Айтулы күнге арналды
Биылғы жыл еліміз үшін мерекелік күндерге толы. Солардың қатарында түркітанушы, ойшыл, философ Әл-Фарабидің 1150, Алтын Орданың 750, ұлы ағартушы, ақын Абай Құнанбайұлының 175, «Мен – қазақпын» деп жырлаған өршіл ақын Жұбан Молдағалиевтің 100, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл сынды айтулы мерекелер атап өтілуде. Осыған орай және Алғыс айту күніне байланысты аудандық мәдениет үйінің фойесінде «Ұлы ерлікпен келген Тәуелсіз елдің бірлігі мәңгі жасасын!» атты тыл ардагерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Алғысөзді аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев алып, жиналған қауымды мерекемен құттықтап, баршаға алғысын білдірді. Кештің қонақтары – тыл ардагері Жұмакүл Исқақова, ауыл тұрғыны Анна Мололкина, жеке кәсіпкер Үміт Ибраева, қазақтың батыр қызы М.Мәметованың бөле сіңлісі Асылғаным Хамиева, ауыл ақсақалы Әбес Темешов естеліктерімен бөліссе, ауданымыздағы өзге ұлт өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, жеке кәсіпкер Нина Дуюнова, «Надежда» ансамблінің жетекшісі Наталья Сажина, әзірбайжан қызы, қазақтың келіні Тамара Кафарова, татар қызы Райса Жұмагереева айтулы мерекеде қазақ еліне, жерлестеріне алғыстарын жеткізді. Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев қорытынды сөз сөйледі. Шара барысында күй тартылып, ән шырқалды. Кеш әйгілі «Атамекен» әнімен мәресіне жетті.
Гүлзара МӘДИ