Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 19 мамырдағы № 290-VIII ҚРЗ.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2026 жылғы 19 мамырдағы № 290-VIII ҚРЗ.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!

      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 90-б. қараңыз.

 1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР

 1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) "А" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдары – осы Заңда және саяси, сайланатын және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде көзделген, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметіне кірудің, оны өткеру мен тоқтатудың ерекше тәртібі, сондай-ақ арнаулы біліктілік талаптары көзделген басқарушылық деңгейдегі әкімшілік мемлекеттік лауазымдар;

      2) әкімшілік мемлекеттік қызметші – Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдарда лауазымдық өкілеттікті орындау жөніндегі өз қызметін тұрақты кәсіптік негізде "А" және "Б" корпустарының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарында жүзеге асыратын мемлекеттік қызметші;

       3) әкімшілік мемлекеттік лауазымның санаты – саяси, сайланатын және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізіліміне сәйкес әкімшілік мемлекеттік лауазымдар жиынтығы;

       4) басшы мемлекеттік лауазым (бұдан әрі – басшы лауазым) – қарамағында мемлекеттік қызметшілер болатын және олардың қызметін ұйымдастыру өкілеттігі берілген мемлекеттік лауазым;

       5) "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдары – саяси, сайланатын және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде көзделген, мемлекеттік органдардың қызметін ұйымдастырушылық, құқықтық, ақпараттық, талдамалық, қаржылық-экономикалық және өзге де функционалдық сүйемелдеуді, мемлекеттің функциялары мен міндеттерін тиісті мемлекеттік орган өкілеттігінің шегінде іске асыруды қамтамасыз ететін және "А" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына жатпайтын әкімшілік мемлекеттік лауазымдар;

      6) бонус – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік қызметшінің қызметін бағалау нәтижесі бойынша оған белгіленетін ақшалай төлем;

      7) біліктілік талаптары – мемлекеттік лауазымға орналасуға үміткер Қазақстан Республикасының азаматтарына білімі, жұмыс тәжірибесі және құзыреттері бойынша қойылатын талаптар;

      8) жұмыс орны – мемлекеттік қызметші тұрақты немесе уақытша болатын, құрылымдық тұрғыдан бөлінген және ұйымдастырылған және оның лауазымдық өкілеттікті орындауына арналған, оның ішінде мүгедектігі бар адамның жеке мүмкіндіктері ескеріле отырып жабдықталған және ұйымдастырылған орын;

       9) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет ардагері – мемлекеттік қызметтегі өтілі кемінде жиырма бес жыл болатын, мінсіз беделі бар, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес зейнеткерлік жасқа толған не зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін мемлекеттік қызметте болуы осы Заңға сәйкес ұзартылған адам;

      10) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі (бұдан әрі – мемлекеттік қызмет) – мемлекеттік органдарда ақы төленетін мемлекеттік лауазымдарды атқаратын және осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген мемлекеттік қызметтің мақсаты мен ерекшеліктеріне сәйкес мемлекеттің функциялары мен міндеттерін және (немесе) мемлекеттік органдардың өкілеттігін іске асыруға бағытталған лауазымдық өкілеттікті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы азаматтарының кәсіптік қызметі;

      11) қызметтік қажеттілік – мемлекеттік органның өкілеттігін үздіксіз және тиімді орындауды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қызметшінің жұмыс сипатын немесе көлемін, еңбек жағдайларын уақытша өзгертуді талап ететін мән-жайлар немесе жағдайлар;

       12) лауазымды адам – тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкілеттік бойынша мемлекеттік органдарда билік өкілінің функцияларын жүзеге асыратын не ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындайтын адам;

      13) лауазымдық өкiлеттiк – нақты мемлекеттiк лауазымда көзделген, мемлекеттiк қызметшiлер өз қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың алдында тұрған мақсаттар мен мiндеттерге сай келетін құқықтар және мiндеттер;

       14) мемлекеттік қызметтің кадр резерві – қажетті кәсіби және жеке қасиеттерге ие Қазақстан Республикасы азаматтарының кейіннен бос мемлекеттік лауазымдарға орналасуына, сондай-ақ мемлекеттік органдарды білікті мамандардың қажетті санымен жасақтауға арналған, белгіленген тәртіппен қалыптастырылған тізбесі;

      15) мемлекеттiк қызметшi – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттердің қаражатынан не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің және (немесе) Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасында айқындалған Арнаулы мемлекеттік қордың қаражатынан ақы төленетiн, саяси, сайланатын және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген мемлекеттiк лауазымды атқаратын және мемлекеттiң функциялары мен мiндеттерiн iске асыру жөніндегі лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы;

      16) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі (бұдан әрі – қызметтік әдеп) – мемлекеттік қызметшілердің осы Заңда және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде белгіленген, әдеп қағидаттары мен қызметтік әдеп стандарттары көзделетін мінез-құлық қағидалары;

      17) мемлекеттік қызметшінің құзыреті – нақты мемлекеттік лауазымда кәсіптік қызметті тиімді орындау үшін қажетті білімнің, машықтар мен дағдылардың жиынтығы;

      18) мемлекеттік қызметшінің тікелей басшысы – мемлекеттік лауазымы бойынша жоғары тұрған, мемлекеттік қызметші өзінің лауазымдық нұсқаулығына сәйкес оның тікелей қарамағында болатын адам;

      19) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – мемлекеттік қызмет саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыратын орталық мемлекеттік орган;

      20) мемлекеттік лауазым – мемлекеттің функциялары мен міндеттерін және (немесе) мемлекеттік органдардың өкілеттігін тікелей орындау үшін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген лауазымдық өкілеттік шеңбері жүктелген, сондай-ақ саяси, сайланатын және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімiне енгізілген мемлекеттік органның құрылымдық штат бірлігі;

      21) мемлекеттік орган басшысы – Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда орталық мемлекеттік органның, оның ведомствосының, олардың аумақтық бөлімшелерінің басшысы, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы, тексеру комиссиясының төрағасы, мемлекеттік орган болып табылатын аппараттың басшысы;

      22) мемлекеттік органның келісімшарттық қызметшісі (бұдан әрі – келісімшарттық қызметші) – түрлерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ұлттық және өзге де жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік органға осы Заңда көзделген ерекшеліктері бар келісімшарт бойынша тартылған Қазақстан Республикасының азаматы;

       23) мемлекеттік органның келісімшарттық қызметшісінің келісімшарты – мемлекеттік орган мен Қазақстан Республикасының азаматы арасындағы оның құқықтары мен міндеттерін, еңбек жағдайларын, сондай-ақ еңбек нәтижесімен (сандық және (немесе) сапалық көрсеткіштер) өзара байланысты еңбекке ақы төлеу жағдайларын, еңбек нәтижесіне (сандық және (немесе) сапалық көрсеткіштер) қол жеткізбегені үшін жауапкершілігін және басқа да жеке жағдайларды белгілейтін еңбек шарты;

      24) мемлекеттік цифрлық кадр жүйесі – мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының жұмыскерлері туралы мәліметтерді жинауға, сақтауға, өңдеуге, пайдалануға, беруге және талдауға, персоналды басқару функцияларын жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын мониторингтеуге арналған мемлекеттік цифрлық жүйе;

       25) сайланатын мемлекеттік лауазым – Қазақстан Республикасының азаматы "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланатын әкім лауазымы;

      26) сайланған мемлекеттік қызметші – сайланатын мемлекеттік лауазымды атқаратын Қазақстан Республикасының азаматы;

      27) саяси мемлекеттік қызметші – Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе Қазақстан Республикасының Құрылтайы, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де адамдар (органдар) лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын, мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және (немесе) іске асыруға қатысатын және оның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге саяси жауапты болатын адам;

      28) төменгі лауазым – "Б" корпусының мемлекеттік органның штат кестесіне сәйкес төмен тұрған мемлекеттік лауазым болатын әкімшілік мемлекеттік лауазымы;

      29) уақытша бос мемлекеттік лауазым – мемлекеттік лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшінің іссапарға жіберілуіне, әлеуметтік демалыста не оқуда болуына, лауазымдық өкілеттігін орындаудан уақытша шеттетілуіне, Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес өзіне қатысты үйқамақ не күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының қолданылуына, ауруы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітетін еңбекке жарамсыздықтың неғұрлым ұзақ мерзімі белгіленген аурулар тізбесіне енген болса, науқастануы салдарынан оның қатарынан екі айдан астам уақыт жұмыс орнында болмауына байланысты оның болмауы кезеңіндегі осы бос мемлекеттік лауазым;

      30) үстемеақы – мемлекеттік қызметшіге Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен белгіленетін лауазымдық айлықақысына ақшалай қосымша ақы;

      31) штат кестесі – мемлекеттік органның ұйымдық құрылымын, құрамын және мемлекеттік лауазымдарының санын белгілейтін құжат;

      32) іссапарға жіберу – мемлекеттік қызметшінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін тәртіппен басқа мемлекеттік органда, Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемесінде мемлекеттік лауазымды және өзге де ұйымда лауазымды атқаруы.

 2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасы

       1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінен, осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Осы Заңның күші:

       1) Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарында немесе өзге де заңдарында өздері үшін өзге құқықтық мәртебе айқындалған жағдайларды қоспағанда, барлық мемлекеттік қызметшілерге;

      2) құқық қорғау органдарына және азаматтық қорғау органдарына қызметке кіретін Қазақстан Республикасының азаматтарына тестілеуден өту және жеке қасиеттерін бағалау бөлігінде;

      3) құқық қорғау қызметін, арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметті, әскери қызметті, азаматтық қорғау органдарындағы қызметті қоса алғанда, мемлекеттік қызметтің ерекше түрлерінде қызмет өткеретін саяси мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ерекшеліктермен;

      4) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның саяси мемлекеттік қызметшілеріне Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ерекшеліктермен;

      5) мемлекеттік қызметтің кадр резервінде тұрған Қазақстан Республикасының азаматтарына және мемлекеттік қызметке кіруге даярлықтан өтіп жатқан Қазақстан Республикасының азаматтарына осы Заңда реттелген бөлікте;

      6) мемлекеттің функциялары мен міндеттерін іске асыруға жәрдемдесуді жүзеге асыратын адамдарға, сондай-ақ еңбек шарты негізінде мемлекеттік органдарда қызметін жүзеге асыратын адамдарға осы Заңда реттелген бөлікте қолданылады.

