Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны беру туралы өтінішті қалай беруге болатыны туралы.
Жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия алуға мүдделі тұлға жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға белгіленген нысан бойынша жазбаша өтініш береді.
Өтініште мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:
1) жеке тұлғалар үшін – өтініш иесінің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) тұрғылықты жері, азаматтығы, өтініш иесінің жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер;
заңды тұлғалар үшін – өтініш иесінің атауы, оның орналасқан жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер (сауда тізілімінен үзінді немесе өтініш иесінің шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын басқа да заңдастырылған құжат), басшылар туралы мәліметтер;
2) геологиялық зерттеу аумағын құрайтын блокқа (блоктарға) нұсқаулар.
Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген мәліметтерді растайтын құжаттардың көшірмелері;
2) егер тұлғаны өтініш иесі тағайындаған болса, өтініш беру кезінде өтініш иесінің атынан әрекет ететін мұндай тұлғаның өкілеттігін растайтын құжат;
3) осы Кодекстің 88-бабына сәйкес өтініш иесі әзірлеген және бекіткен жер қойнауын геологиялық зерттеу жоспары және (немесе) жерасты суларына іздестіру-бағалау жұмыстарының жобасы.
Өтініш және өтінішке қоса берілетін құжаттар қазақ және орыс тілдерінде беріледі. Өтінішке қоса берілетін, шет тілінде жасалған құжаттардың қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы қоса беріледі, олардың дұрыстығын нотариус куәландырады.
