ТЕРЕКТІДЕ – ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ

ТЕРЕКТІДЕ – ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нариман Төреғалиев, Ляззат Рысбекова және Батыс Қазақстан облысы мәслихатының хатшысы Бибігүл Қонысбаева жұмыс сапарымен Теректі ауданында болды. Халық қалаулылары күні кеше ашылған Подстепный ауылындағы спорт кешеніне бас сұқты.

160 орындық спорттық нысан Нұр-Сұлтан қаласы күні салтанатты түрде ашылып, халық игілігіне берілген еді. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в» компаниясы қаржыландырып, құрылысты «Наурыз» ЖШС жүргізген. Жобаның құны – 341 млн теңге шамасында. Айта кету керек, былтыр Теректі ауданы бойынша екі street workout алаңы, бір балалар алаңы және 8 спорт алаңы пайдалануға берілген-тұғын. Биыл да аталмыш бағыттағы жұмыстар жалғасып, бес street workout алаңы, үш спорт алаңы және 5 балалар алаңының құрылысы аяқталмақшы. Осы бағыттағы жұмыстар туралы депутаттарға аудан әкімінің орынбасары Армат Байғазиев айтып берді.

Одан кейін Сенат депутаттары Подстепный ауылының тұрғыны Т.Молбасаровтың үйіне барды. Бүгінгі таңда Талғат «Еңбек» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз қаржыға ие болып, бройлер балапандарын өсіріп отыр.

- Өз-өзін қамтимын, жеке кәсібімді дөңгелетем деген адамға қазір мүмкіндік молынан. Жеңілдетілген пайызбен несиелер бар, гранттар бар. Тек мақсатыңды айқындап, алға ұмтылу керек. Қазір мен бройлердің балапандарын өсіріп отырмын. Осы орайда аудандық әкімдіктің көмегі зор. Әрдайым байланыста болып, балапандар өсіп кеткенге дейін жағдайымды біліп тұрады. Одан кейін олардың етін өткізу бағытында да жәрдемдесеміз деп отыр. Бағдарлама арқылы грантқа ие болып, қазір күні-түні еңбектеніп жатырмыз,-дейді Талғат Молбасаров.

Халық қалаулылары Теректінің орталығына да ат басын бұрды. Орталықтан депутаттарды аудан басшысы Арман Өтеғұлов қарсылап, қош келдіңіздер айтты. Теректіде орналасқан «Қазына» коворкинг орталығына барып, бүгінгі тынысын бағамдады.

Депутаттар орталықтағы 528 жер телімін газдандыру жұмысын да көзбен көрді. Жұмыстарды «StroyGazCompany» ЖШС жүргізіп жатыр. Аудан басшысы мердігер компания өкілдерімен кездесіп, жұмыстарды мерзімінен бұрын аяқтау мәселесін назарға алуды тапсырды.

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары жұмыс сапарын Достық үйі, өңі кірген Теректідегі орталық стадион мен «Теректі» кешеніне арнайы барып, атқарылған жұмыстарға қанығумен аяқтады.