 3-бап. Осы Заңның мақсаты мен міндеттері

      1. Осы Заңның мақсаты – мемлекеттік қызмет саласындағы қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ мемлекеттің функциялары мен міндеттерін іске асыруға жәрдемдесуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу.

      2. Осы Заңның міндеттері:

      1) мемлекеттік қызметтің мақсатын, оның ерекшеліктерін және мемлекеттік қызмет өткеру негіздерін айқындау;

      2) мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласындағы өзге де адамдардың мәртебесін, құқықтарын, міндеттерін, жауапкершілігін, құқықтық, әлеуметтік және өзге де кепілдіктерін реттеу;

      3) мемлекеттік қызметке кірудің, оны өткерудің және тоқтатудың құқықтық негіздерін белгілеу;

      4) мемлекеттік қызметтің персоналын басқарудың ұйымдастырушылық негіздерін, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын бұзу себептерін мониторингтеуді және талдауды жүзеге асыру тәртібін айқындау.

 4-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының қағидаттары

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасы мынадай қағидаттарға негізделеді:

       1) заңдылық – мемлекеттік қызметшілердің қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне қатаң сәйкестікте, сондай-ақ олар мүлтіксіз сақталған кезде жүзеге асырылады;

      2) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы – адамның және Қазақстан Республикасы азаматының Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарында кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық деп танылады және олар мемлекеттік қызметшілер тарапынан сақталуға және қорғалуға тиіс;

      3) есептілік, бақылауда болу және жауапкершілік – мемлекеттік қызметшілер қоғам алдында есеп береді, жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың бақылауында болады, олардың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қабылдаған шешімдерін орындауға міндетті және өздерінің қызметтік өкілеттігі шегінде өз шешімдері, әрекеттері немесе әрекетсіздігі үшін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шекте жауапты болады;

      4) мемлекеттік қызметке қол жеткізуге тең құқық – мемлекеттік қызметке кіру шарттарына сай болғанда Қазақстан Республикасының азаматтарына мемлекеттік қызметке қол жеткізуге тең құқық қамтамасыз етіледі;

      5) рәсімдердің ашықтығы – мемлекеттік қызметке іріктеу және мансаптық ілгерілету рәсімдері ашық, объективті болуға және Қазақстан Республикасының барлық азаматы үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге тиіс;

      6) меритократия – Қазақстан Республикасының азаматтарын мемлекеттік қызметке іріктеу олардың кәсіптік құзыреттері, лауазымдық міндеттерін тиімді орындауы, біліктілік талаптарына сай болуы негізінде жүзеге асырылады;

       7) формальды талаптарды асыра пайдалануға тыйым салу – лауазымды адамға жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын іске асырудан бас тартуға, оларды шектеуге не тоқтатуға, сондай-ақ формальды негіздер мәселені мәні бойынша қарауға кедергі келтірмесе, талаптарды тек қана осындай негіздер бойынша белгілеуге және қоюға бағытталған әрекеттерді жүзеге асыруға тыйым салынады;

      8) мемлекеттік қызметшілерді кәсіби тұрғыдан дамыту үздіксіздігі – мемлекеттік қызметшінің құзыреттерін арттыру және өздеріне жүктелген лауазымдық міндеттерді тиімді орындауды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қызметшілер тұрақты негізде оқытудан өтеді;

      9) құқықтық және әлеуметтік қорғалу – мемлекеттік қызметшілер еңбегіне ақы төлеу кепілдіктерімен, әлеуметтік және өтемақы төлемдерімен, зейнетақымен қамсыздандырылуымен, құқықтық қорғалуымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген материалдық, әлеуметтік және құқықтық қамтамасыз етудің өзге де түрлерімен қамтамасыз етіледі;

      10) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де қағидаттар.

 5-бап. Мемлекеттік қызмет және оның біртұтастығы

      1. Мемлекеттік қызмет Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мемлекеттің функциялары мен міндеттерінің тиімді орындалуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдардың келісіп жұмыс істеу мен өзара іс-қимыл жасау тетіктерімен біріктірілген бірыңғай жүйесін құрайды.

      2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі жүйесінің біртұтастығы мыналарға негізделеді:

      1) мемлекеттің унитарлық құрылымы;

       2) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне негізделген құқықтық реттеудің бірыңғай жүйесі;

      3) мемлекеттік органдардың келісіп жұмыс істеуі мен өзара іс-қимыл жасауы, олардың жауапкершілігі мен есеп беруі;

      4) мемлекеттік органдардың арасындағы құзыреттер мен мемлекеттік қызметшілердің арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату;

      5) лауазымдық орын ауыстыруы кезінде мемлекеттік қызметші мәртебесінің сақталуы;

       6) егер Қазақстан Республикасының заңдарында қосымша қаржыландыру көздері белгіленбесе, республикалық немесе жергілікті бюджеттер қаражатының есебінен не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және (немесе) Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасында айқындалған Арнаулы мемлекеттік қордың қаражатынан қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету.

      3. Мемлекеттік қызмет мынадай ерекше қызмет түрлерін де қамтиды:

      1) Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметі туралы заңнамасына сәйкес құқық қорғау қызметі;

      2) Қазақстан Республикасының әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заңнамасына сәйкес әскери қызмет;

      3) Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдар туралы заңнамасына сәйкес арнаулы мемлекеттік органдардағы қызмет;

       4) Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасына сәйкес азаматтық қорғау органдарындағы қызмет;

      5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік фельдъегерлік қызмет.

 2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ МАҚСАТЫ ЖӘНЕ ОНЫ ӨТКЕРУ

 6-бап. Мемлекеттік қызметтің мақсаты мен ерекшеліктері

      1. Мемлекеттік қызметтің мақсаты және бір уақытта оның миссиясы – Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес мемлекеттің функциялары мен міндеттерін іске асыру, адамның және Қазақстан Республикасы азаматының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруды, сондай-ақ оларға мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ұсыну сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету.

      2. Мемлекеттік қызметтің мақсаты мынадай бағыттарды қамтиды:

      1) Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек құқықтарының қорғалуын, еңбекті қорғауды, әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік сақтандыру, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтарының әлеуметтік осал санаттарын әлеуметтік қолдау жөніндегі шараларды іске асыруды қамтамасыз ету;

      2) Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығының сақталуына, ауруларының профилактикасына құқықтарының іске асырылуын қамтамасыз ету, медициналық көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен ұсынылу кепілдіктерін қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасы азаматтарының тиімді, сапалы және қолжетімді дәрілік заттарға қажеттіліктерін қанағаттандыру;

      3) Қазақстан Республикасы азаматтарының кепілдік берілген, өздері ақы төлемейтін орта білім алу құқықтарының іске асырылуын қамтамасыз ету, барлық деңгейде сапалы және қолжетімді білім беру, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, ғылым мен техниканы дамыту;

      4) қоршаған ортаны қорғауды, елдің экологиялық қауіпсіздігін, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен қалпына келтіруді, ормандарды, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқаруды және жануарлар дүниесін қорғауды, өсімін молайтуды және пайдалануды қамтамасыз ету;

      5) елдің су ресурстарын қорғауды, ұтымды пайдалануды және қалпына келтіруді қамтамасыз ету, халықтың және экономика салаларының суға қажеттіліктерін, су қорының сақталуын және суларды ластанудан, қоқыстанудан және сарқылудан қорғауды қамтамасыз ету;

      6) туризмді, бұқаралық және кәсіпқой спортты дамытуды, халықтың барлық тобы үшін спорттық іс-шаралардың қолжетімділігін қамтамасыз ету;

      7) мәдениетті қолдауды және дамытуды, мемлекеттік және басқа да тілдерді, ақпараттық саланы, қоғамдық институттарды дамытуды қамтамасыз ету, сондай-ақ діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету;

      8) агроөнеркәсіптік кешенді, аквашаруашылықты, тұқым шаруашылығын, дәнді дақылдар мен өсімдіктер карантинін, асыл тұқымды мал шаруашылығын, ветеринария мен ара шаруашылығын дамытуды қамтамасыз ету;

      9) жер ресурстарын басқаруды, жерді ұтымды пайдалануды және қорғауды, жер қатынастарын реттеуді, жер кадастрын жүргізуді және жерлердің мониторингін жүзеге асыруды қамтамасыз ету;

      10) көлік саясатын іске асыруды, Қазақстан Республикасының экономикасы мен халқының тасымалдауға қажеттіліктерін қанағаттандыруды қамтамасыз ету, көліктік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз ету;

      11) өнеркәсіпті, тау-кен металлургия кешенін, машина жасауды, құрылыс индустриясын дамытуды, жер қойнауын пайдалануды, сондай-ақ тұрғын үй қатынастары мен коммуналдық шаруашылықты реттеуді қамтамасыз ету;

      12) халықтың және экономика салаларының энергия мен энергетикалық ресурстарға қажеттіліктерін қанағаттандыруды, мұнай өнімдері мен газ өндірісін, газбен жабдықтауды, электр энергетикасын, жылумен жабдықтауды дамытуды, атом энергиясын пайдалануды, жаңартылатын энергия көздерін, сондай-ақ уран өндіруді дамытуды қамтамасыз ету;

      13) киберқауіпсіздікті, экономиканың тиімді цифрлық трансформациясын, цифрлық инфрақұрылымды дамытуды, сондай-ақ дербес деректерді, электрондық құжатты және электрондық цифрлық қолтаңбаны қорғауды қамтамасыз ету;

      14) бюджетті жоспарлау мен атқаруды, салықтық әкімшілендіруді, мемлекеттік борышты басқаруды, кеден ісі, мемлекеттік сатып алу саласындағы реттеуді, сондай-ақ мемлекеттік мүлікті басқаруды қамтамасыз ету;

      15) мемлекеттің ақша-кредит саясатын әзірлеу мен жүргізуді, төлем жүйелерінің жұмыс істеуін, валюталық реттеу мен валюталық бақылауды жүзеге асыруды қамтамасыз ету;

      16) қаржы жүйесінің тұрақтылығын, қаржы нарығын реттеу мен дамытуды, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мониторингтеуді, сондай-ақ қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету;

      17) мемлекеттік қызмет саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру мен мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар қызметтерді көрсету сапасының сақталуын бақылауды, сондай-ақ статистикалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен жетілдіруді қамтамасыз ету;

      18) кәсіпкерлікті, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытуды, табиғи монополия субъектілерінің қызметін реттеуді, бәсекелестікті қорғауды және монополистік қызметті шектеуді қамтамасыз ету;

