ТЕРЕКТІДЕ "ЖАСЫЛ ЕЛ" ЖАСТАР ЕҢБЕК ЖАСАҒЫНЫҢ МАУСЫМЫ АШЫЛДЫ

ТЕРЕКТІДЕ "ЖАСЫЛ ЕЛ" ЖАСТАР ЕҢБЕК ЖАСАҒЫНЫҢ МАУСЫМЫ АШЫЛДЫ

Биыл ауданымызда "Жасыл Ел" жастар еңбек жасағына ерекше көңіл бөлініп жатқандығын бірнеше мәрте айтқанбыз. Қала берді аудан көлемінде ұйымдастырылар жұмыстармен БҚО әкімі Ғали Есқалиевті таныстырып, өңір басшысы теректілік жастарға сәттілік тілеген еді.

Бүгін "Жасыл Ел" еңбек жасағының аудандық маусымының ашылуы салтанатты түрде өтті. Оған аталмыш жобаның аудан деңгейінде ұйымдастырылуына сеп болған Теректі ауданы әкімі Арман Өтеғұловтан бөлек, Батыс Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысы Дулат Имашев пен "Жасыл Ел" облыстық штабы жетекшісі Асылан Тапишев қатысты.

Соңғы үш жылда ауданымызда аталмыш жоба аясында 150 жас маусымдық жұмыспен қамтылған еді. Биыл сарбаздар саны 50-ден 100-ге дейін көтеріліп, екі бағыт бойынша жұмыстанады. Бірінші бағыт-бау-бақша бойынша Ұзынкөл, Подстепный, Долин, Ақжайық және Шаған ауылы жастары еңбектенсе, екінші бағыт-жастар лагерінің мақсаты тарихи-табиғи ескерткіштерді абаттандыру, Жайық өзені мен аудан аумағындағы орман-тоғайларды тұрмыстық қалдықтардан тазалау һәм туристік қозғалысты дамыту боп табылады. Бұл жөнінде қонақтарға Теректі аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысы, жоба ұйымдастырушысы Нұрсәуле Аткеева айтып берді.

Маусымның ашылуымен жастарды Теректі ауданы әкімі Арман Кәрімұлы құттықтады. Аудан басшысы және лагерь қатысушысы Тимур Мұратұлы "Жасыл Ел" жастар еңбек жасағының аудандық маусымына старт берді.

Құттықтау сөз сөйлеушілердің қатарында "Жасыл Ел" облыстық штаб жетекшісі Асылан Нұрланұлы мен жастар атынан Тимур Аманов болды.

Шара Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығы әншілерінің концерттік бағдарламасымен жалғасты.