СЕНБІЛІК ЖӘРМЕҢКЕ ӨТТІ

СЕНБІЛІК ЖӘРМЕҢКЕ ӨТТІ

Бүгін Подстепное ауылында жәрмеңке өтті. Сенбі сайын өтетін жәрмеңкеге көзі үйренген халықтың қарасы мол болды. Жәрмеңкеде малға жем, ет пен шұжықтан бастап, кеңсе  тауарларына дейін болды.

Әсіресе, бақша салған шаруалар жәрмеңкеге өнімдерін 300-400 келіден жәшік-қаппен жеткізді. «Миронов», «Солодовников» қожалықтары, «Жайна», «Джафаров», «Беликов» ЖК қияр мен қызанақ, болгар бұрышы, картоп сияқты көкөніс пен бақша өнімдерін сатты. «Кулько» шаруашылығы мен «Әлинұр» ЖК өсірген қауын-қарбыз да өз тұтынушысын тапты. Келісі 2100 теңгеден сатылған сиыр еті пышақ үсті кетті десе де болады. «Батыров», «Мәдиев» шаруашылықтары шығарған мал азығы – арпа-жемді тұрғындар қаптап алды. Жәрмеңкеге арнайы келген «Даяна» ЖК дәптер-қаламның түр-түрін сатып, ауыл тұрғындарының мектепалды даярлықты «алыстан дорбаламай», қолжетімді бағамен қамдануына жағдай жасады.

Теректілік кәсіпкерлер бүгін Орал қаласында өткен жәрмеңкеге де өз өнімдерін шығарып, қала халқын азық-түлікпен қамтамасыз етуге үлес қосты.

Сауда орындарындағы тауардан 15 пайызға төмен бағамен, ара делдалсыз сатылған көкөніс-өнімдерді халық та сенбіні күтіп жүріп, жәрмеңкеде сатып алады.