      19) сыртқы сауда қызметін, ішкі сауданы дамыту мен реттеуді, шикізаттық емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің экспортын дамыту мен ілгерілетуді, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету;

      20) Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын және сыртқы экономикалық қызметін жүргізу жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру, халықаралық аренада ұлттық мүдделерді қорғауды, сондай-ақ шетелде Қазақстан Республикасы азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету;

      21) конституциялық құрылыс негіздерін, мемлекеттік егемендікті, аумақтық тұтастықты, экономикалық, ғылыми-техникалық әлеует пен қорғаныс әлеуетін қорғауды, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзетуді қамтамасыз ету, үкіметтік байланысты қолдап отыру және онымен қамтамасыз ету, сондай-ақ терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл жасау;

      22) мемлекеттің қорғаныс қабілетін, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын, елдің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қарулы қорғауды қамтамасыз ету;

      23) күзетілетін адамдардың және күзетілетін объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      24) қоғамдық тәртіпті қорғауды, қылмысқа қарсы күресті, қоғамдық қауіпсіздікті, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      25) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың және олардың салдарының алдын алу мен жоюды, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуі мен дамуын қамтамасыз ету;

      26) адамның және Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды және қалпына келтіруді, заңдылықтың бұзылуын, оған ықпал ететін себептер мен жағдайларды, сондай-ақ олардың салдарын анықтау мен жоюды қамтамасыз ету;

      27) сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыруды және іске асыруды, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді қамтамасыз ету;

      28) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимылды қамтамасыз ету;

      29) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де бағыттар.

      3. Мемлекеттік қызметтің еңбек қызметінің өзге түрлерінен ажыратылатын ерекшеліктері:

      1) мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген қосымша құқықтарды, міндеттерді, жеңілдіктерді, кепілдіктерді және шектеулерді көздейтін ерекше құқықтық мәртебесі;

      2) мемлекеттік қызметке кірудің, оны өткерудің және тоқтатудың ерекше шарттары мен тәртібі;

      3) мемлекеттің функциялары мен міндеттерін іске асыруға, мемлекет пен қоғамның мүдделерін қорғауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес адамның және Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен бостандықтарын іске асыруды қамтамасыз етуге бағытталған лауазымдық өкілеттігін атқаруды қамтитын мемлекеттік қызметшілер қызметінің жария-құқықтық сипаты.

 7-бап. Мемлекеттік қызметті өткеру негізі

      Мемлекеттік қызметті өткеру мемлекеттік саясатқа бейілділікке, қоғамның мемлекеттік қызметке сеніміне және мемлекеттік қызметшінің өзі берген антқа адал болуына негізделеді.

      Мемлекеттік қызметті өткеру мемлекеттік қызметшіге қазақстандық патриотизм, кәсібилік, клиентке бағдарлану, ашықтық, әдептілік және мінсіз бедел, сондай-ақ құқық бұзушылықтарға және мүдделер қақтығысына төзбеушілік талаптарын қояды.

 8-бап. Қазақстандық патриотизм

      Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметті Қазақстан Республикасының азаматтары жүктелген лауазымдық міндеттерді адал орындаудан, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы болатын халыққа қызмет етуден, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысының негіздері мен ұлттық мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуден, сондай-ақ мемлекеттік қызмет мүдделеріне нұқсан келтіретін іс-әрекеттердің жолын кесуден көрінетін қазақстандық патриотизм негізінде жүзеге асырады.

 9-бап. Кәсібилік

      1. Мемлекеттік қызметшінің кәсібилігі оның білімімен, лауазымдық міндеттерді тиісінше атқару үшін қажетті құзыреттерінің болуымен, біліктілік талаптарында белгіленген жағдайда жұмыс тәжірибесімен, сондай-ақ лауазымдық міндеттерді атқару тиімділігімен айқындалады.

      2. Лауазымдық міндеттерді атқару тиімділігі Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мақсаттарға, мемлекеттік органдардың қызметі тиімділігінің көрсеткіштеріне, оның ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген көрсеткіштерге қол жеткізуді, лауазымдық міндеттерді, жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың тапсырмалары мен актілерін уақтылы және тиісінше орындауды қамтиды.

      3. Мемлекеттік лауазымға орналасуға үміткер кандидаттың біліктілігі мен құзыреттері нақты мемлекеттік лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігімен расталады.

      4. Лауазымдық міндеттерді атқару тиімділігін бағалау осы Заңға және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

 10-бап. Клиентке бағдарлану

      1. Клиентке бағдарлану мемлекеттік қызметшінің қызметін ұйымдастыруға және лауазымдық мінез-құлқына қойылатын, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері ескеріле отырып, олармен тиімді өзара іс-қимыл жасау үшін қажетті жағдайлар жасауға бағытталған талаптар жиынтығын қамтиды.

      2. Мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде жеке және (немесе) заңды тұлғалардың жолданымдарын қарауға және өзінің лауазымдық өкілеттігі шегінде оларға толық әрі жан-жақты жауап ұсынуға міндетті.

      3. Мемлекеттік қызметші жеке және (немесе) заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруды, оның ішінде:

      1) егер олардың құқықтары туындаған кезді айқындау мүмкін болса және оның келісімі болғанда, олардың жолданымынсыз;

      2) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың өзара байланысты бірнеше құқығын бір уақытта іске асыруды қамтамасыз ету мүмкін болған жағдайда, бір жолданым негізінде;

      3) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жеке тұлғалардың тұрғылықты жеріне немесе заңды тұлғалардың орналасқан жеріне қарамастан;

      4) өтініш берушіге жолданымда және қоса берілген құжаттарда жол берілген қателерді, дәлсіздіктерді немесе сәйкессіздіктерді жою, сондай-ақ жеткіліксіз құжаттарды не қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсыну Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актісінде көзделген болса, оларды ұсыну мүмкіндігін беру арқылы жолданымды формальды негіздер бойынша қараудан бас тартуға жол бермей қамтамасыз етуге бағытталған, мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру жөніндегі шараларды қабылдауға міндетті.

       4. Жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік қызметші мемлекеттік органның қызметін үздіксіз жетілдіру, оның ішінде:

      1) мемлекеттік функцияларды атқару мерзімдері мен кезеңдерін, сұратылатын құжаттардың көлемін қысқартуды қоса алғанда, оларды оңтайландыру және автоматтандыру бойынша ұсыныстар енгізу;

      2) төрешілдік және сөзбұйдалық көріністеріне ықпал ететін себептер мен жағдайларды, оның ішінде мемлекеттік функцияларды тиімді атқаруға және (немесе) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға кедергі келтіретін әкімшілік, цифрлық және құқықтық кедергілерді, артық және қайталанатын талаптарды айқындау және жою шараларын қабылдайды.

      5. Мемлекеттік қызметшінің клиентке бағдарлануы оның лауазымдық өкілеттігін жүзеге асыруы кезінде, оның ішінде мемлекеттік қызметтерді көрсету, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, цифрлық жүйелерді қалыптастыру және дамыту кезінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де жағдайларда қамтамасыз етіледі.

      Мемлекеттік қызметші жеке және (немесе) заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасаған кезде өздерінің лауазымдық өкілеттігі шегінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексіне сәйкес клиентке бағдарлануды көрсетеді.

 11-бап. Ашықтық

       1. Мемлекеттік қызметші қызметінің ашықтығы Қазақстан Республикасының Конституциясында, "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуді қамтиды.

       Қол жеткізу шектелген ақпаратты қоспағанда, мемлекеттік қызметші мемлекеттік лауазымға жүктелген лауазымдық өкілеттік шегінде өз қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді.

      2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік қызметшінің өз лауазымдық өкілеттігін жүзеге асыру кезінде формальды негіздер бойынша бас тартуды қоса алғанда, жеке және (немесе) заңды тұлғаларға ақпарат беруден негізсіз бас тартуға, ақпарат беруді негізсіз кідіртуге, сондай-ақ анық емес және (немесе) толық емес ақпарат берілуіне жол беруге құқығы жоқ.

      Жеке және (немесе) заңды тұлғаларға ақпарат беруден бас тарту Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда және негіздерде жүзеге асырылады.

      Егер сұрау салулар мемлекеттік қызметшінің лауазымдық өкілеттігін жүзеге асырумен немесе жария сөз сөйлеудің және (немесе) қоғамдық іс-шараның күн тәртібі тақырыбына байланысты болмаса, әдепсіз немесе қорлау сипатындағы мәселелерді қамтыса не оның жеке өмірін қозғаса, осындай сұрау салулар бойынша ақпарат беруден бас тартуға құқылы.

      3. Анонимді жолданымдарда дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар не мемлекеттік немесе қоғамдық қауіпсіздікке қатер жөнінде мәліметтер қамтылған, құзыретіне сәйкес оларды қарауға уәкілетті мемлекеттік органдарға дереу қайта жіберілуге тиіс жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік қызметші оларды қарамауға құқылы.

 12-бап. Әдептілік, мінсіз бедел

      1. Мемлекеттік қызметші қызметтік әдепті сақтауға, мінсіз беделді ұстануға, жағымсыз қоғамдық резонанс туғызуға немесе мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеттер мен мінез-құлықтан тартынуға міндетті.

      Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

      Мемлекеттік қызметшінің қызметтік әдепті бұзуы осы Заңда белгіленген тәртіптік жауаптылыққа, атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға дейін алып келеді.

      2. Мемлекеттік қызметшінің, мемлекеттік лауазымға орналасуға үміткер адамның мінсіз беделі мемлекеттік қызметке кіруге және оны өткеруге кедергі келтіретін мән-жайлардың болмауына байланысты жеке, әдептік және кәсіби қасиеттер жиынтығын қамтиды.

       Мемлекеттік қызметші немесе мемлекеттік лауазымға орналасуға үміткер адам мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға негіздер не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны немесе қызметтік әдепті сақтамағаны үшін алынбаған тәртіптік жазасы болған кезде мінсіз беделі бар адам болып саналмайды.

 13-бап. Құқық бұзушылықтар мен мүдделер қақтығысына төзбеушілік

       1. Мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін сақтауға, жеке және (немесе) заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтарының және заңды мүдделерінің бұзылуына жол бермеуге, сондай-ақ лауазымдық өкілеттігін атқаруы кезінде өзіне мәлім болған құқық бұзушылық фактілері туралы хабарлауға міндетті.

       Мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы іс-қимыл жасауға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабарлауға және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген шараларды қабылдауға міндетті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) мемлекеттік қызметшіге Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекет кепілдік беретін қорғау шаралары ұсынылады.

      Анонимдік айыптау жағдайларын қоспағанда, мемлекеттік қызметшіге сыбайлас жемқорлық жасады деп жариялы түрде айып тағылған жағдайда, ол осындай айыптау анықталған күннен бастап бір ай мерзімде оны теріске шығару жөніндегі шараларды қабылдауға және (немесе) оны сот тәртібімен даулауға міндетті.

      Мемлекеттік орган басшылығы ақпаратты алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде мемлекеттік қызметшінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, оны осындай бұзушылықтар жасауға итермелеу жағдайлары туралы өтініш бойынша, оның ішінде тексерулер ұйымдастыру және уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен уәкілетті органдарға жолданымдар жіберу арқылы шаралар қабылдауға міндетті.

       2. Мемлекеттік қызметшіге "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мүдделер қақтығысы болса, лауазымдық өкілеттікті жүзеге асыруға тыйым салынады.

       Мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

 14-бап. Мемлекеттік қызметті өткеруге байланысты шектеулер

      1. Мемлекеттік қызметшіге, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адамға:

      1) өкілді органның депутаты болуға;

      2) өзі қызмет ететін мемлекеттік органда не осы мемлекеттік органға тікелей бағынысты немесе оның бақылауындағы ұйымда үшінші тұлғалардың істері бойынша өкіл болуға;

      3) өзінің қызмет бабындағы жұмысын материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа мемлекеттік мүлікті және қызметтік ақпаратты қызметтік емес мақсаттарда пайдалануға;

      4) ереуілді қоса алғанда, мемлекеттік органдардың қалыпты жұмыс істеуіне және лауазымдық міндеттерді орындауға кедергі келтіретін әрекеттерге қатысуға;

      5) лауазымдық өкілеттігін атқаруына байланысты жеке және (немесе) заңды тұлғалардың көрсетілетін қызметтерін жеке мақсаттарында пайдалануға;

       6) оқытушылық, ғылыми, шығармашылық қызметтен, резервтегі әскери қызметті өткеруден бөлек, ақы төленетін басқа қызметпен айналысуға тыйым салынады.

      Сайлауды дайындау және өткізу кезеңінде сайлау комиссияларының мүшелері болатын мемлекеттік қызметшілердің үстеме жұмысына, мереке және демалыс күндеріндегі жұмысына, түнгі уақытындағы еңбегіне ақы төлеу сайлау өткізуге бөлінген қаражат есебінен жүзеге асырылады;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымдық міндеттері болатын не осы тармақтың 9) тармақшасында көрсетілген акцияларды басқару үшін қажет болатын не саяси партияны, кәсіптік одақты, тұтыну немесе тұрғын үй-құрылыс кооперативін басқаруға өтеусіз негізде қатысу болатын жағдайларды қоспағанда, коммерциялық немесе коммерциялық емес ұйымды басқаруға қатысуға;

      8) кәсіпкерлік қызметпен айналысуға;

       9) ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын, облигацияларды, коммерциялық ұйымдардың акцияларын (ұйымдардың дауыс беретін акциялары жалпы санының бес пайызынан аспайтын көлемдегі жай акцияларды) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сатып алуды және (немесе) өткізуді қоспағанда, бағалы қағаздарды сатып алуға тыйым салынады.

       2. Мемлекеттік қызметшіге "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жақын туыстарымен, жұбайларымен (зайыптарымен) немесе жекжаттарымен бірге мемлекеттік қызмет (жұмыс) істеуіне жол берілмейді.

      3. Мемлекеттік органдарда саяси партиялардың ұйымдарын құруға жол берілмейді.

      Мемлекеттік қызметші лауазымдық өкілеттігін атқару кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын басшылыққа алады және саяси партиялардың, діни және қоғамдық бірлестіктердің және олардың органдарының шешімдеріне байланысты болмайды.

      Мемлекеттік қызметші олардың қызметінен бейтарап және тәуелсіз болуға міндетті.

      4. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы және оның орынбасарлары, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның Төрағасы және оның орынбасарлары:

      1) көрсетілген мемлекеттік лауазымдарға тағайындалған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде инвестициялық қорлардың өздеріне тиесілі пайларын, облигацияларды, коммерциялық ұйымдардың акцияларын сенімгерлік басқаруға беруге және сенімгерлік басқару шартының нотариат куәландырған көшірмесін жұмыс орны бойынша персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) ұсынуға міндетті;

      2) инвестициялық қорлардың пайларын, облигацияларды, коммерциялық ұйымдардың акцияларын сатып алуға құқылы емес.

      5. Мемлекеттік қызметші, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адам Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға орналасқан күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, өздеріне заңды түрде тиесілі ақшаны, облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын, коммерциялық ұйымдардың акцияларын (ұйымдардың дауыс беретін акциялары жалпы санының бес пайызынан аспайтын көлемдегі жай акцияларды), цифрлық активтерді, сондай-ақ мүліктік жалдауға (жалға) берілген мүлікті қоспағанда, өздеріне меншік құқығымен немесе өзге де заттай құқығымен тиесілі, пайдаланылуы кіріс алуға алып келетін мүлікті мемлекеттік қызметті өткеру уақытында сенімгерлік басқаруға беруге және көрсетілген мерзімде жұмыс орны бойынша персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) мүлікті сенімгерлік басқару шартының нотариат куәландырған көшірмесін ұсынуға міндетті.

       Мемлекеттік қызметке кірген кезде шаруашылық немесе фермерлік қожалық мүшесі не дара кәсіпкер мемлекеттік лауазымға орналасқан күннен бастап алты айдан аспайтын мерзімде кәсіпкерлік қызметін тоқтату және (немесе) мүлкін иеліктен шығару шараларын қабылдауға міндетті. Көрсетілген іс-әрекеттер аяқталғанға дейін ол кәсіпкерлік қызметпен айналысуға және өзіне тиесілі мүлкін басқаруға қатысуға құқылы емес. Қызметті тоқтату және (немесе) мүлікті иеліктен шығару персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) ұсынылатын құжаттармен расталады.

       Осы тармақта көрсетілген шараларды қабылдамау мемлекеттік лауазымнан шығаруға алып келеді.

      6. Мемлекеттік қызметші, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адам сенімгерлік басқаруға берілген мүліктен түсетін кірісті алуға құқығы бар.

      Мемлекеттік қызметші, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адам өздеріне меншік құқығымен тиесілі тұрғынжайды мүліктік жалдауға (жалға) беруге және осындай жалға беруден кіріс алуға, сондай-ақ сенімгерлік басқаруға берілген мүліктен және басқа да заңды көздерден кіріс алуға құқылы.

      7. Мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адамдардың мүлкін сенімгерлік басқаруға беру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

      8. Мемлекеттік қызметші, сондай-ақ мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адам мемлекеттік лауазымға кіріскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде өзін құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысудан "Ойын бизнесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен өз бетінше шектеуге міндетті.

       9. Мемлекеттік қызметші, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адам қабылдайтын, мемлекеттік қызметте болуына байланысты шектеулер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер осы Заңда, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді.

 3-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІ

 15-бап. Мемлекеттік қызметшінің мәртебесі

      1. Мемлекеттік қызметшінің мәртебесі осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген, мемлекеттік қызметте болуына байланысты шектеулері бар Қазақстан Республикасының азаматы ретінде мемлекеттік қызметшінің жалпы құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет ерекшеліктеріне негізделген құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін қамтиды.

      Мемлекеттік қызметшінің құқықтары мен бостандықтарын шектеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген қосымша құқықтармен және кепілдіктермен өтеледі.

      2. Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік лауазымға тағайындалған немесе сайланған кезден бастап мемлекеттік қызметші мәртебесіне ие болады және мемлекеттік қызметі тоқтатқан кезден бастап одан айырылады.

 16-бап. Мемлекеттік қызметшінің негізгі құқықтары

       Мемлекеттік қызметшінің:

       1) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарында кепілдік берілген құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық және әлеуметтік қорғалуға;

      3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген кепілдіктер мен өтемақыларға;

      4) зейнетақымен қамсыздандырылуға және әлеуметтік қамсыздандырудың өзге де түрлеріне;

      5) жеке қадір-қасиетінің құрметтелуіне, өзіне мемлекеттік қызметшілердің және жеке тұлғалардың әділ әрі құрметпен қарауына;

      6) еңбегінің қорғалуына, денсаулығының сақталуына, қауіпсіз және тиімді жұмыс істеу үшін қажетті еңбек жағдайларына;

      7) өзінің тікелей басшысынан өзі атқарып отырған мемлекеттік лауазымына сәйкес міндеттерді және лауазымдық өкілеттік көлемін дәл айқындап беруді талап етуге;

      8) лауазымдық өкілеттігін атқару үшін қажетті ақпарат пен материалдарды белгіленген тәртіппен алуға;

      9) өзінің лауазымдық өкілеттігі шегінде мәселелерді қарауға және олар бойынша шешімдер қабылдауға қатысуға, тиісті лауазымды адамдардың, жеке және заңды тұлғалардың оларды орындауын талап етуге;

      10) өзінің лауазымдық өкілеттігін атқару үшін белгіленген тәртіппен ұйымдарға баруға;

      11) өзінің мемлекеттік қызметті өткеруіне қатысты материалдармен кедергісіз танысуға және қажет болған жағдайларда жеке түсініктемелер беруге;

      12) мемлекеттік қызметшінің пікірінше негізсіз айып тағылған жағдайда қызметтік тергеп-тексеру жүргізуді талап етуге;

      13) жұмыс тиімділігіне, кәсіптік тәжірибесіне және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де негіздерге байланысты ынталандыруға және еңбегіне ақы төлеуге;

      14) егер Қазақстан Республикасының заңдарында қосымша қаржыландыру көздері белгіленбесе, тиісті бюджет қаражаты не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаражаты есебінен даярлануға, қайта даярлануға және біліктілігін арттыруға;

      15) лауазымдық орын ауыстыруға және мемлекеттік қызмет бабында ілгерілеуге;

      16) осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік қызметтен өз еркімен шығуға;

      17) жасанды интеллект технологияларына негізделген цифрлық жүйелерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен пайдалануға құқығы бар.

       Мемлекеттік қызметшінің өзге де құқықтары осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді.

