ӘКІМДЕР САЙЛАУЫНЫҢ КҮНІ АНЫҚТАЛДЫ

ӘКІМДЕР САЙЛАУЫНЫҢ КҮНІ АНЫҚТАЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылдың 25 мамыры күні «Қазақстандағы сайлау туралы» Конституциялық заңға әкімдерді сайлауды енгізу мен барлық үміткерге қарсы дауыс беруді қарастыратын түзетулерге қол қойды.

Осы түзетуге сәйкес елімізде ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Яғни, әкімді халық дауыс беру арқылы сайлайды.

Осыған орай Теректі аудандық аумақтық сайлау комиссиясы отырысы өтті. Отырысқа аудан әкімі аппараты, аудандық ішкі саясат бөлімі қызметкерлері, «Nur Otan» партиясы, БАҚ өкілдері қатысты.

Толық құрамда жиналған аудандық сайлау комиссия отырысын аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Болат Кенжеғұлов жүргізіп отырды.

Күн тәртібінде ауданның Ақжайық, Ақсуат, Подстепное және Приречный ауылдық округтер әкімдерінің сайлауын тағайындау туралы және аталмыш округтерде сайлау округтерін құру туралы шешімдер қабылдау қаралды.

«Қазақстандағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайлы Теректі аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Арсен Бисенғалиев баяндады.

Теректі ауданы әкімінің орынбасары Армат Байғазиев ауыл әкіміне үміткерлердің халықпен кездесулеріне қатысты бірқатар сұрақтарды анықтады. Әсіресе, сайлауалды кездесулер мен сайлау күні қабылданатын санитарлық-эпидемиологиялық шаралар ерекеше назарда болуы пысықталды.

Отырыс қорытындысында күн тәртібіне қойылған мәселелер бойынша шешім қабылданды. Теректі аудандық аумақтық сайлау комиссиясының №13 шешіміне сай, Қазақстан Республикасы Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Ақжайық, Ақсуат, Подстепное және Приречный ауылдық округтері әкімдерін сайлау 2021 жылғы 25 шілдеге тағайындалды. №14 шешіммен Ақжайық, Ақсуат, Подстепное және Приречный ауылдық округтерінің әкімдерін сайлау жөнінде сайлау округтері құрылып, шекарасы анықталды.