымдылық, қамтамасыз етілу және ақылылық талаптарымен жүзеге асырылады.»;
45-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«45. Кәсіпкерлік субъектісі мамандандырылған ұйымның қарызын қайтару бойынша міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етеді. Міндеттемелердің орындалуы кепіл, банктік кепілдендіру, сақтандыру шарты, үшінші тұлғалардың кепілдік/кепілгерлігі түрінде қамтамасыз етіледі. Міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету заңнамада көзделген жазбаша нысанда ресімделеді.»;
46-тармақ алынып тасталсын:
«46. Қарыз беру шарттары мамандандырылған ұйым мен кәсіпкерлік субъектісі арасында жасалған қарыз шартында белгіленеді.».
2. «Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы» мемлекеттік мекемесі (Халиуллин Ж.Ж.) осы қаулының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары А.К. Утегуловқа жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ. Есқалиев