 17-бап. Мемлекеттік қызметшінің негізгі міндеттері

       Мемлекеттік қызметші:

       1) Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін сақтауға;

      2) Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен ант қабылдауға және оны сақтауға;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар мен шектеулерді сақтауға;

      4) қызметтік тәртіпті сақтауға;

      5) өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді адал және кәсіби тұрғыдан орындауға;

      6) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шекте өз қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге;

      7) осы Заңда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде белгіленген қызметтік әдепті, мінсіз беделге қойылатын талаптарды сақтауға;

      8) өз қызметін клиентке бағдарлану негізінде жүзеге асыруға;

      9) мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу жөніндегі шараларды қабылдауға;

      10) құқық бұзушылықтардың жасалуына жол бермеуге, қарамағындағы мемлекеттік қызметшілер мен қарамағындағы өзге де адамдар тарапынан жасалатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға;

      11) өздерінің лауазымдық өкілеттігі шегінде шығарған мемлекеттік органдар басшыларының бұйрықтары мен өкімдерін, жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың шешімдері мен нұсқамаларын орындауға;

      12) жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауды және қорғауды қамтамасыз етуге, олардың жолданымдарын қарауға және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен және мерзімде олар бойынша қажетті шаралар қабылдауға;

      13) мемлекеттік құпияларды және Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны, оның ішінде мемлекеттік қызмет тоқтатылғаннан кейін, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген уақыт ішінде сақтауға;

      14) лауазымдық өкілеттігін атқару кезінде алатын, адамның және азаматтың жеке өмірін, ар-намысы мен қадір-қасиетін қозғайтын мәліметтерді жария етпеуге, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, олардан мұндай ақпарат беруді талап етпеуге;

      15) мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті қызметтік мақсатта ғана пайдалануға;

      16) мемлекеттік органның цифрлық ресурстарымен жұмыс істеу кезінде киберқауіпсіздікті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қамтамасыз етуге;

      17) мемлекеттік қызметтің имиджі мен мүдделеріне нұқсан келтіретін жария сөз сөйлеуге жол бермеуге міндетті.

       Мемлекеттік қызметшілердің өзге де міндеттері осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      4-тарау 01.01.2027 бастап қолданысқа енгізіледі - осы Заңның 90-б. қараңыз.

 4-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ КІРУГЕ ДАЯРЛАУ

 18-бап. Мемлекеттік қызметке кіруге даярлау

      1. Қазақстан Республикасының азаматтарын мемлекеттік қызметке кіруге даярлау Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік қызметке кіруі мен оны өткеруі үшін қажетті кәсіптік және жеке құзыреттерін дамытуға бағытталған білім беру және оқу-тәрбие іс-шаралары кешенін қамтиды және:

      1) ерте кәсіптік бағдарлау шеңберінде төменгі лауазымдарға орналасуға даярлауды;

      2) басшы лауазымдарға орналасуға даярлауды көздейді.

       2. Мемлекеттік қызметке кіруге даярлау үшін Қазақстан Республикасының азаматтарын іріктеу, мемлекеттік қызметке кіруге даярлауды ұйымдастыру және одан өту тәртібі уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік қызметке кіруге даярлау қағидаларында айқындалады.

      3. Ерте кәсіптік бағдарлау шеңберінде төменгі лауазымдарға орналасу үшін даярлықтан не басшы лауазымдарға орналасу үшін даярлықтан өтіп жатқан Қазақстан Республикасының азаматымен оқыту шарты жасалады, онда даярлық аяқталғаннан кейін жұмыспен өтеу, сондай-ақ мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз болатын фактілерге жол бермеу жөніндегі міндеттемелер көзделеді.

       Оқыту шартының нысаны, оны жасасу, ұзарту, өзгерту, бұзу және тоқтату тәртібі білім беру ұйымдары бекіткен оқуға қабылдау қағидаларында айқындалады.

      Он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған адамдармен оқыту шарты жасалған жағдайда, ата-аналарының, асырап алушыларының, қорғаншыларының немесе қамқоршыларының келісімі қажет.

       4. Ерте кәсіптік бағдарлау шеңберінде төменгі лауазымдарға орналасу үшін даярлықты аяқтаған Қазақстан Республикасының азаматы уәкілетті органмен келісу бойынша ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын және оқыту шартында белгіленген тәртіппен оқу аяқталған күннен бастап үш жыл ішінде мемлекеттік қызметте жұмыспен өтеуге міндетті.

      5. Басшы лауазымдарға орналасу үшін даярлықты аяқтаған Қазақстан Республикасының азаматы оқу аяқталған күннен бастап үш жыл ішінде мемлекеттік қызметке кіруге даярлау қағидаларында айқындалатын және оқыту шартында белгіленген тәртіппен мемлекеттік қызметте жұмыспен өтеуге міндетті.

      6. Ерте кәсіптік бағдарлау шеңберінде төменгі лауазымдарға орналасу үшін даярлықты, басшы лауазымдарға орналасу үшін даярлықты аяқтаған Қазақстан Республикасының азаматы оқуға арналған бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды жұмыспен өтеу міндеттемелерін орындамаған кезде, оның ішінде мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылатын фактілердің болуына байланысты нақты жұмыспен өтелген кезеңге мөлшерлес өтеуге міндетті.

      Ерте кәсіптік бағдарлау шеңберінде төменгі лауазымдарға орналасу үшін даярлықты аяқтаған адамдар үшін жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттемелерді тоқтата тұру және мерзімінен бұрын тоқтату негіздері, тәртібі Қазақстан Республикасының білім саласындағы заңнамасында айқындалады.

      Басшы лауазымдарға орналасу үшін даярлықты аяқтаған Қазақстан Республикасының азаматтары үшін жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттемелерді тоқтата тұру және мерзімінен бұрын тоқтату негіздері, тәртібі мемлекеттік қызметке кіруге даярлау қағидаларында айқындалады.

 19-бап. Төменгі лауазымдарға орналасу үшін даярлау

      1. Ерте кәсіптік бағдарлау шеңберінде төменгі лауазымдарға орналасу үшін даярлау лауазымдық міндеттерді тиімді атқаруға қажетті, мемлекеттік қызметшілердің кәсіптік құзыреттері мен дағдыларын қалыптастыруға, мемлекеттік қызметте қазақстандық патриотизмді нығайтуға, құқықтық мәдениетті дамытуға және қызметтік әдепті сақтауға бағытталған оқытуды көздейді.

      2. Білім беру гранты шеңберінде төменгі лауазымдарға орналасу үшін мамандар даярлаудың басым бағыттарының тізбесін уәкілетті орган ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша кадрларға қажеттілікті көздейтін стратегиялық және бағдарламалық құжаттар негізінде жыл сайын қалыптастырады.

      Білім беру гранттары Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес даярлаудың өзге де бағыттары бойынша бөлінуі мүмкін.

       3. Қазақстан Республикасының азаматы ерте кәсіптік бағдарлау шеңберінде төменгі лауазымдарға орналасу үшін даярлыққа қатысатын адам мәртебесіне жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында бакалавриат бағдарламасы бойынша оқуға қабылданған күннен бастап ие болады және оны мемлекеттік қызметке кіруге даярлау қағидаларына сәйкес оқу аяқталған немесе тоқтатылған күннен бастап жоғалтады.

       Қазақстан Республикасының азаматы осы Заңның 21-бабы 2-тармағы бірінші бөлігінің 1), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10), 11), 12), 13), 14), 15), 16), 17), 18) және 19) тармақшаларында көзделген жағдайларда ерте кәсіптік бағдарлау шеңберінде төменгі лауазымдарға орналасу үшін даярлауға жіберілмейді.

       4. Ерте кәсіптік бағдарлау шеңберінде төменгі лауазымдарға орналасу үшін даярлыққа қатысатын адам оқу кезеңінде мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз болатын фактілерге жол бермеу туралы міндеттемелерді қабылдайды.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген міндеттемелерді сақтамау Қазақстан Республикасының білім саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен оқуды тоқтатуға және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымынан шығаруға алып келеді.

      5. Ерте кәсіптік бағдарлау шеңберінде төменгі лауазымдарға орналасу үшін даярлықты аяқтаған Қазақстан Республикасының азаматы оқу аяқталған күннен бастап екі жыл ішінде, мемлекеттік қызметке кіруге даярлау қағидаларында айқындалатын тәртіппен уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша конкурс өткізілмей, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда төменгі лауазымға орналаса алады.

 20-бап. Басшы лауазымдарға орналасу үшін даярлау

      1. Басшы лауазымдарға орналасу үшін даярлау мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде магистратура бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарында оқытуды көздейді.

      2. Басшы лауазымдарға орналасу үшін даярлау шеңберінде ерте кәсіптік бағдарлау шеңберінде төменгі лауазымдарға орналасу үшін даярлықты аяқтаған және даярлық аяқталғаннан кейін мемлекеттік қызметте жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттемелерді орындаған Қазақстан Республикасының азаматы оқуға қабылдануы мүмкін.

       Қазақстан Республикасының азаматы осы Заңның 21-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларда басшы лауазымдарға орналасу үшін даярлауға жіберілмейді.

      3. Қазақстан Республикасының азаматы басшы лауазымдарға орналасу үшін даярлыққа қатысатын адам мәртебесіне оқуға қабылданған күннен бастап ие болады және оны оқу аяқталған не тоқтатылған күннен бастап мемлекеттік қызметке кіруге даярлау қағидаларында белгіленген тәртіппен жоғалтады.

      4. Басшы лауазымдарға орналасу үшін даярлыққа қатысатын адам оқыту кезеңінде қызметтік әдепті сақтау және мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз болатын фактілерге жол бермеу жөніндегі міндеттемелерді қабылдайды.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген міндеттемелерді сақтамау оқуды тоқтатуға және бюджет қаражаты есебінен оқуға жұмсалған шығыстарды өтеуге алып келеді.

      5. Осы баптың 2-тармағында аталған, басшы лауазымдарға орналасу үшін даярлықты аяқтаған Қазақстан Республикасының азаматы, сайланатын мемлекеттік лауазымдарды қоспағанда, уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен орталық мемлекеттік органдарда және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда басшы лауазымға орналаса алады.

 5-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ КІРУ

 21-бап. Мемлекеттік қызметке кіру шарттары

       1. Мемлекеттік қызметке мінсіз беделі бар, біліктілік талаптарына сай болатын, өздерінің жеке және кәсіби қасиеттері, білім деңгейі бойынша өздеріне жүктелген лауазымдық міндеттерді орындауға қабілетті, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.

