«Адалдық алаңы» - Теректі ауданында

«Адалдық алаңы» Республикалық жобалық кеңесінің басшысы Төлеген Байғұлов, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Самет және «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңесінің басшысы Әлия Салиева бастаған мониторингтік топ жұмыс сапарымен ауданымызда болды.
Жұмыс тобы алдымен «Қазына» коворкинг орталығында болып, жастарға арналған еркін қатынас залын аралап, қызметкерлермен тілдесті. Сонымен қатар аудандық әкімдіктің ғимаратында болып, «Ашық әкімдік» залын жабдықтау бойынша өтініштерін білдіріп, әкімдік ғимаратының халыққа қызмет көрсетуге қолайлылығын тексерді. Аудан әкімінің орынбасары Армат Байғазиевпен тілдесіп, жауапты саласы бойынша мағлұматтар алды.
Сондай ақ, мониторингтік топ Федоров ауылындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтіп жатқан екі қабатты үйдің құрылыс сапасын да қарап шықты. Төлеген Зейнешұлы мердігерлермен жолығып, тұрғындармен тілдесті. Жұмыс сапасына жауапты бөлім басшысы мен мердігерлерге жөндеуді уақытылы әрі сапалы бітіруді тапсырды. Содан соң Федоров ауылдық округ әкімдігінде болып, халыққа қызмет көрсету бұрышының жұмысын қарап шықты. Округ әкімінің жеке кабинетін қарап, ауылдың ахуалы бойынша сұхбаттасты.
Жұмыс тобы Ақсуат ауылдық округіне де ат басын бұрып, әкімдіктің халыққа қызмет көрсету бұрышын тексеріп, жөдеуден өтіп жатқан мектеп ғимараты бойынша сұрақтарына жауап алды.