      Мемлекеттік қызметке кіретін Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттік қызметте болуына байланысты шектеулерді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайды.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген, жасына байланысты шектеу лауазымдық өкілеттік мерзімдері Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған саяси мемлекеттік лауазымдарға қолданылмайды.

       Осы бапта көзделмеген өзге де жағдайларда Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматын саяси мемлекеттік лауазымға Қазақстан Республикасының Президенті ғана тағайындауы мүмкін.

      Әскери лауазымдарға және құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың және азаматтық қорғау органдарының лауазымдарына орналасуға үміткер Қазақстан Республикасының азаматтарына жасына байланысты қойылатын шектеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

      2. Мемлекеттік қызметке:

      1) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалту, одан айырылу не шығу салдарынан Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған:

      2) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында тиісті мемлекеттік лауазымдарға қатысты өзге талаптар белгіленбесе, он сегіз жасқа толмаған;

      3) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес біліктілік талаптарына сай келмейтін;

      4) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;

      5) психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда есепте тұрған не лауазымдық өкілеттігін орындауға кедергі келтіретін аурулардың тізбесіне, сондай-ақ мемлекеттік лауазымдарға орналасу үшін денсаулық жағдайына қойылатын, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітетін талаптарға сәйкес медициналық мекеменің қорытындысы негізінде лауазымдық өкілеттігін орындауға кедергі келтіретін ауруы бар;

       6) осы Заңда, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген шектеулерді қабылдаудан бас тартқан;

      7) мемлекеттік қызметке кіру уақытына қарай Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар;

      8) сот белгілі бір мерзім ішінде мемлекеттік лауазымдарға орналасу құқығынан айырған;

      9) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы екі жыл ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылған, сондай-ақ мемлекеттік қызметке кірер алдындағы бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді немесе қызметтік әдепті сақтамағаны үшін жұмыстан шығарылған;

      10) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы екі жыл ішінде құқық қорғау қызметінен, әскери қызметтен, арнаулы мемлекеттік органдардан, азаматтық қорғау органдарындағы қызметтен, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтен теріс себептермен шығарылған, сондай-ақ теріс себептермен судьяның өкілеттігін тоқтатқан Қазақстан Республикасының азаматы қабылданбайды.

      Осы тармақшаның бірінші бөлігінің күші:

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның кәсіптік жарамсыздыққа байланысты атқаратын лауазымына сай келмеуі туралы шешімінің негізінде судья өкілеттігін тоқтатқан;

      қатарынан үш және одан да көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметте болмауына байланысты жұмыстан шығарылған адамға қолданылмайды;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      11) тармақша 01.01.2027 бастап қолданысқа енгізіледі - осы Заңның 90-б. қараңыз.

       11) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы екі жыл ішінде атқаратын лауазымынан шығарылған немесе босатылған, сол сияқты Қазақстан Республикасының азаматы шығыстарының оның кірістеріне сәйкес келмеуіне байланысты "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өкілеттігін тоқтатқан;

      12) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы екі жыл ішінде сенімнен айырылуына байланысты саяси мемлекеттік лауазымнан шығарылған;

      13) активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны ұсынбаған адамды жұмысқа қабылдағаны үшін мемлекеттік қызметші ретінде алғаш рет әкімшілік жауаптылыққа тартылған жағдайды қоспағанда, мемлекеттік қызметке кiрер алдындағы үш жыл iшiнде әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн оған әкiмшiлiк жаза қолданылған;

       14) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін өзіне қатысты соттың айыптау үкімі шығарылған немесе мемлекеттік қызметке кірер алдындағы үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

       15) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы бес жыл ішінде онша ауыр емес қылмыс жасағаны үшін өзіне қатысты соттың айыптау үкімі шығарылған немесе мемлекеттік қызметке кірер алдындағы бес жыл ішінде онша ауыр емес қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

       16) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы сегіз жыл ішінде ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін өзіне қатысты соттың айыптау үкімі шығарылған немесе мемлекеттік қызметке кірер алдындағы сегіз жыл ішінде ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған (бұл ретте жеке адамға, отбасына және кәмелетке толмағандарға, бейбiтшiлiкке және адамзат қауiпсiздiгiне, конституциялық құрылыс негіздеріне және мемлекет қауiпсiздiгiне, меншікке, коммерциялық және өзге де ұйымдардағы қызмет мүдделеріне, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке, халық денсаулығы мен адамгершілікке, мемлекеттік қызмет мүдделеріне және мемлекеттік басқаруға, басқару тәртібіне, сот төрелігіне және жазаларды орындау тәртібіне, конституциялық іс жүргізуге қарсы ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін, сондай-ақ экономикалық қызмет саласында ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін сотталғандығы бар немесе болған немесе қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған Қазақстан Республикасының азаматы мемлекеттік қызметке қабылданбайды);

      17) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;

       18) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бұрын сотталған немесе қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

      19) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда, Қазақстан Республикасының азаматы қабылданбайды.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайлардың кез келгенінің болуы мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз болады.

      3. Басшы лауазымға орналасу үшін осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 9), 10), 11), 12), 13), 14), 15) және 16) тармақшаларында көрсетілген шектеулердің мерзімі үш жылға ұлғайтылады.

       4. Сайланатын мемлекеттік лауазымға орналасу үшін Қазақстан Республикасының азаматтары осы Заңның, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сай болуға тиіс.

      5. Қазақстан Республикасының азаматтарын құқық қорғау қызметіне, әскери қызметке, азаматтық қорғау органдарындағы қызметке, мемлекеттік фельдъегерлік қызметке, арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметке қабылдаудағы шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.

      6. Осы баптың 2-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген мәліметтерді ұсынбау немесе қасақана бұрмалау мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға, мемлекеттік қызметті тоқтатуға негіз болады.

       7. Мемлекеттік қызметке кіретін Қазақстан Республикасының азаматтары мен олардың жұбайы (зайыбы) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзімде активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны мемлекеттік кіріс органдарына ұсынады.

      Мемлекеттік қызметке кірген Қазақстан Республикасының азаматтары мен олардың жұбайлары (зайыптары) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімде жеке тұлғалардың декларацияларын мемлекеттік кірістер органдарына ұсынуға міндетті.

      8. Мыналарды:

      1) құқық қорғау органдарының және азаматтық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға түсетін;

      2) қатардағы және кіші басшы құрамдардың лауазымдарына алғашқы кәсіптік даярлауға түсетін;

       3) "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 8-тармағында, 7-бабының 3-тармағында және 7-1-бабының 1-тармағында көзделген адамдарды қоспағанда, құқық қорғау органдарындағы және азаматтық қорғау органдарындағы қызметке кіретін Қазақстан Республикасының азаматтары уәкілетті органда тестілеуден, оның ішінде жеке қасиеттерін бағалаудан өтеді.

      Құқық қорғау қызметіне және азаматтық қорғау органдарындағы қызметке кіретін Қазақстан Республикасының азаматтарын тестілеу тәртібі мен бағдарламаларын құқық қорғау органдарымен және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган айқындайды.

 22-бап. Арнайы тексеру

      1. Осы баптың 2 және 5-тармақтарында аталған адамдарды қоспағанда, мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін оған қайтадан кіретін Қазақстан Республикасының азаматтары осы Заңға және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметке кіру шарттарына сәйкестігі тұрғысынан Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізетін міндетті арнайы тексерудің оң нәтижелерін алуы қажет.

      Мемлекеттік орган мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін оған қайтадан кіретін Қазақстан Республикасының азаматтарын лауазымға қабылдаған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде олардың құжаттарын міндетті арнайы тексеру жүргізу үшін Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына жібереді.

      2. Мемлекеттік қызметші лауазымдық орын ауыстыруы кезінде басқа мемлекеттік лауазымға орналасқан жағдайда, ол мемлекеттік қызметке қайта кірген болып есептелмейді.

       3. Мемлекеттік лауазымдарға кандидаттарды міндетті арнайы тексеру үш ай ішінде жүргізіледі.

      Сайланатын мемлекеттік лауазымдарға кандидаттарды арнайы тексеру Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарына қажетті құжаттар келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жүргізіледі.

      4. Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын не Қазақстан Республикасының Құрылтайы сайлайтын саяси мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, осы Заңға сәйкес мемлекеттік қызметке кіретін Қазақстан Республикасының азаматтары, міндетті арнайы тексерудің нәтижелері алынған күнге дейін мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқарады.

      Олармен еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес реттеледі.

      Міндетті арнайы тексеру жүргізу кезеңінде Қазақстан Республикасының осындай азаматтарына мемлекеттік қызметшілердің міндеттері мен жауапкершілігі, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер бөлігінде осы Заңның ережелері қолданылады. Қазақстан Республикасының осындай азаматтарының құқықтары еңбек шартында айқындалады.

      Жұмысқа қабылдау мемлекеттік органның актісімен ресімделеді.

      Мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқару кезеңі мемлекеттік қызмет өтіліне қосылады.

      Міндетті арнайы тексерудің теріс нәтижесі алынған жағдайда, Қазақстан Республикасының азаматтарымен еңбек қатынастары тоқтатылады.

      5. Мемлекеттік қызмет теріс себептермен, қызметті бағалау не аттестаттау нәтижесі бойынша тоқтатылған жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік қызметті тоқтатқан және үш ай ішінде мемлекеттік қызметке қайтадан кірген Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты міндетті арнайы тексеруден өту, кірістер мен мүлік туралы декларацияны ұсыну талаптары, егер көрсетілген үш ай ішінде олар жеке және (немесе) заңды тұлғалармен еңбек қатынастарында тұрмаса, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге шықпаса, қолданылмайды.

 23-бап. Мемлекеттік лауазымдарды сыныптау және біліктілік талаптары

      1. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік лауазымдары Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес қалыптастырылады.

      2. Әкімшілік мемлекеттік қызметшілер үшін әкімшілік мемлекеттік лауазым санаттары белгіленеді. Саяси мемлекеттік қызметшілер үшін мемлекеттік лауазым санаттары белгіленбейді.

      Әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің басшы құрамы мен атқарушылық құрамының арақатынасын айқындау қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.

      3. Саяси, сайланатын және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімін уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

      4. "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары мемлекеттік орган мен оның құрылымдық бөлімшелері қызметінің негізгі бағыттары, әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық өкілеттігі ескеріле отырып әзірленеді.

      "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын мемлекеттік лауазымдарға тағайындау құқығы бар лауазымды адам (орган) әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға қойылатын үлгілік біліктілік талаптары негізінде уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша бекітеді.

      "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына қойылатын үлгілік біліктілік талаптарын уәкілетті орган бекітеді.

      "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын әзірлеу және келісу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

      5. Жекелеген саяси мемлекеттік лауазымдарға Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен біліктілік талаптары белгіленуі мүмкін.

      6. "А" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына қойылатын арнаулы біліктілік талаптарын уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

      7. Сайланатын мемлекеттік лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарын уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

      Біліктілік талаптарына сәйкестікті тиісті аумақтық сайлау комиссиясы ұсынған құжаттардың негізінде уәкілетті орган белгілейді.

      Сайланатын мемлекеттік лауазымға орналасуға үміткер Қазақстан Республикасының азаматы біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру үшін тиісті аумақтық сайлау комиссиясына қажетті құжаттарды ұсынады, олардың тізбесін уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп белгілейді.

      8. Құқық қорғау органдарындағы және азаматтық қорғау органдарындағы мемлекеттік лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.

      9. Дипломатиялық қызметтің мемлекеттік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.

 24-бап. Мемлекеттік қызметтің кадр резерві

      1. Мемлекеттік қызметтің кадр резервіне Президенттік жастар кадр резервіне, астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың өңірлік жастар кадр резервіне алынған Қазақстан Республикасының азаматтары енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының азаматтары кандидаттарды мемлекеттік қызметтің кадр резервіне алу туралы шешім шығарылған күннен бастап резервтегі адам мәртебесіне ие болады және оны Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген жағдайларда мемлекеттік қызметтің кадр резервінен шығарылған күннен бастап жоғалтады.

      2. Президенттік жастар кадр резервіне, астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың өңірлік жастар кадр резервіне алынған Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттік лауазымдарға осы Заңда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген тәртіппен конкурс өткізілмей тағайындалуы мүмкін.

      Президенттік жастар кадр резервіне алынған Қазақстан Республикасының азаматтарын тағайындау Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы уәкілетті комиссияның шешімімен Президенттік жастар кадр резервіне алынған күннен бастап үш жыл ішінде осы Заңда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген тәртіппен және шарттарда жүзеге асырылады.

      Астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың өңірлік жастар кадр резервіне алынған Қазақстан Республикасының азаматтарын тағайындау астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың өңірлік жастар кадр резервіне алынған күннен бастап екі жыл ішінде осы Заңда және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген тәртіппен және шарттарда жүзеге асырылады.

      3. Президенттік жастар кадр резервін, астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың өңірлік жастар кадр резервін қалыптастыру, мемлекеттік қызметтің кадр резервінен мемлекеттік лауазымдарға тағайындау Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен жүзеге асыралады.

 25-бап. Саяси мемлекеттік лауазымға орналасу

      1. Саяси мемлекеттік лауазымға орналасу тағайындау негізінде немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де негіздерде жүзеге асырылады.

      Саяси мемлекеттік лауазымға тағайындауды және лауазымнан босатуды өкілеттігіне сәйкес сондай құқығы бар лауазымды адам (орган) не осы өкілеттік берілген өзге де лауазымды адам (орган) жүзеге асырады.

      2. Саяси мемлекеттік лауазымға тағайындау Қазақстан Республикасының заңдарында немесе Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда осы лауазымға орналасу үшін қажетті келісуден өту шартымен жүзеге асырылады.

      Саяси мемлекеттік лауазымға кандидаттар осы лауазымға қойылатын біліктілік талаптары болған жағдайда, оларға сай болуға тиіс.

      Тағайындау алдындағы бір жыл ішінде өзінің тікелей қарамағындағы мемлекеттік қызметшінің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін орнынан түскен саяси мемлекеттік қызметшіні саяси мемлекеттік лауазымға тағайындауға жол берілмейді.

 26-бап. Мемлекеттік лауазымға сайлану

       1. Мемлекеттік лауазымға сайлану "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасының заңдарында реттелмеген бөлігінде осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

       2. Сайланған мемлекеттік қызметшінің өкілеттігі "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес оны аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады.

 27-бап. "А" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына орналасу

      1. "А" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына орналасу конкурс өткізілмей тағайындау негізінде жүзеге асырылады.

      Астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдары басшыларының, орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының астанадағы, облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы аумақтық бөлімшелері басшыларының лауазымдарын қоспағанда, "А" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына тағайындауды және лауазымнан босатуды өкілеттігіне сәйкес сондай құқығы бар лауазымды адам (орган) не осы өкілеттік берілген өзге де лауазымды адам (орган) уәкілетті комиссиямен келісу бойынша жүзеге асырады.

      "А" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына жататын, астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдары басшыларының, орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының астанадағы, облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы аумақтық бөлімшелері басшыларының лауазымдарына тағайындау уәкілетті органмен келісуден өту шартымен уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының азаматтарын "А" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына келісусіз тағайындайды және оларды лауазымдардан босатады.

      2. Қазақстан Республикасының азаматы "А" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына орналасқан кезде онымен еңбек шарты жасалады.

      "А" корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшісімен еңбек шартын жасасу, ұзарту және бұзу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

      3. Мемлекеттік лауазым "А" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына өзгертілген, "А" корпусының екі және одан көп әкімшілік мемлекеттік лауазымы "А" корпусының бір әкімшілік мемлекеттік лауазымына өзгертілген жағдайларда осы мемлекеттік лауазымға қабылдау ол өзгертілген күннен бастап үш ай ішінде осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік лауазымы "А" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына өзгертілген мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік орган оның біліктілігіне сәйкес өзге бос мемлекеттік лауазымды ұсынады.

      Бос мемлекеттік лауазым болмаған немесе мемлекеттік қызметші ұсынылған мемлекеттік лауазымнан бас тартқан жағдайда ол жұмыстан шығарылуға тиіс. Бұл ретте кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік орган төрт орташа айлық жалақы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлейді.

      Мемлекеттік лауазымы "А" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына өзгертілген мемлекеттік қызметші "А" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына өзі немесе өзге де адам қабылданғанға дейін жұмысын жалғастыруға құқылы.

      4. "А" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымы саяси, сайланатын мемлекеттік лауазымға немесе "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына өзгертілген жағдайда, осы лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік орган ол белгіленген біліктілік талаптарына сай болған жағдайда штат кестесінде көзделген өзге бос мемлекеттік лауазымды ұсынады.

      Бос мемлекеттік лауазым болмаған және (немесе) мемлекеттік қызметші ұсынылған мемлекеттік лауазымнан бас тартқан жағдайларда ол жұмыстан шығарылуға тиіс. Бұл ретте кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік орган төрт орташа айлық жалақы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлейді.

 28-бап. "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына орналасу

      1. Осы Заңда көзделген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергілікті өкілді органдар тағайындайтын жағдайларды қоспағанда, "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына орналасу конкурстық негізде жүзеге асырылады.

      "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына тағайындауды және лауазымнан шығаруды (босатуды) өкілеттігіне сәйкес сондай құқығы бар лауазымды адам (орган) не осы өкілеттік берілген өзге лауазымды адам (орган) жүзеге асырады.

      2. "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына орналасуға арналған конкурс мемлекеттік цифрлық кадр жүйесі арқылы өткізіледі.

      Уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тестілеу рәсімдерінен алдын ала өткен азаматтар конкурсқа қатысуға жіберіледі.

      "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

      Қажет болған кезде конкурс уәкілетті орган айқындаған тәртіппен өзге де тәсілдермен өткізіледі.

      Конкурс қорытындысы туралы шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті органға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.

      3. Егер "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымы үш айдан астам бос және (немесе) уақытша бос болса, адамдар осы баптың 4-тармағына сәйкес қабылданатын жағдайды қоспағанда, көрсетілген лауазымға орналасуға арналған конкурс мемлекеттік цифрлық кадр жүйесі арқылы автоматты түрде жариялануға тиіс.

      4. "Б" корпусының уақытша бос әкімшілік мемлекеттік лауазымында көзделген міндеттерді уақытша атқару үшін Қазақстан Республикасының азаматтарын конкурс өткізілмей қабылдауға жол беріледі.

      Мемлекеттік қызметші емес Қазақстан Республикасының азаматтарымен еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі және уәкілетті орган бекітетін үлгілік еңбек шартының негізінде ресімделеді.

      Еңбек қатынастары тараптардың келісімі бойынша белгіленетін, бірақ бір жылдан аспайтын кезеңге жүзеге асырылады.

       "Б" корпусының уақытша бос әкімшілік мемлекеттік лауазымын атқаратын Қазақстан Республикасының азаматтарына жұмыскерлердің құқықтары, бостандықтары мен кепілдіктері бөлігінде Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің міндеттері мен жауапкершілігі, мемлекеттік қызмет өткерумен және онда болумен байланысты шектеулер бөлігінде осы Заңның ережелері қолданылады. Осы адамдардың құқықтары еңбек шартында айқындалады.

      "Б" корпусының уақытша бос әкімшілік мемлекеттік лауазымында көзделген міндеттерді уақытша атқару кезеңі мемлекеттік қызмет өтіліне қосылады.

      5. Уәкілетті комиссияның шешімі бойынша "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына конкурс өткізілмей, мыналар қабылдануы мүмкін:

      1) қызметтегі судьялар, Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының судьялары, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары, тұрақты негізде жұмыс істейтін мәслихат депутаттары;

      2) өз өкілеттігін теріс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, өз өкілеттігін кемінде алты ай орындаған және оны тоқтатқан халықаралық қызметшілер, судьялар;

      3) уәкілетті комиссия шешім қабылдаған кезде қолданыста болатын саяси, сайланатын және әкiмшілiк мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізіліміне сәйкес лауазымдары саяси мемлекеттік лауазымдарға жатқызылған жағдайда, өз өкілеттігін теріс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, өз өкілеттігін кемінде алты ай орындаған және оны тоқтатқан саяси мемлекеттік қызметшілер;

      4) халықаралық, шетелдік немесе трансұлттық ұйымдарда, шетелдік мемлекеттік құрылымдарда кемінде соңғы бес жыл жұмыс өтілі бар адамдар;

      5) мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар және шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия айқындайтын озық шетелдік жоғары оқу орындарында докторантура бағдарламалары (PhD, бейіні бойынша доктор) бойынша оқуды аяқтаған адамдар;

      6) Президенттік жастар кадр резервіне алынған адамдар.

      6. Уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына конкурс өткізілмей, мыналар қабылдануы мүмкін:

      1) өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде "А" корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері;

      2) өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде сайланған мемлекеттік қызметшілер;

      3) сот әкімшілігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік органда және оның аумақтық бөлімшелерінде "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына – оқуды аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясында оқуын аяқтаған және біліктілік емтиханын тапсырған адамдар;

      4) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда, мәслихат аппараттарында, тексеру комиссияларында, орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінде (астана мен оның аудандарындағы жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардан, астана мәслихаты аппаратынан, тексеру комиссиясынан, орталық мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволарының астана мен оның аудандарындағы аумақтық бөлімшелерінен басқа) "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына – оқуды аяқтағаннан кейін екі жыл ішінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы білім беру ұйымдарында уәкілетті орган белгілеген мәннен төмен емес оқу нәтижесімен оқуын аяқтаған адамдар;

      5) мынадай:

      ауданның немесе облыстық маңызы бар қаланың (облыстың әкімшілік орталығы болатын облыстық маңызы бар қаладан басқа) әкімі және мәслихаты аппараттарының төменгі лауазымына;

      ауданның және облыстық маңызы бар қаланың (облыстың әкімшілік орталығы болатын облыстық маңызы бар қаладан басқа) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органының басшы емес лауазымына;

      аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының басшы емес лауазымына;

      орталық мемлекеттік орган мен оның ведомствосының аудандағы немесе облыстық маңызы бар қаладағы (облыстың әкімшілік орталығы болатын облыстық маңызы бар қаладан басқа) аумақтық бөлімшесінің басшы емес лауазымына – оқуды аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша білім беру ұйымдарында уәкілетті орган белгілеген мәннен төмен емес оқу нәтижесімен оқуын бітірген адамдар;

      6) астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың өңірлік жастар кадр резервіне алынған адамдар.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 5) және 6) тармақшаларының ережелері осы Заңның 19-бабының 5-тармағында және 20-бабының 5-тармағында аталған адамдарға қолданылмайды.

      7. Уәкілетті органмен келісу бойынша мынадай адамдарды "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына конкурс өткізілмей қабылдауға жол беріледі:

      1) орталық мемлекеттік органның дербес құрылымдық бөлімшесінің басшысы;

      2) орталық мемлекеттік орган ведомствосы басшысының орынбасары.

      8. Мемлекеттік органдардың басшылары көмекшілерінің немесе кеңесшілерінің, баспасөз хатшыларының "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына адамдарды конкурс өткізілмей қабылдауға жол беріледі.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген тәртіппен әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасқан адамдарды мемлекеттік органның ішінде кейіннен ауыстыруға жол берілмейді.

      9. "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы", "Құқық қорғау қызметі туралы", "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен келісу бойынша адамдарды "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына конкурс өткізілмей қабылдауға жол беріледі.

      10. Адамдарды "Б" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына конкурс өткізілмей қабылдауды келісу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

      Ескертпе. Осы бапта халықаралық қызметшілер деп мемлекеттік қызметші емес, қызметін халықаралық ұйымдарда жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық қызметшілер болатын Қазақстан Республикасының азаматтары танылады.

      Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 14.07.2026 № 350-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

 29-бап. Мемлекеттік органды құру кезеңінде Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмысқа қабылдау

      1. Мемлекеттік органды құру кезінде мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқару үшін Қазақстан Республикасының азаматтарын үш айдан аспайтын мерзімге жұмысқа қабылдауға жол беріледі.

      Ұзартуға болмайтын осы мерзім ішінде аталған мемлекеттік лауазымдар осы Заңға сәйкес бос болмауға тиіс.

      Мемлекеттік қызметші емес Қазақстан Республикасының осындай азаматтарымен еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.

      Мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқару кезеңінде Қазақстан Республикасының осы азаматтарына мемлекеттік қызметшілердің міндеттері мен жауапкершілігі, мемлекеттік қызметте болумен байланысты шектеулер бөлігінде осы Заңның ережелері қолданылады. Қазақстан Республикасының осы азаматтарының құқықтары еңбек шартында айқындалады.

      Жұмысқа қабылдау мемлекеттік органның актісімен ресімделеді.

      Мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқару кезеңі мемлекеттік қызмет өтіліне қосылады.

      2. "А" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарында көзделген міндеттерді уақытша атқару үшін жұмысқа қабылдау "А" корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына белгіленген арнаулы біліктілік талаптарына және осы Заңда белгіленген өзге де талаптарға сай болатын адамдардың қатарынан жүзеге асырылады.

      3. Мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқару үшін жұмысқа қабылданатын Қазақстан Республикасы азаматтарының саны мемлекеттік органның штат санының жиырма пайызынан аспауға тиіс.

      Осы тармақтың ережелері штат саны жиырма бес бірліктен кем мемлекеттік органдарға қолданылмайды.

 30-бап. Мемлекеттік қызметке кіруді ресімдеу

      1. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік қызметке кіруін ресімдеу кезінде мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.

      2. Мемлекеттік органда мемлекеттік қызметшілердің жеке істері, олардың дербес деректерін, кәсіптік қызметі туралы мәліметтерді қамтитын есепке алу құжаттары жүргізіледі. Мемлекеттік қызметшінің жеке ісін жүргізу үшін қажетті құжаттардың тізбесін уәкілетті орган айқындайды.

      Мемлекеттік қызметшілердің жеке істері мемлекеттік цифрлық кадр жүйесінде электрондық нысанда қалыптастырылады. Қажет болған кезде жеке істер қағаз түрінде қалыптастырылуы мүмкін.

      3. Персоналды басқару қызметтері (кадр қызметтері) мемлекеттік қызметшілерге қызметтік тізімді ресімдейді. Қызметтік тізімнің нысанын уәкілетті орган бекітеді.

      Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) Қазақстан Республикасының азаматы мемлекеттік қызметке қабылданған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген, ол қабылдаған шектеулерді жазбаша түрде тіркейді.

      Мемлекеттік қызметтің кадр ісін жүргізу құжаттарының үлгілік нысандарын уәкілетті орган айқындайды.

      4. Осы тармақтың үшінші бөлігінде аталған мемлекеттік қызметшіні қоспағанда, әкімшілік мемлекеттік қызметшіге оның мемлекеттік лауазымын және лауазымдық өкілеттігін растайтын құжат болатын сәйкестендіру картасы беріледі.

      Сәйкестендіру карталарының сипаттамасын, оларды беру және пайдалану тәртібін уәкілетті орган бекітеді.

      Саяси мемлекеттік қызметшіге, "А" корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшісіне, Қазақстан Республикасының Құрылтайы Аппаратының, Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппаратының әкімшілік мемлекеттік қызметшісіне оның мемлекеттік лауазымын және лауазымдық өкілеттігін растайтын құжат болатын қызметтік куәлік беріледі.

      Қызметтік куәлікті беру тәртібін, оның сипаттамасын мемлекеттік орган бекітеді.

      Қажет болған кезде осы тармақтың үшінші бөлігінде аталған мемлекеттік қызметшілерге сәйкестендіру картасы берілуі мүмкін.

      Сайланған мемлекеттік қызметшіге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оның мемлекеттік лауазымын және лауазымдық өкілеттігін растайтын тиісті қызметтік куәлік беріледі. Қажет болған кезде оған сәйкестендіру картасы берілуі мүмкін.

 6-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ ӨТКЕРУ

 31-бап. Мемлекеттік қызметшінің ант беруі

      1. Мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен ант береді.

      Мемлекеттік қызметшілер антының мәтіні Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде белгіленеді.

      2. Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің өзге де мүшелерінің, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі Басшысының, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының, Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңсесі бастығының, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшілерінің, кеңесшілерінің, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі Төрағасының, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар басшыларының, астана, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің мемлекеттік лауазымдарына алғаш рет тағайындалатын адамдарды, сондай-ақ теріс себептермен мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін осы Заңның 21-бабының 2-тармағы бірінші бөлігінің 9), 10), 11), 12), 13), 14), 15) және 16) тармақшаларында көрсетілген шектеулердің мерзімдері аяқталған соң оған қайта кіретін Қазақстан Республикасының азаматтарын қоспағанда, мемлекеттік қызметшілер бір рет ант береді.

      Ант беруден бас тарту мемлекеттік қызметті тоқтатуға алып келеді.

 32-бап. Жұмыс орны

      1. Мемлекеттік қызметшіге, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адамға еңбекті қорғау талаптарына сәйкес келетін жұмыс орны, сондай-ақ лауазымдық міндеттерін орындау үшін қажетті тиісті ұйымдастырушылық-техникалық жағдайлар қамтамасыз етіледі.

      Мемлекеттік қызметшінің, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адамның жұмыс орны мемлекеттік органнан тыс жерде белгіленген не қашықтан немесе қашықтан аралас жұмыс істеу режимін қолдану көзделген жағдайларды қоспағанда, осы органның орналасқан жері бойынша айқындалады.

      2. Мемлекеттік қызметшіні, елді мекен шегінен тыс ауыстыру жағдайларын қоспағанда, оның келісімінсіз басқа жұмыс орнына ауыстыруға жол беріледі.

      Мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметшіні, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адамды лауазымдық міндеттерін орындау үшін қажетті жабдықпен, байланыс құралдарымен, цифрлық жүйелермен және өзге де құралдармен қамтамасыз етеді.

 33-бап. Лауазымдық нұсқаулық

      1. Әкімшілік мемлекеттік қызметшінің кәсіптік қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасында мемлекеттік қызметшінің лауазымдық өкілеттігі айқындалған жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік лауазымға тағайындауға және атқаратын мемлекеттік лауазымнан босатуға уәкілеттік берілген лауазымды адам (орган) бекітетін лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.

      Әкімшілік мемлекеттік қызметші лауазымдық нұсқаулықпен танысуға міндетті.

      2. Лауазымдық нұсқаулыққа лауазымдық өкілеттік, жауаптылық, орындалуы әкімшілік мемлекеттік лауазымға жүктелетін функциялар тізбесі енгізіледі.

      Әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық нұсқаулықтарын әзірлеу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

 34-бап. Тәлімгерлік

Дата публикации
30 сентября 2026